Түркістан облысында ауыл әкімі журналисті ұрып, балағаттап, телефонын тартып алған

Түркістан облысында журналист Ләззат Асанова Киелітас аулының әкімі Полат Төребековтен таяқ жеген. Ауыл әкімі оны балағаттап, ұрып, телефонын тартып алыпты.

Ләззат Асанова

Сурет: zamana.kz

Бұл туралы журналистің өзі айтып берді, деп хабарлайды «Замана» басылымына сілтеме жасап Stan.kz.

Журналистің сөзінше, ол 3 шілдеде ауданға тағайындалған жаңа әкімді таныстыру жиынына қатысуға барған.

«Осыған орай мен журналист ретінде жиынға қатысу үшін бардым. Әлгі жиналысқа Алатау ауылдық округінің бір топ азаматтары ауылдағы жайылымдық жерге қатысты заңсыз әрекеттерді айту үшін арнайы келген екен. Екінші қабатта жиналыс өтеді деген соң әлгі азаматтар сонда барған. Осыдан кейін Төлеби аудандық әкімдігінің қызметкерлері жиналысты төртінші қабатта өткізілсін деп шешіпті де, әлгі арызданып келген азаматтарды екінші қабатта алып қалды. Ол жерден мен де шықтым. Артымнан әлгі кісілер ермегесін бұлар неге қалып қойды деп қайта кіріп едім. Барсам, әкімдіктің қызметкерлері ол кісілерді қоршап тұр екен.

«Мен бұл жерге БАҚ өкілі ретінде, осы елдің азаматы ретінде келіп тұрмын. Бұл кісілердің өз ойын айтуға құқы бар емес пе? Бұларыңыз не?» – деп едім, әлгі Киелітас ауылының әкімі маған балағат сөздер айтты. Сосын телефонымды алып, болып жатқан жағдайды «Фейс­бук» арқылы тікелей эфирмен таратпақ болып едім, Полат Төребеков телефонымды күшпен тартып алды. Онысы аздай шынтағымен кеудемнен ұрып құлатты. Еденге кафель төселген екен, басымнан соққы алдым. Телефонымды сол күйі берген жоқ», – дейді Ләззат Асанова.

Мұнан кейін бөлмеден шығып бара жатқан журналист облыс әкімі Жансейіт Түймебаевты кездестіріп қалып, болған жағдай туралы айтып берген. Өз кезегінде облыс әкімі жедел жәрдем шақыртуын сұрап, аталған жағдайдың мән-жайын анықтау үшін комиссия құруды тапсырыпты.

Артынша ауруханаға жеткізілген Ләззат Асановаға «қан қысымы бар, қанды ісік» деген диагноз қойылыпты.

«Басымды таңып тастаған. Қан ұйып қалыпты, «шприцпен» қан алып, әбігерге түсіп қалдым. Кеше ет қызуы­мен білінбеген екен, қазір кеуде тұсым, жамбасым, сол жақ құлағым ауырып, жанымды көзіме көрсетіп жатыр.

Әкімнің маған қол жұмсайтынын білсем, онда кішкене жиналып, өз-өзімді мығым ұстап тұрар едім ғой. Еш алаңсыз бол­ғасын ба, мұрттай ұшып түстім. Сол жерде тұрғандардың ешбірі әйелге қол жұмсағаның не деп араша түспеді. Есесіне әлгі әкімсымақ: «Мен кезінде боксшы болғанмын», – деп мақтанып тұр», – дейді журналист.

Ләззат Асанованың сөзінше, болған жағдайдан кейін ешкім кешірім сұрап келмеген. Тек ол әкімнен таяқ жегені туралы әлеуметтік желіге жазғаннан кейін, әкім төбе көрсетіпті.

«Қолында жаңа телефон бар. «Мынау  – сенің телефоның. Ашуыңды бас, арызыңды қайтып ал, бұдан былай бірге жұмыс істейміз», – деп келіпті. Мен оған жаңа телефон үшін соққыға жығылмағанымды айтып, өзімнің затымды тауып беруін талап еттім. «Кешір, ашумен болды, ұяттымын» деп айтатын шығар деп едім. Ондай нәрсе айтылмады. Ендеше, мен оны не үшін кешіруім керек?» – дейді Ләззат Асанова.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
17.07.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар