Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сөзімде тұрдым": Ринат Зайытов митингіден кейін Семейге не үшін кетіп қалғанын түсіндірді (видео)

Бірер күн бұрын Алматыда халықтан тізерлеп кешірім сұрап, партия құратынын айтқан айтыскер Ринат Зайытов тұтқындалып, артынша босатылған еді. Осы жағдайдан кейін ақын көптің көзіне көрінбей кетті. Белгілі болғандай, ол Семейде жүр екен. Бәрі жақсы, алаңдамаңыздар, дейді Зайытов, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ринат Зайытов Instagram желісінде видео жариялап, онда өзінің Семейде екенін жеткізді. Басынан өткен жағдайдан кейін халыққа алғыс білдіргісі келетінін айтқан айтыскер көпшіліктен бірер күн мұрсат сұрады. 

«Ағайын, мен сіздерге басында да айтқанмын, қазір де айтамын. Мен ешқандай өзгерісті адамдардың қантөгісімен жасамаймын. Сондықтан аман-сау болыңыздар. Сіздерге айтар алғысым бар. Екі-үш күн демалып, өзіме келіп алайын», - дейді Зайытов.

 

Сонымен қатар Зайытов желідегі жазбасында бүгінде жағдайдың тыныш екенін, алайда кімнің жанашыр, кімнің арандатушы екенін түсініп келе жатқанын айтты. Өзінің де алданып қалғанын жасырмаған ол сол күні «Алматы» аренаның алдына не үшін шыққанын түсіндірді.

«Алатаудың алдына шыққан себебім халыққа «алдансам алдыларыңа шығып кешірім сұраймын» деп уәде бергенмін. Мен – қазақпын, ал қазақтың жігіттері екіжүзді болмауы керек. Сөзімде тұрдым! Сол сәттегі жағдайды пайдаланып, ары қарай мені өз ойындарына кіргізгісі келетін арсыздарға ермеймін. Халық та ермейді, ақымақ емеспіз.

Әблязовқа, Қосановқа айтарым, еркек болса елден кешірім сұрасын. Ешқашан ешкімнен ақша да, басқа да алып, елімді алдаған емеспін. Солай болып қаламын! Мен халықты өзім алданған өтірікке сендіргенім үшін айыптымын. Бар кінәм сол. Сол үшін экранның ар жағынан емес, халықтың алдында кешірім сұрадым. Ол жасағаным қылмыс емес шығар. Ұлтым үшін туғанымды өлгенше дәлелдеп өтуге дайынмын! Тек уақыт беріңіздер. Қалғанын кейін айтайын», -дейді ол.

Зайытовтың сөзінше, тұтқындалған кезде халықтың өзін полиция департаментінің алдында күтіп тұрғанын естіп, төбесінен жай түскендей болған. Ол басына күн туған сәтте өзін қорғап қалған халыққа қарыздар екенін атап өтті.

«Басыма күн туған сәтте мені халық қорғады. Осы жазбаны жазып, көзіме жас толып, жылап отырғанымды сіздер, әрине, көрмейсіздер. Ештеңе етпейді.

Мен ІІД-нің ішінде отырғанда сіздер «далада мені қорғап тұр» деп естігенде төбемнен жай түскендей болды. Жүрексіздерге жем болып жатқан жазықсыз жұртының мұңын жоғарыға жеткізе алмай жүрген жаман ұлын халық осылай сақтайды деп кім ойлаған? Рахмет сіздерге! Бәріңізге өмірлік қарыздармын! Алғысымды жеткізетін сөз таппай қиналып отырғаным-ай... Бар шаруасын ұмытып, басын бәйгеге тігіп келген сіздер нағыз батырсыздар! Бәріңізге Алланың нұры жаусын!» - дейді айтыскер.

Талқылау