Тахмина Әбішеваның анасы қызын қатерлі ісік дертінен қалай емдегенін айтып берді
Аққан ауруымен ауырып, 2016 жылы Түркияға барып ота жасатқан Тахмина Әбішеваның денсаулығы жақсарып келе жатыр. Бірақ ол толығымен ауруынан айығып кету үшін әлі күнге дейін үш ай сайын анализ тапсырып, дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр. Баланың анасы Әлия Райымбекова Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне Түркияда емделудің қажеттілігін, Тахмина мен оның Амаль есімді сіңлісінің қазіргі жағдайын айтып берді.
Әбішева Тахминаның анасы Әлия Райымбекованың айтуы бойынша, олар осы айдың жиырма бесінде Түркияға анализ тапсыруға барады. Егер Тахминаға ота Қазақстанда жасалғанда, бұл процедурадан өз елімізде өтуге болатын еді. Бірақ отаны түркиялық дәрігерлер жасаған соң, Тахмина анализді де сол елде тапсыруға міндетті. Сонымен қатар, екі жыл бұрын Қазақстанда сүйек кемігін Түкиядан елге тасымалдайтын арнайы контейнер болған жоқ. Оның үстіне Түркияның дәрігерлері сүйек кемігін басқа елдегі әріптестеріне бере салмайды. Өздері оның мұқият зерттеп анализатор сараптама жасайды.
“Қазір бізде Құдайға шүкір бәрі жақсы. Жақын арада біз Түркияға донорлық жасушалардың сінісіп кеткенін тексеру үшін анализ тапсыруға барамыз. Анализді отадан кейін екі жыл көлемінде үш ай сайын тапсырып тұру керек. Екі жылымыз әлі біткен жоқ. Жолға және сол мемлекетте тұру үшін жұмсалатын қаражатты, емге қажетті ақшаны өз қалтамыздан шығарамыз. Осыған дейін біз халықтан ақша жинаған едік. Негізінен, көбісі қаржыны жинауда тұрған еш қиындық жоқ деп ойлайды. Бірақ оның өзі оңай шаруа емес. Себебі осы істі бастаған соң қайырымдылық жасаған адамдардың алдында жауапкершілікті алып жүріп, оларға есеп беріп тұру керек. Әркімнің жеке сұрақтары бар. Әр адамға қандай істің қалай жүргізіліп жатқанын баяндау қажет. Осының барлығына моральді, физикалық күш кетеді. Біріншіден, бүгінгі күні менің ақша жинаумен айналысуға уақытым да жоқ. Екіншіден, үш жыл ішінде осындай шарадан шаршап кеттім. Сондықтан қайырымды жандардан ақша жинауды бір жыл бұрын тоқтатқанбыз. Бұл шараны қайтадан бастауға дайын емеспін. Өзімнің жұмысым бар. Аллах бізде барлығы жақсы болып, осы шараларды ұмытып кетуімізге нәсіп етсін”, — дейді ол.
Әлия Райымбекованың қиын сәтте көмектескен азаматтарға, мемлекет пен қайырымдылық қорларына алғысы шексіз.
“Бізге еліміз сүйек кемігін ауыстыруға екі рет квота берді. Біздің заңымыз бойынша мемлекет сүйек кемігін ауыстырғанға ғана ақша төлейді. Ал бізге одан да көп қаржы керек еді. Қателеспесем, химиотерапияға 60 мың доллар қажет. Сондай-ақ біз Түркияда бір жарым жылдай тұрдық. Ол жерде өмір сүру үшін де ақша керек. Қазіргі күні біздің анализ тапсыруымыздың өзіне 1300 доллар жұмсалады. Анализдерді тапсырудан бөлек, дәрігерлерге тексереліміз. Дәрігерлердің әрқайсысына қаралғанымыз үшін 100-150 доллар төлейміз. Біз жиналған ақшаның барлығын емге жұмсадық. Тахминаның сауығып кетуіне ресейлік “Солнышко в ладошках”, Германияның қоры көмектесті. Аружан Саинның қоры үлкен үлесін қосты. Жүгімізді қалай жеңілдеткендерін сөзбен жеткізе алмаймын. Оларға алғысым шексіз. Намазымда, дұғамда Аллах Тағаладан оларға бізге жасаған жақсылығын қайтаруды сұраймын”, — дейді Әлия Райымбекова.
Тахминаның анасы ота мен емге нақты қанша ақшаның жұмсалғанын білмейді. Бірақ қорлардан аударылған ақшаның көп көмегі тигенін жасырмайды. Оның айтуы бойынша, қазіргі күні жақында беске толатын Тахмина Әбішеваның жағдайы жақсы. Ол басқа балалар секілді ойын ойнайды, барлығын жақсы түсінеді. Ал Тахминаға Түркияда бірінші рет ота жасатқанда сегіз айында оған донор болған Амаль есімді сіңлісі балабақша табалдырығын аттаған.
Автор: Шаймерден Айару