Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал LOL қуыршақтары қазақстандық балалар үшін қауіпті болып шықты

ШҚО-дағы қоғамдық  денсаулық сақтау комитеті ай сайын жүргізілетін өнімдердің қауіпсіздігін бақылау барысында LOL қуыршақтарының балалар үшін қауіптілігін анықтады, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Танымал LOL қуыршақтары қазақстандық балалар үшін қауіпті болып шықты

Аталған ойыншықтардың өндірушісі қытайлық «YiliHansonTradeLogisticsCo., Ltd» компаниясы болып табылады.

«Ойыншықтардың құрамындағы фенол мен формальдегид мөлшері рұқсат етілген мөлшерден екі есе жоғары. LOL қуыршақтарының бұл топтамасы Ресей Федерациясының сәйкестікті растау жөніндегі органы берген сәйкестік сертификаты бойынша жеткізілген. Сертификаттардың бірінде бұзушылықтар болған. Аталған фертификаттарды жоққа шығару үшін әрі қарайғы тиісті шараларды жүргізуі мақсатында бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне хабарланды. Сонымен қатар Ресей Федерациясының тіркеу бойынша федералдық қызметіне де хабарланды», – делінеді хабарламада.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қауіпсіздік талаптарына сай емес өнімдерді нарықтан алып тастау бойынша шаралар жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, республика аумағында зертханалық бақылау күшейтіліп, сатушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып,  өнімді ел аумағына жеткізуші-импорттаушыларды тексеру бойынша тиісті шаралар жүргізілуде.

«Қазіргі уақытта мұндай қуыршақтар балалар арасында кеңінен танымал екені жасырын емес. Алайда олардың қауіпті болып, балаларға зиян тигізуі мүмкін екендігін естен шығармау керек. Сондықтан қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ата-аналарды ойыншық сатып алған кезде жауапкершілік танытып, сатушылардан тауардың қауіпсіздігін растайтын сәйкестік сертификатын талап етуге кеңес береді. Осыған байланысты өнімнің таңбасына, өндіруші және өнім жасалған материалдың құрамы туралы ақпараттың барына, баланың жасына байланысты шектеуге назар аударылуы тиіс», – дейді ведомстводағылар.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау