Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сымсыз механикалық жүрек отасы әлемде алғаш рет қазақстандық азаматқа жасалды

Алматылық Исмаил Тұрсынов сымсыз қанайналым құрылғысы орнатылған әлемдегі алғашқы адам. Оған ота 2018 жылдың 15 желтоқсанында жасалды.

Фото: Орталық коммуникация қызметі

Ота Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында Юрий Пяның жетекшілігімен өтті. Отаны Чехия, Израиль, Италия мен АҚШ-тан келген мамандар командасы жасады.

Бұл көмекші құрал жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастың қанайналымын  жақсартады. Ағзасына жасанды құрылғы жалғамай-ақ өмір сүруіне мүмкіндік береді. Алғашқы клиникалық ота Қазақстанда жасалды.

Бұл құрылғының қуаты тоқсыз жүреді. Сондықтан науқас душқа түсе алады. Денесінде ешқандай сым тағылып тұрмайды.

“Жүректің сол жақ бөлігіне арналған көмекші құрал науқас үшін ең қауіпсіз аппарат”, – дейді Юрий Пя.

Аккумулятор 8 сағат жұмыс істей алады. Осы уақытта науқас еркін жүре алады. Қуаттау кезінде науқас кеудесіне белбеу тағады. Қуаттау мерзімі көрсетіліп тұрады. Бұл жүрек ауыстыру тарихындағы өзгеріс болды.

Исмаил Тұрсынов Алматыда жүргізуші болып жұмыс істеген. Жас жігітке кардиомиопатия диагнозы (миокард ауруы жүрек қуыстарының шөгуі, систолалық дисфункцияның пайда болуы) қойылды.

“Отаға дейін Исмаил бөлмеден шыққан жоқ. Төсектен үстелге әрең жақындайтын. Тыныс алуы тарылып қалатын. Қазір екі айдан бері қыдырып, физикалық тұрғыда әрекет ете алады. Бассейнге бара алады”, – дейді дәрігер.

“Мен әлемдегі осы отаны жасаған алғашқы адам екенімді білдім. Сондықтан қорқынышты болды. Ота жасау туралы айтқанда көп ойландым. Өзге науқастардың жағдайын біліп, сұрастырдым”, – дейді ол.

Қазақстанда 150 науқас отаға мұқтаж. Алайда жоспар бойынша, FIVAD импланттау отасы бірнеше жылдан кейін ғана жасалады.

“Бұл жүйе 10 жылдан аса зерттелді. Қазір АҚШ-та жасалып жатыр. Нақты мерзімін айта алмаймын. Бірнеше жылдан соң елімізде жасалатын шығар”, – дейді дәрігер.

Бұл ота құны қымбат. Сондықтан қазақстандықтар мемлекет есебінен жасататын болады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау