Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сөз зергері Қалихан Ысқақтың өмірбаяны

Қырағы қаламгер Қалихан Ысқақ қазақ прозасының қара нары. Өр Алтайдың перзенті Қалихан Ысқақ Сайын Мұратбек, Әкім Тарази, Рамазан Тоқтар, Қабдеш Жұмаділовтермен бірге прозаға қатар келді. Көзқарастары бір құрдастарға әдеби ортадағы ағалар әзілдеп, «Бес тапал» деп ат қойған. Бойлары биік болмаса да, ойлары асқақ қаламгерлер 60 жылдары әдебиетте өз қолтаңбаларын қалыптастырды. Бүгінде Stan.kz ақпарат агенттігі қазақ әдебиетіндегі орны бөлек жазушы Қалихан Ысқақтың өмір жолын еске алады.

Сөз зергері Қалихан Ысқақтың өмірбаяны

Жазушы Қалихан Ысқақ 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан обылысы Қатон-Қарағай ауданына қарасты Топқайың ауылында дүниеге келген. Мінеки, болашақ жазушының балалық шағы осындай топ-топ қайың өскен алақандай жерде өтті. Қалихан Ысқақтың балалық шағы қиындыққа толы болды. Ол ерте есейіп, Қырмызы әпкесіне кішкентай кезінен қолқанат болып өсті. Екеуі орманға барып, отындыққа бұтақ жинап, балқарағай теретін. Ол нағашыларының қолында өскендіктен, өмірден өтер-өткенше өз бауырларын інім деп атамапты. 

«Мені өмір бақи «жиенім» деп кетті. Өйткені, бір әкеден, бір шешеден туғанымызбен кішкентай кезінде нағашы атасы мен апасы қырқынан шықпай жатып бауырына салып алған екен. Ол кісі шешемнің омырауын 7 жасқа дейін емдім деп айтып отыратын. Ал әкесі Ысқақ жылқы бағып жүріп қайтыс болыпты»,- деді Қалихан Ысқақтың туған інісі Сайлаухан Қабатаев.

Бала Қалихан кедейлікті көріп өседі. Өгізге мінісіп, ат тырмада жүрді. Оның әпкесі Қырмызы «халық жауы» болып айдалар алдында Бейімбет, Сәкен, Ілиясың кітаптарын киізге орап, үйдің іргесіне көміп кетеді. Кейін 8 сынып оқушысы Қалихан сол кітаптарды тауып алып оқиды. Ол Бейімбеттің әңгімелерін оқығаннан кейін өлең жазуды қойып кетеді. 

«Шұғаның белгісін» оқығаннан кейін балшық өлең  жазып, бекерге қор болғанша проза жазу керек  ғой деп ойлайды. Содан бастап өлеңді тастайды. 

1952 жылы Қалихан Ысқақ Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Жазғы демалыстарында Семей облыстық «Екпінді» газетінде болып, 4 курста оқып жүргенінде Тауман Амандосовтың қолдауымен «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрады. Универсиетті бітіргеннен кейін бір жыл бойы сынақ кітапшасын тапсырмай жүреді. Оны тапсырмаған соң қолына дипломды да бермейтіні белгілі. Бірақ, жазушы сынақ кітапшасында емтиханнан алған Әуезовтың қолы болғандықтан тапсырғысы келмеді.

«Қалихан, Сайын Мұратбеков үшеуімізді үш мушкетор деп атайтын. Кейін Қабдеш Жұмаділов қосылды. Шынында да, ең жақын достар болдық. Біз бір-біріміздің үйімізге қонып та қалатынбыз. Күндіз демей, түн демей бірге жүрген достар болдық»,-  дейді жазушы-драматург Әкім Тарази Қалихан туралы естеліктерінде.

Қалихан Ысқақ әр жылдары «Қазақ әдебиеті», «Халық конгресі» газеттерінде, «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында қатардағы тілші, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Жазушы поэзияны өте жоғары бағалаған. Бірақ, сол кездегі жастардың прозасына көңілі толмаған екен.

Ол үшін поэзия сөз емес еді. Жазушы «қазақ поэзиясының жаны, пірі бар» деп бұл жанрды өте жоғары бағалады. 

1965-67 жылдары Қалихан Ысқақ Мәскеудегі режиссерлер мен сценаристердің жоғарғы курсында оқиды. Және «Қазақфильмге» сценарист болып бекітіледі. Кейіннен киностудияның бас редакторы болды. Ол кезде «Қазақфильм» жылына 3 фильм түсіруі керек болатын. Бірақ, оларда бірде-бір фильм, бекітілген сценарий болмады. Сонда киностудияны кішігірім деректі фильм студиясы етіп қалдырып, 1500 қызметкердің тең жарымын қысқартатын болды. Сол кезде Қалихан Ысқақ Мәскеуден екі сценарийін бекітіп алып келіп, киностудияны сақтап қалады. Оның біреуі «Сарша тамыз» фильмінің Әліби Жангелдин отряды жөніндегі «Ұшы-қиырсыз жол» көркем фильмінің сценарийі болатын. Келесісі «Қараша қаздар қайтқанда» деген фильм болды. Одан кейін Бейімбеттің повесі бойынша Амангелді Тәжібаев «Күзет бастығы» деген фильм түсірді. 

1970 жылы Лениннің 100 жылдығына орай «Сарша тамыз», «Ұшы-қиырсыз жол» фильмдеріне қатысқан киностудия қызметкерлерінің барлығына медаль табыс етіледі. Алайда, екі фильмнің сценарийін жазған Қалихан Ысқақ бұл мараттан тыс қалады. Содан бір күні көркемөнер кеңесінде шу шығады. Шәкен Айманов келіп: «Сендер кімнің нанын жеп отырғандарыңды білесіңдер ме? Ысқақовтың нанын жеп отырсыңдар. Сөйтіп отырып, соған медальды қимайсыңдар. Неткен адамсыңдар. Сендердің тең жарымың кетіп қалатын едіңдер ғой. 800 адам қаңғып кететін еді, қайың сауып»,- деп айқайлаған. Сонан артынан Қалихан Ысқаққа қосымша медаль беретін болады, бірақ жазушы оны алудан бас тартады.

Сол тұста Жазушылар одағының шаңырағында қаншама жиналыстар болып жатты. Ал әдеби жыл қорытындылары болғанда Қалихан Ысқақ сахнаға, мінбеге көтеріліп, бетің-жүзің демей жазушылар жібермеуі керек қателіктерді жібергендерді сынға алатын. Ол өзі әдебиетте таза болғаннан кейін, сол тазалықты сақтады. 

«Не жазсаңда қазақ туралы болуы керек. Қазақтың уайымы туралы болуы керек. Өткенді айт, бүгінгі айт бәрібір»,- дейді жазушының өзі  сұхбаттардың бірінде.

1967-1972 жылдары Қалихан Ысқақ «Қазақфильм» киностудиясында Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Асқар Сүлейменов, Сайын Мұратбековтермен бірге жемісті еңбек етті. Олар бірлесе жұмыс істеп, қазақ киносына жаңа леп әкелді.

Алайда, 56 жасында Шәкен Айманов, Бегалин, Абдолла Қарсақбаев қайтыс болғаннан кейін Олжас Сүлейменов тұрып: «Енді қандай сценарий жаз бәрібір дәл қазір «Қазақфильмнен» ештеңе шықпайды» дейді. Содан жазушылар түгелімен, сол қалпымен Жазушылар одағына қайтып келеді. 

Қалихан Ысқақ 1992 жылы «Ақсу – жер жаннаты» романы үшін ҚР мемлекеттік сыйлығына ие болды. Жазушы әдеби сын, театр сыны, эссе жанрында, публицистика, саяси-әлеуметтік тақырыпта 100-ден астам мақала, очерктер жазды. Тіпті, Оралхан Бөкейдің өзі «Қалиханның тілі сондай құнарлы» деп таңғалған. Оның шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдеріне аударылды. Көркем құнары өз алдына, төгілген тіл, ішкі ырғақ ерекше болды. Қазақ әдебиетіндегі Жүсіпбек Аймауытовтың дәстүрін, осы тіл құнары жағынан да жалғастырған Қалихан Ысқақ еді. Ол өткен ғасырдың 60-70 жылдарында дара тұр. 

Жазушы аударма саласында да көп еңбек етіп, Толстойдың, Чеховтың, Тургеновтың, Куприннің, Буниннің шығармаларын тәржімалады. Нобель сыйлығына ие болған 7 драматургтің пьесарын қазақ тілінде сөйлетті. Ол аудармаға соншалықты терең мән берді, үлкен жауапкершілікпен қарады.

Қалихан Ысқақтың драматургия саласына сіңірген еңбегі де зор. Оның «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Саботаж!», «Қылкөпір», «Мазар», «Ерліктің екі сағаты», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», «Апатай», «Жөке-жөкетай», «Сайқының тұқымдары» пьесалары республикамыздың көптеген театрларында қойылды. 

Шығыс Қазақстан облысының ең бір көрікті жері – Қатон-Қарағай ауданында 643 мың шаршы метрлік Ұлттық парк. 2001 жылы бұл парктің ашылуына тікелей атсалысқан жазушы Қалиан Ысқақтың  өзі еді. Оның Алтай жерінде Ұлттық парк ашу туралы бастамасын қолдаушылар алғашында аз болды. Сонда жазушы үкіметке, Елбасына, парламентке арыз жазуға мәжбүр болды. Бес жыл арпалысты. Оған халық қаһарманы Қасым Қайсеновтен бастап Бибігүл Төлегеноваға дейін, жазушыларға да қол қойғызды. Соның барлығына Қалихан Ысқақ өзі жүгірді. 

Жазушы ойға алған мақсатына жетпей тынбайтын. Оның бұл қасиетін жақын достары мен туыстары да жақсы біледі.

«Біздің достығымыз адал достық болды. Жай ғана мақтау емес. Кейін қатарымызға Әбіш, Фариза Оңғарсынова қосылды. Біздің достығымыз таза, шығармашыл достық болды»,- деді Қалихан Ысқақтың досы, жазушы-драматург Әкім Тарази.

«Ол ғажап адам еді. Әр жыл сайын наурыздың 14 күні қонақ күтіп отыратын. Күтетін адамдары бұрынғы жазушылардың жесірлері еді. «Бұл менің жесірлерім, менің жесір жеңгелерім» деп, туған күнінде күтіп отыратын. Сондай бір топ адамды шақыратын, соның арасында болғанымызға біз де қуанатынбыз. Сонда ол кісінің бір ерекшелігі ешкімге тілек айтқызбайтын. Сол бір адам туралы қасына келіп отырып жақсы бағасын беретін, сипаттайтын, содан кейін барып осы кісінің құрметі үшін дейтін»,- дейді жазушы Ғалым Қалибекұлы. 

Қалихан Ысқақтың әңгімешілдігі, есте сақтау қабілетінің мықтылығы араласқан адамдарды таңғалдыратын. Бұрын естіп жүрген әңгімені тың әңгіме қылып айтқанда оны тыңдаған адам керемет ләззат алатын. Ал жазушы жатып, көп ештеңе жазбайтын. Өйткені, жылда келіп көргені, ағайын-жырағатпенен әңгімелескеннің өзі жазушыға көп азық, рухани азық болды. 

«Туған жер бала кезіңнен бастап, кейінгі көп нәрсенің барлығын есіңе қайтадан оралтады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл кітаптың беті сияқты. Соны қайтадан оқып шыққандай боласың. Табиғаттың ортасында отырып, қолма-қол дәл осы уақытта ештеңе жазбайсың. Сол ауылдан ұзап кетіп, елден алыстап кетіп, сағынып отырып жазамын»,- деді Қалихан Ысқақ өзі туралы берген сұхбаттардың бірінде.

Алматыда 60 жылға жуық тұрған күннің өзінде, Қалихан ағамыз өзін ешуақытта жерсінбеді. Туған ауылын қимаған жазушы өзін әлі де вокзалда тұрғандай сезінді. Содан Қалихан Ысқақ «өлсем топырақ сол жерден бұйыратын шығар» деп, өзінің туған жеріне оралып, үй салып алуды ұйғарады. «Өлсем, мені Алматыға тастап кетпеңдер, алып келіп, мына Қоңқайдың бауырына жерлеңдер» дейді.

2014 жылы қазақ әдебиеті орны толмас ауыр қазаға душар болды. 80 жасқа қараған шағында аса көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалихан Ысқақ дүние салды.

Ақтық демін алғанша қазақ әдебиетіне еңбек еткен жазушы өзінің аманаты бойынша туған жеріне жерленді. Жазушы өзі өлсе де, артына атын өшірмейтін өшпес асыл мұрасын қалдырып кетті. Оның «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Қоңыр күз еді», «Күреңсе», «Дос хикаясы» повестер жинақтары, «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты» атты романдары қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналды.

«Қалихан әдебиетіміздегі үлкен тұлға. Қалихандай қазақ тілінің қаймағын сарқып ішкен жазушы бізде сирек, тіпті жоқтың-қасы. Қалихан сияқты қазақ тілінің құдіретін, қазақтың қара тілінің мәйегін ішкен адам санаулы екенін бәрі мойындайды»,- дейді жазушы Әлібек Асқаров. 

«Қазақ тілінің құнарын, тереңдігін Қалихан шығармаларынан үйренуіне болады. Бүкіл филологтарға, журналистерге, қалам ұстап қатарға қосылам деген келешек жазушыларға, тіпті жазып жүрген жазушыларға Қалиханнан үйренетін нәрсе көп. Қалиханның кітаптарын қазақ тілінің үлкен мектебі деп айтуға болады»,- дейді ақын Ұлықбек Есдәулет. 

Жазушы Қалихан Ысқақтың туған жері Топқайыңдағы қазақ орта мектебінде шағын мұражай бар. Бұл мұражайға келген қонақтар қаламгердің өмірі мен еңбек жолы туралы мәлімет алып, жазушының шығармашылығы мен өзі ұстаған жеке заттарымен таныса алады. Сондай-ақ, болашақта жазушының Топқайыңдағы үйін мұражайға айналдыру жоспарланып отыр екен.
 

Талқылау