Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда оныншы сынып оқушысы көлікте босанып, нәрестені жол жиегіне лақтырып кеткен

 Жамбыл  облысының  Талас ауданында оныншы сыныптың  оқушысы көлікте босанып, нәрестені жол жиегіне лақтырып кеткен. Ауыр жарақаттан жаңа туған сәбидің бас сүйегі жарылып,  бірден шетінеп кеткен. Қазір кінәлінің бірі ретінде босанған қыздың анасы қамауға алынды.

жаңа

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Шұғыл брифинг өткізген полицейлердің айтуынша, оқиға Талас ауданы, Үшарал ауылының маңында болған. Он алты жастағы қызын ерткен сол ауылдың тұрғыны көршісінің көлігін жалдап, Таразға бет алған. Ауылдан шыға бере аяғы ауыр мектеп жасындағы қыздың толғағы қысып, көлікте босанады.

Бұл сәтте жанында болған анасы көлікті тоқтатпай, жүріп бара жатқан жерінде-ақ сәбиді терезеден лақтырып кеткен. Болған оқиғадан соң баласынан безінген бойжеткен ауыр халде ауруханаға барады. Дәрігерлер бірден жаңа босанғанын біліп, полицияға хабар береді. Артынша тәртіп сақшылары Тараз-Ақкөл-Саудакент тасжолының бойынан, сәбидің өлі денесін табады. Қазір мектеп оқушысы ауруханада. Ал анасы уақытша қамау абақтысында. Шешесі полицияға берген алғашқы жауабында, “қызымның жүкті болғанын білмедім” депті.

«Мұндай қылмыстар үшін 15 пен 20 жыл аралығына дейін бас бостандығынан айырылады. Тіпті өмірбақи. Сондай-ақ, дүние мүлкі тәркіленеді»,-дейді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекші маманы Гүлчехра Зияутдинова

 

Талқылау