Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сотталған әйелдің баласы неліктен түрменің тәртібімен өсуі керек?

Сәбидің анасы қылмыскер болғанымен, баланың қандай кінәсі бар? Депутат Зағипа Балиева Мәжілістегі Үкімет сағатында осындай мәселе көтерді. Төменгі палатада түрмеден босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясы талқыланды. Бұдан былай, Қазақстанда жазаға кесілген 6 мың адамға электронды білезік тағылады.

Бұл туралы “Еуразия” арнасының жаңалықтар қызметі хабарлады.

Қазір еліміздегі колонияларда анасымен бірге 22 бала бар екен. Кінәсіз болса да, анасының айыбы үшін тумай жатып түрменің тәртібімен өсіп келеді. Зағипа Балиева  сотталған әйелдердің балалары  отбасылық  тәрбиені сезінуі үшін оларға жағдай жасауды ұсынды.

«Сәбидің анасы қылмыскер болғанымен, баланың қандай кінәсі бар? Біз  оның конституциялық құқығына нұқсан келтірудеміз және осыны нақты түсіну керек. Пробация институты мен жазаны өтеуді кейінге шегеру арқылы біздің қоғам бұл әйелдерге тиісті жағдайды жасауға дайын емес пе?! Бұл жағдайды бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырған осы әйелдер үшін емес, балалар үшін жасаған жөн болар еді», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева.

Үкімет сағатында Қалмұханбет Қасымов біраз мәселені көтерді. 10 жылдай  Әділет министрлігіне қараған түрмелерде тәртіп жоқ, бетімен кеткен.   Суық қару, есірткі саудасы етек жайған. Колония қызметкерлеріне шабуыл жасалып, ауыр қылмыстар орын алыпты. Түрмеден қашу фактілері тіркелген. Мұның сыртында діни экстремизмді, радикалзимді насихаттау тенденциясы байқалған. Қазір ішкі істер министрлігінің құрамына өткелі түзеу мекемесінің ішкі тәртібі ретке келуде дейді, министр.

«Осыған орай, шұғыл арада ұйымдастыру және тәжірибелік мәселелерді шешу қажет болды. Ең әлсізі бақылау қызметі еді. Біз оны жаңадан қайта құрдық десек те болады. Аталған қызмет қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз, көпшілігінің кәсіби деңгейі төмен, басым бөлігі қылмыскерлерден қорқа жүріп жұмыс істейтін.  Сондықтан сотталушыларды бақылау қызметі сол кездегі ішкі әскерге берілді. Қазіргі уақытта бақылау қызметі офицерлермен, сержанттармен жасақталып, жалақылары артып, әлеуметтік топтамаға ие болды», – дейді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Ал келесі жылдан бастап жазаға кесілген 6 мың адамға электронды білезік тағылады. Құрылғы Талғарда арнайы салынған зауытта дайындалуда. Нәтижесінде, түзеу мекемесінен босатылған,  пробациялық бақылауда тұрғандардың қайда жүргені, не істегені барлығы бақылауда болады.

«Біз білезіктерге ақша шығындаған жоқпыз. Ол мемлекеттік-жекешелік серіктестік есебінен жасалады. Қазіргі уақытта инвестор аталған білезіктерді шығаратын зауыт құрылысына қаржысын салуда. Біз бір жыл бойы аталған бір білезікті пайдаланған үшін шамамен 34 мың теңге төлейтін боламыз», – дейді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Министрдің сөзінше, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуға басымдық берілуде. Шағын және орта бизнес субьектілерінде 3 мыңдай адам еңбекпен қамтылған. Бұдан бөлек, қамауда отырған 34 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алып,  колонияда жеке бизнесін іске қосқан.

Жіберіп алмаңыз:

Ауылдық жерлердің сапалы интернетпен қашан қамтамасыз етілетіні белгілі болды

Қостанайда көшеде тыржаңалаш жүрген бойжеткен іздестіріліп жатыр

Қазақ қызы құрбысының алдауына түсіп, Түркияда сексуалдық құлдыққа түскен

Бағдат Мусин Алматыдағы iPhone жасайтын жасырын цех туралы: Бұл керемет емес пе!

Талқылау