Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал асаба қазақ тойларының басты қателіктерін айтып берді

Кез-келген той иесі қуанышының естен кетпес тамаша өткенін қалайды. Алайда, той жасауда біраз кемшіліктер де кездесіп жатады.

d1Geg3GBt00

Сурет: vk.com 

Көптен күтіп, ерекше дайындалған мерекені ұйымдастыруда қандай қателіктер кездесуі мүмкін? Оны жоюдың жолдары қандай?

 Осыған орай Toibiznes.kz порталы еліміздің әр аймағындағы асабаларға төмендегі төрт сұрақты қойып, пікірлерін білді.

1) Қазіргі тойдың қандай кемшілігін атап көрсетер едіңіз? Сіздің пікіріңізше оны жоюдың жолы қандай?

 2) Қазіргі тойдың қандай артық тұсын атап көрсетер едіңіз?

3) Қазіргі тойға өзгеріс енгізу мүмкіндігін берсе не алып, не қосар едіңіз?

4) Той жасайтын адам жіберетін ең көп қателік қандай?

Елдар Серікпаев, Алматы қаласы:

1) Қателіктердің бірі – той жасайтын орын таңдау барысында кей мейрамхана ішінде үлкен колонналар көп болады. Ол залдағы қонақтар тойдан бөлек отырғандай сезінеді. Оларды ешкім көрмейді, естімейді. Оларға не әу дей алмайсың, у-шу болып, тойдың шырқы сол жерден бұзылады.

Одан кейінгі қателік – адамды абыройына қарай талдау. Мысалы, ол жерде мың бас қойы, 500 бас сиыр, 200 жылқысы бар дегендей бір қонақ отыруы мүмкін. Бірақ, оған бәрібір малшы деп қарайды. Және ол жерде кішігірім бір әкімнің орынбасары, немесе кішкене бір компанияның басшысы болады. Оған сый-құрмет ерекше болуы мүмкін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп қазақ атам айтқандай деп жатады да, кез-келген қонақтың дәрежесі тең екенін ұмытып кетіп жатады. Кей тойда абыройлы бір адам кеп қалса «Ренжімеңіздер, мына баланың коллективіндегі үлкен кісілер кеп қап еді, солар сөйлеп кетсін»- деп оны тума-туыстың, нағашылардың алдына шығарып қойып сөйлетіп жатады. Асаба не істейді, нәпақасын осы тойдан алып жатқаннан кейін ештеңе айта алмайды. Кейде қарсы өз ойын айтып жатса «әй, бала, ақшаға келдің бе, айтқанды істе!» – деп қатты айтатындар да кездеседі.

2) Қазіргі көп тойдың артық кететін тұсы деп шетелден әртіс алдыруды айтар ем. Қолыңнан кеп жатса неге шақырмасқа? Десек те, салыстыра қарасақ, шетелдікке көп көңіл бөледі де, өзімізге келгенде қазақылыққа салынып: «Ей, өзімізсіңдер ғой, түсірмейсіңдер ме бағасын?!» – дейтіндер де болады. Неге өзімізді бағаламасқа? Неге өз өнімімізді тұтынбасқа? Өзімізде де дұрыс дүниелер көп қой, ізденсе. Шетел бәрібір шетел болып қалады. Оларды кем дегенде 10 мың доллардан аса бағаға шақырады да, өзіміздің өнерпаздар 5000 сұраса «Неге сонша қымбат?» деп артық айтып жататындар да кездеседі.

3) Қазақтың кей тойларындағы кемшіліктердің бірі – үйлену тойды екі жақ бірігіп жасау. Өйткені, екі жақ құда боп жатқаннан соң бір-біріне ештеңе айта алмайды. «Сен неге сөз бермедің, анау алыстан келіп еді» деп асабаның миын жейді. Әр жақ өзіне қарай тартады. Және көп адамдар той жасаймын деп кредит алып, қарызға батып қалып жатады. Абыройын артық көрсеткісі келеді. Болашақты ойлап той жасаған дұрыс деп ойлаймын. Ең бастысы – тойда екі жастың бақытты болғаны. Кейде адамдар «ертең ел сөйлемесе екен» деп өз жағдайларын көп ойлап кетеді. Кім не айтса да, елдің сөзі екі жасқа нан болмайды. Сөйлейтін ауыз көп, бәріне қақпақ болу мүмкін емес.

4) Қазақтың тойына күнде өзгеріс еніп жатады ғой.  Әрқайсысы өзінің ерекшелігімен, тойының қайталанбас боп өтуіне тырысады. Тойға шығып өнер көрсетіп жүрген жандарға айтарым – ізденіс болса, жұмыс жасаса, бір-бірінен ұрлау дегенді қойса! Неше түрлі дүниең болса тойға сені жиі шақырады.  Ал жалпы қазақтың тойына өзгеріс енгізудің ешқандай қажеті жоқ. Қазақтың тойы той болып қала береді. Егер өзгеріс енгіз десе тойдағы тілектің қайталанбауын сұрар едім. Кей кісілер той үстінде тұрып алып, 15 минут сөйлейді. Оның орнына той иесіне жақында да, әдемі сыйлығыңды ұсынып, құлағына сыбырлап кет. Одан асқан шынайы, керемет тілек жоқ.

Асқар Әбішев, Шымкент қаласы:

1) Шымкенттіктерге қатысты: Тойды кеш бастайды. Қонақтар уақытылы келуге дағдыланбаған, той кеш басталады. Ысырап, мақтангершілік көп. Бірінен бірі асып түсуге тырысады. Салт-дəстүр əлі де Еуропадан енген үрдістерден арылмаған. Құдалық тойда сылқитып ішкізуді парыз санайды. Бесік тойда бесікке салатын əжелеріміздің кейбірі бөлеу ережесін білмейді. Кейде беташар тойында түскен ақшаны той иесі иеленеді. Ол негізі бет ашқан адамның еңбегі. Өзіміз талай алдық. Осындай кемшіліктерді жоюдың жолы дұрыс жарнама, дұрыс мəслихат, дұрыс таңдау жасау. Арнайы хабарлар, баспасөз, ғаламтор арқылы үгіт-насихат жасау.

2) Артық кететін тұсы – сол баяғы ысырапшылдық. Бірақ қазақ шашылып төгілмесе тағы болмайды, ол қанымызда бар. Кедей болса да тырысып-тырмысып, қарызға батып той жасайды. Ал кейбірі машинасын, берген сыйын көрсетіп, жұртқа жария етуді жақсы көреді. Тойға  шетел  жұлдыздарын шақырып, удай ақша беріп, өзіміздікін менсінбеу де бар.

Айдос Жеңісұлы, Алматы қаласы:

Қызды сағат 12-ге дейін шығарып салу керек деп жатады. Мұсылманда таң күн шыққаннан басталады. Асығып кей-кейде тойды ерте бітіріп тастаймыз. Сосын қазір қызды шаңырақпен алып шығу деген бар. Дұрыс шығар, бірақ түпкі мәніне үңіліп, сөздеріне мән бере бермейміз. Келесі – тойбастар жайлы. Тойбастарды той иесінің туған-туыстары өздері дайындаған. Оның ішінде әні бар, айтатын сөзі бар, арнау-жыры бар, беретін сый-сияпаты бар. Соны тойдың басында шашу ретінде таратса. Тойдың соңында керек емес, меніңше.

Той жасаған адам жіберетін қателіктер көп. Соның бірі – асырам деп ақша жағынан қиындыққа ұрынып жатады. Қымбат мейрамхана жалдайды, атақты әртістерді шақырады, көп қонақ шақырады да, той соңында қаржысы жетпей қысылып жатады. Бес жүз адамға дейін шақырып жатады. Ондай тойдың берекеті болмайды. Меніңше, ең жақын деген 100-200 адамға дейін шақырып, көңілді өткізген дұрыс. Шығын да азаяды, тойдың да берекесі болады.

Жіберіп алмаңыз:

Асаба тойда жерді жалға беруге қарсылығын өлеңмен жеткізді (видео)

Тойда билеген ер мен әйел кісі омақаса құлап күлкіге қалды (видео)

Қазақстан шоу бизнесіндегі дүркіреп атап өтілген тойлар

Талқылау