«Сыра королінің» көпке беймәлім сыры

Жұма, 12 Ақпан , 2016 18:18

Өз басым Тоқтар Төлешовпен екі мәрте кездесіппін. Бірақ ол кезде «кейін осылай жазамын, портреттік образын біліп алайыншы» деген ой келмепті. Бүгінде «сыра патшасының» сырын білгісі келетіндер аз емес. Төменде сол екі кездесуді тағы бір көз алдымнан өткізіп, Тоқтар Төлешовтың бейнесін, мінез-құлқын тағы бір саралап шығуға тырыстым.

10865889_875725079139520_7524845711461385194_o

Кәсіпкермен кездесуі жайлы журналист halyknews.kz басылымына жазған.

Бірінші кездесу

Ең алғашқы кездесуім кездейсоқ. Ойда-жоқта. 1992 жыл болатын. Ауылдағы досым бизнеспен айналыспақ болып, банктен кредит алыпты. Жақында ғана орталық моншаны жекешелендіріп алған. Моншада өзі не өтімді? Әрине, сыра! Бұл бизнестің шет жағасын білетінмін. Сондықтан, досыммен бірге Шымкенттегі сыра зауытына тартып кеттік.

Таңертеңгілік ерте тұрып, «Көктем» ықшамауданындағы зауытқа келдік. Сыртта Өзбекстан мен Тәжікстаннан, өзіміздің өзге өңірлерімізден келген көліктер толып тұр екен. Ана бұрышта, мына бұрышта алшаң-алшаң басқан кірпі шашты жігіттерді де көзіміз шалды. Ешқайда алаңдаған жоқпыз. Дереу «сбыт» бөліміне кіріп, шот-фактура жаздырып алдық та, кассаға ақшасын құйдық.

Сосын, тәртіп бойынша, «ГАЗ-53» ішке кіргізіп, 100 жәшік сыраны артып шықтық. Көлігіміздің қақпадан сыртқа шыққаны сол еді, еңгезердей-еңгезердей жігіттер жетіп келді. «Отметканы» кімге жасадыңдар? Ішке қалай кіріп кеттіңдер?» – дейді ентігіп. Сөйтсек, сыра алу үшін алдымен осы жігіттерге жолығуымыз керек екен. Айнала лезде топырлап қалды. Ірі-ірі жігіттер ірк-ірк етеді.

«Рұқсатсыз» кіргеніміз үшін, әп-сәтте, ішпей-жемей мойнымызға 20 мың сомды қарыз етіп жапсырды. Әр шөлмек сыраға 10 сомнан төлеуіміз керек екен. Қазір бермесек, машинамызды тауарымен қоса алып қалатын түрі бар. Былай айтамыз, көнбейді. Олай дейміз, көнбейді.

Сөйтіп тұрғанда местей дәу қарасы маған жақындап: «атың кім еді сенің?» деп сұрады. «Тоқтар!» дедім. Қараның бет-әлпеті жыбыр ете қалды. «Кім?.. Кім?.. Кім дейді?» деп, енді өзгелері сұрай бастады. «Тоқтар!» дедім таңырқай. Сол-сол-ақ екен, әлгі түксиген қабақтар жазылып, мәре-сәре болды да қалды.

«Біздің шефтің аты да Тоқтар», — деді де, дәу қара асқан бір қамқорлықпен оң қолын мойныма салып, құшақтай алды. «Тоқтар қайда? Тоқтар қайда?» — деп айналасына айқай салды. Анандай жерде тұрған ақ «Волгадан» қарасұр, қысқа бойлы жігіт ақырын басып келіп жетті. Қол алысып, амандастық. Сабырлы қалпын жоғалтпастан, қай ауылдан келгенімді сұрады. Көп тұрған жоқ. Сыпайы қоштасып, әрірек барды да, әлгі дәу қараға әлдене деп жатты.

Дәу қара шыбындаған ат секілді басын қайта-қайта шұлғып, бізге қарай көңілді түрде қадам басты. Ал Тоқтар аттасым қайтадан көлігіне мініп, зу ете қалды. «Жарайды, бауырым! Сен де Тоқтар екенсің. Осы уақытқа дейін бірінші рет бастығыммен аттас жігітті көріп тұрмын. Жарайды… 20 мың емес, 5 мың сом тастаңдар да кете беріңдер! Бірақ енді қайтып келгенде, бізден рұқсат алмай, кіруші болма. Мақсұм деп сұрасаң, мені осы жердегі жігіттердің бәрі таниды. Түсіңдер машинадан. Жүз граммен сыйлап жіберейік!» деп қояды.

Қалтадағы ақшамыз 5 мыңға азайып, соған да мәз болып, кете бардық. «Сыйға – сый, сыраға — бес мың!» дедім ызалана әзілдеп. Содан кейін, Шымкенттің сыра зауытына ат ізін салған емеспін. Арада 4-5 жыл өткенде, Тоқтардың аты күллі облысқа жайылды. Орталық стадионда ұлан-асыр сүндет той жасап, ел көрмеген байлығын шашты. Тағдырдың жазуымен мен Алматыға көштім. Тоқтардың атын оқта-текте естігенім болмаса, біртіндеп, ұмыта бастағам…
Екінші кездесу

2005 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан шағым түсті. Басшылық екі кештің арасында мені сонда жіберетін болып шешті. Жылмағайдай киінген жылтыр қара жігіт екен шағымданып келген. Әңгімесінің төркінінен мынаны ұқтым: Сарыағаш ауданынан сайлауға түскен кандидаттың жолын облыстың әкімшілік ресурсы небір қитұрқылықпен бөгеп жатқан көрінеді. Бірінші турда көп дауыс алғанымен, бюллетеньдерді бұрмалай отырып, Нұрлан Жылқышиевпен итжығыс түсіріпті. Енді екінші тур өтпек екен. Дәл сол жылғы сайлауға «Асар» партиясы да түсіп жатқан. Біздің телеарнаға билік партиясының өзге партия мен кандидаттарға жасап жатқан «әлімжеттігі» мен «қиянаттары» туралы «қаны шығып тұрған» материалдар жасау тапсырылған еді. Мынау – «құланның қасынуына – мылтықтың басуы» дөп келген оқиға! Қалай бармассың?!
Жұмыс аяқталар тұста, іссапарға шығатын қағаздарымызды қолға ұстатты. Үйге барып, жуынып-шайынып, ауыстыратын киімдерімізді алып шықпақ болғам. Әлгі зыпылдаған жігіт «ойбай, ұшақ күтіп тұр. Жүріңіздер!» деп, қап-қара «Лексусқа» мінгізіп алды да, әуежайға құстай ұшты.

Бірден екінші қабаттан түсірді де, ұшаққа мінгізіп жіберді. Таң қалдық. Өйткені, біз ұшаққа билет алатындай бұл жігітке төлқұжатымызды берген жоқ едік. Шығарып салушы жігіт жол бойы біраз нұсқаулықтар айтумен болды. Есте қалғаны мынау: «Шымкенттің әуежайынан түскесін, сіздерді төрт есікті «Нива» күтіп алады. Сол машина қонатын жерге апарады. Сосын, Сарыағашқа апаратын адамдар келіп сөйлеседі».

Көз байланған шақта Шымкенттің әуежайынан түстік. Бізді күтіп тұрған ешкім байқалмайды. Шарбақтың сыртына шыққасын, ары-бері қарап көрдім. Жан баласы жоқ. Әудем жерде төрт есікті ақ «Нива» тұр екен. Жақындап келсем, рульде орыстың шалы отыр. «Бізді күтіп тұрсыз ба?» деп сұрағам. «Сіздер журналистсіздер ме?» деп қарсы сұрақ қойды.

Не керек, іздегеніміз осы көлік екен. Қалаға келе жатқанымызда жүргізуші шалдан тіксініп қалдым. Қойған сұрақтарыма сараң ғана жауап береді. Қайда барып, кіммен жолығатынымыз туралы «ләм» демейді. «Менің міндетім – сіздерді қонатын үйге жеткізу. Басқасын білмеймін», — деп салды.

Тәуке ханның бойымен үнсіз ызғып келеміз. Сол жағында қисық көшелер көп еді. Бұрылғанда байқадым: «Третий кривойға» кіріп бара жатырмыз. Үлкен қақпа ашылды да, зәулім, екі қабатты коттедждің алдына келіп тоқтадық.

Күзетшіден басқа жан жоқ екен. Бірден үйге кіріп, жуынып-шайынып, жайғасып алдық. Шамамен 500 шаршы метрден асатын сарайда оператор екеуімізден басқа жан жоқ. Ас үйге кірсек, мұздатқышта ас-судың, ішімдік пен жеміс-жидектің 40 түрі самсап тұр! Тап бір ертегіге тап болғандаймыз. Қарынды тойдырып алып, «таңертең келемін» дедім де, Шымкенттегі достарымның үйіне кетіп қалдым.

Менің ойымша, қажет болсам әлгі кісілердің өзі телефон соғуы тиіс еді. Бірақ кешке дейін еш хабар болмады. Көз байлана бастағанда, бір досымды жаныма ертіп, әлгі коттеджге келдім. Операторым ащы суға тойып алыпты. Күзетшіге жолықтым да, ақырын басып, операторымның көзіне түспей, қайтадан кетіп қалдым. Ертеңіне кешке дейін тағы да тым-тырыс. Еш хабар жоқ. Амал жоқ, Алматыдан шығарып салған жігітке қоңырау соқтым: «Бауырым, біз қашанғы жата береміз? Адамдарың қайда?!» деп өктемдеу сөйледім.

Сол — сол-ақ екен, таныс емес нөмірден қоңырау түсті. «Вас беспокоит Андрей. Побудьте дома. Сейчас приеду», — деді де, лезде жетіп келді. «Кешкі ас ішіңіздер», — деп бәйек болып жатыр. Қаланың орталығындағы ең қымбат мейрамханаға әкелді де, небір түрлі тағамдарға тапсырыс беріп тастады. Андрейдің сөзінен ұққанымыз: сыра зауытында Тоқтар Төлешовтың кеңесшісі болып жұмыс істейді екен. Ертең таңертеңнен бастап, түсірілімді Сарыағашта бастайтын болдық.

Камера алдында әкімдік тарапынан жасалып жатқан қысымдарды «ашына жайып салатын» мұғалімдер мен дәрігерлер алдын-ала дайындалып қойыпты. Қысқасы, не керек, Сарыағашта үш күн жұмыс істедік. Бірақ Андрей сол күйі жоқ боп кетті. Оның орын басқа, бір топ кісі басты.

Ашынған мұғалімдерді де, дәрігерлерді де жазып алдық. Кешке дейін түсірілім жасаймыз да, күн бата Шымкентке келіп қондырады. Бұрынғы коттеджге апаруды қойды. Бір күн Орталық дүкенге қарсы жаңадан салынған қонақ үйде, екінші күні басқа қонақ үйде, үшінші күні бір пәтерге апарып жүрді. Сөйтсек, біздің «қорғап» жүрген кандидатымыз – Жармахан Тұяқбай мен Тоқтар Төлешовтың адамы екен!

Ең соңғы күні Сарыағашқа Тоқтар Төлешовтың өзі келді. Жанындағы нөкерінің есебі жоқ. Мініп келгені – жеке тапсырыспен жасалған «Эскалада». Ол кезде Алматыда мұндай көлікті көру мұң болатын. Сырты броньдалған. Орындықтары ақ былғарымен қапталған. Ішінде үлкен телевизор тұр. Кандидаттың штабында кездесіп, қол алыстық.

Жымия амандасты да, жағдай сұрады. «Қазір Сарыағаштан шыға берістегі кафеде түскі тамақ әзірленіп жатыр. Ішіп болғасын, жігіттер Алматыға шығарып салады. Жолдарыңыз болсын!», — деді сыпайы түрде.

Артық-ауыс сөзін, қылығын байқамадым. Түнделетіп, Шымкентке жеттік те, ары Алматы астық. Ақыры, басталғасын, оқиғаны аяғына дейін жеткізейін. Біз әкелген материал КТК жаңалықтарындағы ең маңызды топқа ілінді. Эфирден күндізгі 12.00 және 16.00 берілді. Орысша жаңалықтар да аударып, эфирден берді. Енді, түнгі және таңертеңгілік қайталануы көрсетілуі тиіс еді.

Сағат 17.00 шамасында үйге қайтып бара жатқанмын. Телефоным шыр ете қалды. Кілең 7-ден басталып, 7-ден аяқталатын сандар екен. Таң қалдым. Тұтқаны көтеріп едім: «Әй, Тоқтар деген бала сенбісің?» деді арғы жақтан кербез бір дауыс. «Иә, мен болам!» «Мен Өмірзақ деген ағаң болам. Шымкенттен…» Ауылда Өмірзақ деген шопыр ағам бар еді. «Бұл кісіге не болды екен?» деп ойланып қалғам ғой. «Сайрам ауданынан… Әметовпын!» деді ана кісі. Сол кезде барып, Сайрам ауданының әкімі есіме сап ете қалды!

Рахат Әлиевтің туысы! «Әй, бала! Сен анау Жылқышиевті телебезерден жамандап жатыр екенсің ғой? Байқа, бала! Ол біздің адам!» «Аға, ол менің жеке шаруам емес. Бастықтармен сөйлесеңіз. Ол телеарнаның тапсырмасы» дедім, ойымды жинақтап алып. Өмірзақ Әметов бастықтың қабылдау бөлмесінің телефонын жазып алды. Сарыағаш сайлауының сорақылығы жайында материал түнгі және таңертеңгі қайталаудан алынып тасталды. Арада көп ұзамай-ақ, Өмірзақ Әметов Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал мен Тоқтар Төлешов туралы қайтадан ұмыта бастаған едім…

Тоқтар Жақаш

Бған дейін кәсіпкер Шымкент қаласында апнайы операцияның кезінде ұсталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Leave a Reply

Your email address will not be published.

Орташа айырбас бағамы
22.01.17
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар