Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сынды жиі естиміз: Мәдина Әбілқасымова өзінің отставкаға кетуін талап еткендерге жауап берді

Еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова өзінің отставкаға кетуін талап еткендерге жауап берді. Астанадағы бір үйдің бес баласының қайғылы қазасынан кейін министр көпшіліктің сынына қалған еді.

Сынды жиі естиміз: Мәдина Әбілқасымова өзінің отставкаға кетуін талап еткендерге жауап берді

Сурет: primeminister.kz

Өз сөзінде Әбілқасымова еліміздегі ең күрделі мәселелер өзі басшылық ететін ведомствода шешілетінін, сондықтан жиі сынға ұшырайтындарын жасырмады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап Stan.kz.

«Ең күрделі мәселелер біздің министрлікке қарайтындықтан, сынды жиі естиміз. Ең бастысы, біз осы сыннан ой түйіп, қорытынды жасаймыз, жағдайды жақсартуға тырысамыз. Алдағы уақытта мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданады», – дейді министр.

Сондай-ақ, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі өткен аптада халықтың өмір сапасын жақсарту үшін жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Олар әлеуметтік әлсіз топтағы тұрғындарды қолдау шараларын қарастыратын болады. Бүгінде министрлік көпбалалы отбасылардан түсіп жатқан ұсыныстарды жинастыруда, дейді ол.

«Барлық ұсыныс жұмыс тобында қаралады. Жұмыс тобының кезекті отырысы осы бейсенбіде өтеді деп жоспарланды. Оған жұртшылық өкілдерін, сарапшыларды шақыру ойымыз бар. Жұмыс тобында әлеуметтік қолдауды жақсарту мен мемлекеттік қолдауға мұқтаж отбасыларды қорғауға қатысты кешенді шешімдер ұсынылады деген ойдамын.

Тиісті есептеулер дайындалып, анализ жүргізіліп жатыр, барлығы жұмыс тобына шығарылады», – дейді Мәдина Әбілқасымова.

Еске сала кетсек, Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 баласы көз жұмды: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген. Олардың ең кішісі – небәрі 11 айлық. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған.

Оқиғадан кейін қазақстандықтар Мәдина Әбілқасымованы сынап, оның отставкаға кетуін талап еткен еді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау