Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияда төбесіне ешқандай құс қонбайтын мешіт бар

Түркияның Ыстамбұл қаласында осман заманынан қалған тарихи мешіт бар. Іргесі қаланғанына төрт жүз жылдан асса да, бұл ғимараттың төбесіне ешбір құс қонбаған. Теңіз жағасындағы құс атаулы шатырына қонақтай алмағандықтан, мұнарасын айналып ұшады.

4OhT5KVLDBg

Сурет: vk.com 

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Бұл кездейсоқтық емес, о баста құрылысы осылай ойластырылған көрінеді. Ал мешіт маңайы әрқашан туристерге толы. Құлшылық үйінің құпиясымен әріптесім Самат Сүлей танысып қайтты.
Мешіт Қара теңіз бен Мәрмәр теңізінің тоғысқан тұсында тұр. 1580 жылы атақты сәулетші Мимар Синан салған. Төрт ғасырдан аса тарихы бар құлшылық үйінің қазір де жамағатқа есігі ашық. Ал шетелдік туристер үшін Ыстамбұлдағы өзіндік ерекшелігі бар ғимарат.

Ыстамбұлда шағала мен қарғаның көптігінен, ғимараттардың төбесі құстардың қиына толып қалады. Алайда, бұл қиындықтың жағалаудағы Шемси Ахмет паша мешітіне қатысы жоқ. Өйткені бір де бір қанатты оның шатырына қона алмай жүр.

Мешіттің орналасқан жері де, өзі де керемет. Тарихы таныс болғандықтан, келген сайын қызықтап қарап отырамыз. Ал басқа қаладан немесе шетелден келетін достарымды алдымен осында әкелемін. Кереметтігіне еріксіз таңғалып жатады.

Тарихи деректерге сүйенсек, мешітті Осман империясының уәзірі Шемси Ахмет паша арнайы тапсырыспен сәулетші Мимар Синанға салғызған. Уәзір, құлшылық үйінің төбесі таза болу үшін, «үстіне ешқандай құс қонбайтын болсын», деп тапсырған көрінеді.

«Сәулетші Ыстамбұлдың көптеген жерін аралап, біраз зерттеген. Нәтижесінде Мәрмәр теңізі мен Қара теңіздің тоғысқан нүктесіне тоқталып, Босфор бұғазының жағалауына салған. Өйткені бұл жерге үнемі солтүстік пен оңтүстік жақтан жел соғып тұрады. Атақты сәулетші құстардың мешіт төбесіне қона алмай, айналып өту жолын осылай тауып, уәзірді таңқалдырған екен», – дейді тарихшы Тургут Йылмаз.

«Әлемнің әр бұрышынан туристер келіп, мешіттің тарихына қанығып жатады. Тіпті, өткен жылы Нидерланды мен Жапония ғалымдары зерттеу жүргізіп,сәулетімен танысты. Алла үйінің сырты ғана емес, іші де құпияға толы. Мәселен, салынғалы бері мешіт айналасына ешқандай құрт-құмырсқа жоламаған. Сонымен қатар, сейсмикалық құбылысты хабарлап тұратын құрылғысы бар», – дейді  Шемси Ахмет мешітінің имамы Метин Айдоған.

Мешітке Шемси Ахмет паша есімі берілгенмен, халық арасында  «Kuşkonmaz», яғни «құс қонбас» деп аталып кеткен. Шетелдік ғалымдардың зерттеу қорытындысы әзірге белгісіз, дегенмен сәулетші Синанның қолынан шыққан бұл мешіт туристердің қызықтайтын орталықтарының бірегейі саналады.

Талқылау