Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда дүкен тонамақ болған екі қыз ұсталды

Талдықорғанда қаруланған кәмілеттік жасқа толмаған екі қыз дүкенге кіріп, қоқан-лоққы жасаған. Бұл туралы Алматы облыстық Ішкі істер департаменті хабарлады.

8233040

Сурет Еркен САЛИХОВ

Пышақпен қаруланып, қолдарына кірпіш ұстаған қыздар дүкенге басып кіріп, сатушыны қорқытып ақшасын алып кетпек болған. Тонаушылық әрекет 26-шы наурыздан 27-сіне қараған түні Үйтас ықшам ауданында орын алды.

Полиция мәліметінше, күдікті екі қыздың жастары – 15 және 17-де. Екеуі де ауқатты отбасының мүшелері. Қыздар кіріп келіп, тонаушылық әрекет жасай бастағанда дүкен иесі қоймада болған. Ол екі күдіктіні ұстап, полицияға тапсырған.

“Екі қыз қылмыстық әрекетке балалық қызығушылықпен барғандарын айтты. Олар бір-бірімен әлеуметтік желі арқылы танысып, тонау әрекетін жүзеге асыруға ұзақ уақыт дайындалған. Жеке дүкенді таңдап, түн уақытында бетперде киіп келген”, – делінген хабарламада.

ҚР Қылмыстық кодексінің 192 бабы 2 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Екі күдікті қазір Талдықорған қаласындағы ішкі істер басқармасында отыр.

Талқылау