Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда наркодиспансерге өз аяғымен барған жігіт жұмбақ жағдайда көз жұмды

Таразда наркодиспансерге барған жігіттің өлігі табылды. Мекеме басшылығы азамат асылып қалып, өз-өзіне қол салған деп отыр. Алайда марқұмның жақындары бұған сенбейді. Олар Мадиярды наркодиспансер қызметкерлері жазым қылған деп болжайды. Оған бейнебақылау камерасындағы таспаның жоғалып кетуі себеп болып отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Таразда наркодиспансерге барған жігіт жұмбақ жағдайда көз жұмды

“Сіздерден өтінемін, көмек берңіздерші, бұл жердің бәріне жаздық, ақшаға сатылады олар”, – деп жылады ұлынан айырылған ана.

Сәуле Әменқызы айдың-күннің аманында бауыр еті баласынан айырылып қалғанын айтады. Сөзіне сенсек, полицейлер сауық кешінен шыққан ұлын психиатриялық орталыққа жеткізген. Қолда бар видеода қызметкерлер Мадияр Кенжеғұловты шешіндіріп, тексеру үстінде. Ал мамандар азаматтың ішімдік ішкенін сырттай ғана болжап, диспансерге жеткізген. Диспансерге өз аяғымен барған Мадияр арада бір сағат өткен соң көз жұмған.

“Біздің ойымыз дозировкасын көп салып, содан ұйықтап кетіп өлген сияқты. Бізге өзі қол жұмсады дейді, өзі өлгенге ұқсамайды. Егер өзіне қол жұмсағаны дәлелденсе, бізге неге видеоны көрсетпейді?” – дейді марқұмның анасы Сәуле Әменқызы.

Бір қызығы, Мадияр кірген бөлмеде камера болғанымен, дәл оқиға болған сәт видеоға жазылмай қалған. Марқұмның туыстары сондықтан да мекемедегілердің жауабына сенбей отыр.

“Камера істемей қалды дейді бір сағат бойы. Сонда бір сағат бойы камера істемегенін қалай көрмей отыр? Басқа палата жоқ мында. Мында күзетші, тағы екі медбике отырған. Олар біз көрген жоқпыз дейді”, – дейді марқұмның туысы.

“Асылып өлетіндей жағдай жоқ ол жерде. Баламды жерлеген кезде көрдік қой. Өздері укол салып өлтіріп алған. Кейін матраспен бе, бірдемемен қылқындырған сияқты”, – дейді Мадиярдың анасы.

Мадияр бақилыққа аттанған бөлмеде тағы бірнеше жігіт болған. Алайда мекемедегілер олардың аты-жөнін жасырып отырғандықтан, Мадиярдың жақындары олармен тілдесе алмай отыр. Ал диспансер басшылығы оқиғаның қалай болғанын нақты айтып бере алмады. Дегенмен, ол ұлынан айырылып қалған ананың сөзін теріске шығарып отыр.

“Қазір техниктар қарап жатыр. Камера неге өшті, кім өшірді соны анықтап жатыр. Одеялға асылып қалған. Тергеу жұмыстары біткесін сіздердің сұрақтарыңызға толық жауап береміз”, – дейді Жамбыл облыстық наркологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Кәрімова.

Айта кетейік, марқұм болған азамат өлерінен үш күн бұрын ғана сәбилі болған. Артында жұбайы мен екі баласы қалды. Өзі қалалық сотта бас маман болып жұмыс істеген. Шулы оқиғадан кейін диспансердің бес бірдей қызметкері өз еркімен жұмыстан босаған.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау