Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал режиссер “ақша бопсалады” деп айыптаған Мәдениет министрі Алматыдағы кездесуге келмей қалды

Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған шығармашылық топ кеше қолға түспейтін министрді Алматыдағы кинематографистер жиынына іздеп барды. Киноның қиын жағдай қозғалған осы басқосуда басқа да талай түйткіл ашық айтылды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

d8f29511a61470778124ef4f870

Сурет kapital.kz

Қазақ киносының премьерасы секілді ілуде бір болатын киногерлердің басқосуы бұл. Жиында Парламент құрылғалы қолына ұстап көрмеген “Кино туралы” Заңның жобасы талқылануда. Қазақ мәдениеті үшін аса маңызды жиналысты министрдің өзі жүргізуі керек болған. Бірақ ол бұл жолы да төбе көрсетпеді.

“Министрдің өзі келу керек еді, бірақ өздеріңіз білесіздер, бүгін сәрсенбі жұмыс күні. Сағат 11-де Үкіметтің отырысы бар. Ал әрбір министр Үкіметтің отырысында болу керек”, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директоры Ақтоты Райымқұлова.

Сөйтсек, Үкіметте бүгін ешқандай жиын болмаған. Соған қарағанда, министрдің кинематографистермен кездесуге келмей қалу себебі – киногер Талғат Жәнібековпен арадағы жанжал болуы мүмкін. “Феникс” атты фантастикалық фильмін түсіріп біте алмай жатқан режиссер оған Арыстанбек Мұхамедиұлын кінәлауда. Айтуынша, шенеунік киноның жарық көруі үшін конвертпен қомақы қаржы сұратыпты.

“Министр “кино түсіргің келсе кабинетіме конверт алып кіресің” деп сенімді адамынан сәлемдеме айтып жіберді. Талап еткен қаржының көлемі 100 мың доллар. Ондай ақша менде жоқ. Енді іс бітпей, сабылып жүрмін. Мәдениет министріміз біздің осындай!”, дейді режиссер Талғат Жәнібеков.

Тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ-та да прокатқа шығуы тиіс отандық киноға халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов та түсіпті. Басты рөлдердің бірін сомдаған белгілі актер “ақша бопсалады” деп айыпталып жатқан Мәдениет министрінен ақылға келуін сұрап отыр.

“Өкінішті. Өнерпаздардың қанатын қию, арманын тәрк ету. Керек десеңіз қаттырақ айтсақ қылмыс, ал жұмсағырақ айтсақ ұятты нәрсе”, – деді ҚР Халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов.

Тек министрлік өзіне шаң жуытар емес. Керісінше, абыройлы адамның арына дақ түсірді деп министрді масқара қылған режиссермен соттаспақшы.

Сөйтсек, жартылай түспей қалған кинолар ғана емес, қоржынымызда қыруар қаржы жұмсалып, бірақ өзін ақтамаған кинолар да жетіп артылады екен.

Мәселен, жылдың үздігі танылған “Шал” фильміне бюджеттен 386 млн 400 мың теңге жұмсалса, тек 73 млн теңгесі қайтқан. Ал 99 млн теңге жұмсалған “Келін” кинофильмі тек 5-ақ млн тауыпты. 2 млрд-тан артық ақша шашылған атышулы “Жау жүрек мың бала” фильмі 122 млн пайда әкелген.

Одан қалды, мемлекеттік тапсырыспен жылда миллиондаған қаржыға түсірілетін 15 шақты киноның барлығы “Қазақфильмде” шаң басып жатыр. Өйткені, елдегі 96 кинотеатрдың біреуі де оларды көрсеткісі жоқ. Ал министр мен режиссер арасындағы қып-қызыл жанжалдың әзірге немен аяқталары белгісіз. Басын бәске тіккен киногер Талғат Жәнібеков ақиқат сөзден басқа қолында басқа айғақтың жоғын айтады.

Бұған дейін Танымал режиссер Талғат Жәнібеков Мәдениет министрін “ақша бопсалады” деп айыптаған. “Феникс” фильмі авторының айтуынша, Арыстанбек Мұхамедиұлы түсірілім жұмыстарын аяқтау үшін бақандай 100 мың доллар талап етіпті. Оны тауып бере алмаған соң фантастикалық триллердің түсірілімі біржолата тоқтап, әртістері тентіреп қалды дейді режиссер.

Ал кеше министрлік бұл дауға қатысты пікір білдірген болатын.

Талқылау