Сопылық поэзияның негізін салушы Қожа Ахмет Яссауидің өмірбаяны

Stan.kz ақпараттық агенттігі сопылық бағытты түркілік дәстүрде дәріптеген ұлы ақын, қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орын алған ғұлама Қожа Ахмет Яссауи жайлы мәлімет ұсынады.

Сопылық поэзияның негізін салушы Қожа Ахмет Яссауидің өмірбаяны

Қожа Ахмет түркілерге иманды, исламды ғана қайтарып қойған жоқ, сондай-ақ түркінің көнеден келе жатқан мәдениетін, тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін түгелімен қалпына келтіруге мүмкіндік берген тұлға. Халық арасында Әзірет Сұлтан деп танылған түркістандық әулие сопылық поэзияның іргетасын қалаған ұлы ойшыл. Ол күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған діни қайраткер.

Ұлы ақынның шын есімі Ахмет. Кейін мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай есімінің алдына Қожа сөзі қосылып, Қожа Ахмет аталып кетті. Сондай-ақ, есіміндегі Яссауи сөзі ақынның қай жерден шыққандығын білдіреді. Бірақ, Ясы қаласы оның кіндік қаны тамған өлкесі емес, өскен жері. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы.

Қожа Ахметтің арғы аталары қожалар. Әкесі Ибраһим Сайрамда аты даңққа бөленген Әзірет Әлінің ұрпағы. Шейх Ибраһим мұсылманша сауат алған, сөз қадірін білетін білімді адам болған. Ал, анасының есімі Айша. Көпшілікке Қарашаш ана деп танылған Айша атақты Мұса шейхтың қызы. Қожа Ахметтің өз жұрты мен нағашылары да беделді адамдар болған. Нағашы атасы Мұса шейх та Сайрамда әулиелігімен танылған білімді адам. Болашақ пәлсафашы жастай жетім қалып, қиыншылықтың тауқыметін тартады. Ахмет Яссауи бала кезінде аталас туысы Арыстан Бабтан тәрбие алады. Арыстан Баб бала Ахметтің тәрбиешісі, басты ұстазы болды.

Тәлімгері өмірден озғаннан кейін Ахмет 17 жасында Ясы қаласына келеді. Ясыға келген Ахмет сол кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Осылайша, Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне қызығушық танытып, ден қояды. Кейбір деректерде ұлы ойшылдың Ибраһим есімді ұлы мен Гауhар Хошназ есімді қызы болғаны айтылады. Атақты пәлсафашының ұрпағы да негізінен қызынан тарайды деп көрсетілген.

Кейін Ахмет өзінің басты ұстазы болған Арыстан бабтың ұлы Мансұр атаға ұстаздық етеді. Сондай-ақ, Қожа Ахметтің Сайид Ата Хорезми, Сүлеймен Бақырғани, Мұхаммед Данышменди, Садр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде есімді шәкірттері болған. Кейбір деректерде оның Шопан Ата Зеңгі Баба атты шәкірттері болғандығы айтылады. Ахмет өмір сүрген замандағы сопылардың өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Мәуераннахр және Хорасан сопылары мен түркі шейхтарының барлығы Қожа Ахметтің шәкірттері, оның тарихатының шейхтары делінген.

Кейін Қожа Ахмет Бұқара қаласында Жүсіп Хамадидің діни медресесінде оқиды. Оны тәмамдаған соң туған шаһары Түркістанға оралады. Сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап Түркістанға оралған Қожа Ахмет ұстазы Арыстан Баб қалап кеткен дәстүрді жалғастырады.

Аңыздарда Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы және рухани тәлімгері Арыстан Баб болған делінеді. Арыстан Баб өлер алдында шәкірті Ахметке бірнеше ғасыр сақталған құрманың сүйегін аманат етіп тапсырып кеткен. Аңыз бойынша, Арыстан Баб Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбардың үзеңгілесі болған. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) және оның серіктестері отырып құрма жеген екен. Сонда жемістің біреуі үнемі табақтан домалап кете беріпті. Сол кезде пайғамбарға «Бұл құрма сендерден кейін 400 жыл өткен соң дүниеге келетін Ахмет есімді мұсылманға арналады» деген аян келеді. Бұл аянды естіген Пайғамбар (с.ғ.с.) серіктестерінен әлгі құрманы болашақ иесіне кімнің бере алатынын сұраған екен. Бірақ, ешкім үн қатпапты. Пайғамбар өз сұрағын қайталағанда Арыстан-Баб: «Егер сіз Алладан 400 жыл өмір сұрасаңыз, онда мен құрманы иесіне берейін» деп жауап береді. Халық аңыздары мен жазбаша дереккөздер бойынша 400 жыл өткеннен кейін Арыстан-Баб Қожа Ахмет Яссауидің тәлімгері болады және шын мәнінде оған құрманың сүйегін берген.

Қожа Ахмет Яссауи 63 жасынан бастап, Мұхаммед пайғамбардың жасына келгенде қалған өмірін қылуетте өткізеді. Пайғамбар жасына жеткен әулие бұдан артықтың қажеті жоқ деп, өмірінің соңын жер астында өткізуге бел буады. Ол, ешкім Мұхаммед пайғамбардан жоғары бола алмайды деп, ислам ілімін ұстанған сопы ретінде күннің көзін көрмей, өзін жертөлеге қараңғы қапасқа қамайды.

Қожа Ахмет Яссауи әулие секілді жерленген. Ол Орталық Азиядағы барлық түркі халықтарының әулиесі болып саналады. Қарахан әулетінің тапсырмасы бойынша оның қабірінде көтерілген мазар жоңғар шапқыншылығы кезінде жойылды. Ал оның қайтыс болғанына 223 жыл өткен соң, Әмір Темірдің жеке тапсырмасымен, сондай-ақ оның дала көшпелілерінің арасында өз позициясын нығайтуға бағытталған саяси қадамы ретінде мазардың үстінен «Әзірет Сұлтан» кесенесі тұрғызылды. Күмбез құрылысы 1396 жылы Әмір Темір Алтын Орда ханы Тоқтамыс ханды жеңгеннен кейін бірден басталып кетті.

Қожа Ахмет Яссауидің қаншы жыл ғұмыр кешкені жайлы бірнеше деректер бар. Бір деректерде 73 жыл делінсе, тағы бірінде 85 жыл өмір сүрген деп көрсетілген. Ал, Жүсіпбек Аймауытов ақынның 149 хикметіне сүйеніп, Яссауиді 125 жас жасаған дейді.

Исламды тек араб тілінде ғана тану керек деген қағидаға қарсы шыққан Ахмет Яссауи сопылық ілімді түркі тілінде жүргізіп, таратқан. Осылайша, ол алғаш болып сопылық ілімнің түркілік дәстүріне жол салды.

Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен төрт тармақты өлеңмен жазылған көлемді шығармасы «Диуани Хикмет». Қазақшада «Даналық кітабы» болатын еңбек көне түркі тілінде жазылған. Алайда, туындының түпнұсқасы біздің заманымызға жетпеген. Бізге тек 15-16 ғасырлардағы көшірмесі ғана жеткен. Төрт тармақты өлеңмен жазылған шығармада Қожа Ахмет өзінің бала күнінен, пайғамбар жасына дейінгі өмір жолын баяндайды. Тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын қағазға түсірген. Бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынап, бұл фәнидің жалғандығын білдірді.

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Загрузка...
Орташа айырбас бағамы
13.12.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Соңғы жаңалықтар