Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда әйелді қорғаған полицей ажал құшты

Талдықорғанда бейсенбі күні түнде полиция қызметкері қаза тапты. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті хабарлады.

12213812

Сурет Алматы облыстық ІІД

Баспасөз қызметінің хабарлауынша полиция қызметкерін өлтірді деген күдікпен 21 жастағы ауыл тұрғыны ұсталған. Полиция капитаны Азамат Мұртбаев маусымның 15-інен 16-ына қараған түні пышақ жарақатымен қалалық ауруханаға жеткізілген. Алайда тәртіп сақшысы жансақтау бөлімінде жатып қайтыс болды.

“Полицейдің ішіп алып тиіскен ер адамнан әйелді қорғап қайтыс болғаны белгілі болды. Мұны қылмысқа куә болған адамдар да, оның әйелі де растайды”, – деп хабарлады облыстық полиция.

Полиция бұл жағдайға кездейсоқ куә болып қалады. Қаладағы кафелердің бірінде араққа сылқия тойған ер адам әйелге дөрекі сөйлеп тиісе бастайды. Азамат Мұртбаев тентектікке салынған адамды райынан қайтармақшы болып, әйелді қорғайды. Осы кезде әлгі адам қалтасынан пышақ алып шығып, тәртіп сақшысын бірнеше жерден жарақаттап оқиға орнынан қашып кеткен.

“Бүкіл облыстық арнайы құрам мен қалалық полицияның жедел әрекетінің арқасында қысқа мерзімде күдіктінің кім екенін анықтадық. Ол Талдықорғанда уақытша тұрып жатқан Алакөл ауданының тумасы екен. Қазіргі таңда ол қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінен табылып, полиция басқармасына жеткізілді”, – деп хабарлады ІІД.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 106 бабы “адамға ауыр жарақат салып, өліміне себеп болу” негізінде сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталып кетті. Полиция басқармасы Азамат Мұртбаев 10 маусым күні 32 жасқа толғанын атап өтті дейді. Оның артында екі баласы қалған.

Жалпы, 2016 жылы Алматы облысында полиция қызметкерлеріне қыр көрсетіп, тиісу бойынша 140 дерек тіркелген.

Талқылау