Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысынан шыққан емші адамдарды қоянның қанымен емдеп жүр

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында Медетбек Жолшиев Сүлейменұлы есімді елге танымал сынықшы тұрады. Ол ауыр сырқатқа шалдыққандарды жабайы қоянның қанымен, көлбар жыланмен және бақаның «желімен» емдеп, көптеген науқастарға көмектесіп жүр, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі zamana.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Түркістан облысынан шыққан емші адамдарды қоянның қанымен емдеп жүр

Науқастарды ерекше әдіспен емдеп жүрген ақсақал Сайд Юлдаш Әлидің «Мен емшімін» деген кітабынан жабайы қоянның қанымен қалай ем жасау керектігін оқып, білген. Қазірде өзінен көмек сұрап келгендерге осы кітапқа сүйеніп кеңес береді екен.

Оның айтуынша, «Мен емшімін» кітабында ауыр сырқатқа шалдыққандарға кез келген қоянның емес, тек жабайы қоянның ғана қаны ем болатындығы жазылған. Ал жабайы қоянды ұстай салысымен сол сәтте бауыздап, басын төмен ұстап тұрып науқасқа ішкізу керек екен. Дертке шалдыққан науқас қоянның қанын жылы күйінде шалқасынан жатып немесе отырып ішу керек дейді емші.

Бірақ, ақсақал бұл әдісті дәрігерден үмітін үзген жандарға айтқаным болмаса, өзім емдеп берген емеспін дейді. Бір қызығы, емшінің осы әдісін жасаған науқастар бүгінде дертінен құлан-таза айығып, жазылып кеткен көрінеді.

«Бір күні маған ауыр сыртқатқа шалдыққан жас жігіт келіп, көмек сұрады. Ауыр дертке шалдыққаны сонша, тіпті терісі сүйегіне жабысып, өңі қуарып, көздерінен нұр кеткен еді. Содан бұл дерттің емін іздеген анасы мен туыстары құр сүлдері қалған жігітті маған емдеп беріңізші деп ертіп келген екен. Сөйтіп, оларға бар білетінімді айтып, еңгей-тегжейлі түсіндіріп бердім. Кейіннен сол жігіттің сырқатынан айыққанын естідім. Сөйтсе, мен айтқандай әлгі жігітке жабайы қоянның қанын соңғы тамшысына дейін ішкізіп, шикі асқабақ берген екен. Міне, Құдайдың өзі көмектесті деген осы емес пе»,- дейді Медетбек Жолшиев ақсақал.

Ақсақалдың сөзінше, қоянның қанының емдік қасиеті бар. Емші сондай-ақ, қоянның қаны ғана емес, етінің де, тіпті жабайы қоянның нәжісінің де пайдалы екенін атап өтті.

Мәселен, қоянның құмалағын жинап, нанның арасына салып, балаға жегізсе, шыжың дертінен айығады екен. Ал қоянның еті суыққа, терісі радикулитке ем дейді емші.

Сонымен қатар, емші көкбақаның газының көмегімен қалқанша безі ауруларын емдеуде жетістікке жеткенін айтты. Ол осындай жолмен келінін де емдеп шыққан.

«Үлкен келінім босағамызды аттаған соң «зобпен» ауыратынын айтқан еді. Ол кезде қыс мезгілі  болғандықтан,  келініме көктем шыққанша күте тұр, сырқатыңды емдеп беремін дедім. Содан көктем келгенде бір су бақасын ұстап әкеліп, келінімді отырғызып қойып, көкбақаның газын ішке тартуын өтіндім. Алғашында шошып кетсе де айтқанымды екі етпеді. Содан кейін келінімнің ауырдым дегенін бір естімедік және бүгінде сәбилі болып, өз міндетін атқарып жүр»,- дейді емші.

Оның айтуынша, су бақаларында у болмайтын көрінеді.

«Су бақаларында у болмайды. Сондықтан қауіпті деуге еш негіз жоқ»,- дейді Медетбек Сүлейменұлы.

Емші сондай-ақ, су жыландарын да емдік мақсатта қолдануды үйренген. Оның айтуынша, су жыланы бастапқы кезеңдегі қатерлі ісіктердің асқынуын тоқтатуға қабілетті. Бірақ бұл үшін науқас 12 жылан жеу керек. Тек содан кейін ғана науқастың қан тамырлары тазаланып, ағзасы қалыпқа келеді екен.

Медетбек Сүлейменұлы емшілік қасиет өзіне нағашы атасынан дарыған деп есептейді. Қазіргі уақытта ақсақал қазақтың ескі наным-сенімдеріне сүйеніп, емшілік етіп, сынықшы ретінде адамдарға көмектесіп жүр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау