Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандық полицей Евгений: Балаларымды қазақша тәрбиелегім келеді

Түркістандық полицей Евгений Кульков қазақ тілін толыққанды меңгерген және қазақ балалармен бірге ойнап өскенін мақтан тұтады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

20170608171105 (1)

Ол 1986 жылы Кентау қаласындағы орыс отбасында дүниеге келген. Бала кезінде достарының бәрі қазақтар болды. Солардың әсерімен Евгений қазақ тілін таза үйреніп, тіпті ислам дінін де қабылдаған. Кішкентайынан арнайы жасақтың жауынгері болсам деп армандап, ақырында осы арманның жетегінде спортқа келіп табан тірейді. Ол дзюдо, самбо, қазақша күреспен айналысқан.

Қазіргі таңда Евгений – Түркістан қалалық ішкі істер департаменті арнайы полиция отрядының аға инспекторы. Сонымен қатар, ол облыстық ІІД мақтанышыны айналған мықты спортшы. Грепплингтен өткен Қазақстан чемпионатында 2011 жылы бірінші орын иеленген. Ал 2014 жылы қоян-қолтық жекпе-жек түрінен ел біріншілігінде екінші орынға ие болды. Ол қазақ тілін білуінің арқасында өзіне өмірлік достар тапқанын мойындайды.

“Менің келіншегім – қазақ. Мен қазақтардың ортасында өскендіктен де, жар таңдау кезінде де болашағымды осы жақтан іздедім. 10 жыл бұрын исламды қабылдадым. Сол себепті әйелім де мұсылман болса дейтінмін. Қазір Әмина есімді қызым мен Әмір есімді ұлым бар. Біз үйде қазақша сөйлесеміз және балаларымды да қазақша тәрбиелеймін”, – дейді Евгений.

Кішкентай Әмина қазір қазақ балабақшасына барып жүр. Ал үйде үнемі “Балапан” арнасы қосылып тұрады екен. Бір шаңырақ астында қазақ тілін құрметтеп, қазақша тәрбие беру – бұл қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген үлкен құрмет пен махаббат екені даусыз.

“Мен жұмыс бойынша іссапарларға шығып, жарыстарға барып тұрамын. Әсіресе, солтүстік, батыс жақтарда қазақша сөйлесем, орысша жауап береді. Егер тіл қазақтың өзіне керек болмаса, оны кім үйренеді? Бөлімдегі жалғыз орыс менмін. Мен оларға қазақ тілі арқылы өмір сүрудің әлдеқайда оңай екенін айтамын. Кей қазақтардың қазақ тілінде сөйлеуге ұялып, намыстанатыны жаныма батады”, – дейді ол.

Оқи отырыңыз:

ЭКСПО-да “Аттан, қазақ!” деп ұрандатқан Амантай қажымен шетелдіктер суретке түсіп жүр

Тек нан жеп, су ішем: ОҚО-да оқушы қыз өгей анасының ұратынын айтты

ЭКСПО: Туристерді қай елдің павильоны таңғалдырды? (фото)

Алматыда танымал кәсіпкердің ұсталуына қатысты жаңа деректер шықты

Талқылау