Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда арнайы жасақ қызметкері тұрғын үйді жарылыстан сақтап қалды

Арнайы жасақ қызметкерлері Талдықорғанда үйдегі жарылыстың алдын алған. Полицейлер осындай ерлікке барған өздерінің әріптестерін көтермелеуді сұрап, ҚР ІІМ өтініш те жолдаған. Алматы облыстық арнайы жедел отрядтың сарбаздары көпқабатты үйдегі жарылыстың алдын алып үлгерген. Бұл туралы облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлап отыр. 1384155720_interpolitex2013part01-10

Қаңтар айының басында ішіп алып анасымен сөзге келіп қалған 30 жастағы тұрғын үйді жарып жіберемін деп қорқытқан. Ол бұл әрекетке шындап кіріспек болып, тұрғындар мен тәртіп сақшыларына газ баллоны мен сіріңке қорабын да дайындап қыр көрсеткен.

«Күдікті орналасқан пәтер төртінші қабатта болды. Егер, оның ойға алған әрекеті орындалса онда бүкіл үй апатқа ұшырауы мүмкін еді. Қалалық полиция қызметкерлері көпқабатты үйде тұратын барлық тұрғынды қауіпсіз орынға шығарды», – делінген хабарламада.

Әбден ашуға булыққан ер адаммен келіссөзге келу лайықты нәтиже бермеген. Амалдары қалмаған полицейлер пәтерге арнайы жасақ қызметкерлерінің көмегімен шабуылдап кіруге дайындалады. Шабуылды арнайы жасақ отрядының басшысы аға лейтенант Нұржан Батқалбеков басқарады. Ол көпқабатты үйдің шатырынан түсіп, терезе жағалай отырып аталған пәтерге кіріп барған.

«Пәтерге кірген кезде күдіктінің газ баллонына сіріңке сүйкеп жатқанын көрдім. Ол мені мұнда кіріп келеді деп күтпесе керек. Мен дереу оның қолындағы сіріңкені қағып жіберіп, ұстап алуға бекіндім. Сосын оны әріптестеріме ұстатып, өзім екі газ балонын пәтерден алып шықтым», – дейді Батқалбеков.

Қазіргі таңда үйді жармақшы болған күдіктінің үстінен іс қозғалып, тергеу амалдары орындалып жатыр. Ал аймақ полицейлері барша тұрғындар мен тұрғын үйді жарылып кетуден аман сақтап қалған жас офицерді ержүректілігі мен кәсіби қырағылығы үшін марапаттау қажет деп, ҚР ішкі істер министрлігіне өтініш жолдапты.

Талқылау