Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда мүгедектерді тегін тасымалдайтын “Мейірімді такси” қызмет етеді

Тегін такси! Бұдан әрі кез келген уақытта, кез келген жерге ешбір кедергісіз жетуге болады. Жаңа бастама  мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында қолға алынды.

ecf1803bb7f86ba53198990d7aa36775_L

Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.

Мүгедектер мәселесіне бей-жай қарай алмайтын азаматтар игі іс жайында әлеуметтік желілерге жазады. Көп кешікпей, оған еңбек етуге ниетті отандастарымыз да табыла кеткен.

Бұл не қызмет? Тиімділігі қандай? Әріптесім, Жұлдыз Байділда біліп қайтты.

Мейрамгүл Қарекенова талдықорғандық банк қызметкері.  Ал жұмыстан тыс уақытта такси жүргізушісі болып еңбек етеді. Қызметі үшін ақы талап етпейді. Бар ойы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созу.

«Мұндай акцияның барын әлеуметтік желі арқылы білдім. Көрсетілген нөмірлерге хабарласып, көмек көрсетуге келістім. Аптасына 3 рет, айына 10 шақты рет мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті жеріне жеткізіп отырамын. Бұл сондай ауыр жұмыс емес. Қайырымдылықтың бір түрі іспеттес» — ерікті Мейрамгүл Қаракенова.

Венера Туманова болса осыдан бір жарым жыл бұрын жол апатына ұшыраған. Содан бері арбаға таңылған. Бүгінде «Мейірімді такси» қызметінің тұрақты тұтынушысы. Автоеріктілердің көмегі арқылы белсенді өмірге қайта оралып, жаттығу залына баруды әдетке айналдырып жүр.

«Достарыңмен кездесуге, кейде емхана немесе дәріханаларға, бару керек болып жатады. Алғашында қоғамнан оқшауланып үйде отырушы едім. Қазіргі көзқарасым өзгерді. Осы жобаның жұмысы алға жүре берсін деп тілеймін. Себебі, біз сияқты жандарға мұндай қызметтер аса қажет» — I топтағы мүгедек Венера Туманова.

«Мейірімді такси» қызметінің кеңсесіндегі телефонға дамыл жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, тегін такси жүргізушісі болу үшін әзірге 10 шақты адам ниет танытқан.

«Біздің жобамызды жастар орталығы қолдап, бізге кеңсе берді. Мұнда сондай-ақ, мүгедектерді жұмыспен қамту мәселелері қарстырылып жатыр. Жұмысымыз енді алға жүре бастады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қаланың барлық жүргізушілерін автоерікті болуға шақырамын. Ол үшін соншалықты көп уақыт кетпейді. Керісінше, игі істеріміз арта түспек» — «Мейірімді такси» жобасының ұйымдастырушысы Елдос Баялышбаев.

Бүгінде, еліміздің кез келген қаласында инвотакси қызметі жұмыс істейді. Бірақ, оның көмегін мүгедектер тек мемлекеттік мекемелерге бару үшін ғана пайдалана алады. Бұған қоса, уақыт мөлшерінде шектеу бар. Ал «Мейірімді такси» қызметінде шекара жоқ.

Жіберіп алмаңыз:

Қазақстанда жерлеу рәсімдеріне қаржы жұмсауды заңмен шектемек

ШҚО-да жоғалып кеткен тікұшақтың апатқа ұшырағаны анықталды

Науқас емханада екі дәрігер әйелді есінен танғанша аяусыз сабап тастады (видео)

Талқылау