Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстікте белгісіз әйелдер тек зейнеткерлерді тонаумен келеді

Еліміздің солтүстігінде бір тиынсыз қалдық деп зейнеткерлер шулап жатыр. Тек зейнеттегі қарттардың ғана бар жиған тергенін алып кететін алаяқтық топ пайда болған. Бірақ, оларды ешкім қолға түсіре алмай жүр. Алдап-арбау әдісі қарапайым. Өздерін әкімдік қызметкеріміз деп таныстырып, бүгіннен бастап купюра ауысты. Сіздердегі ескі теңге енді жарамсыз, орнына қолданыстағы жаңа ақшаны ауыстырып беруге келдік деп қатырып кетеді екен.

img-20150916163053-771

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Анна Поротикованың сөзінше, үйіне келген екі келіншек өздерін қалалық әкімдіктің әлеуметтік қызметкерлері ретінде таныстырыпты. Зейнеткерге жинаған ескі купюрларды дереу тапсыру қажеттігін айтқан. Ескі қаржының орнына жаңадан қолданысқа енген ақшаны беретіндерін айтып, “басшылық жағдайыңызды ойлап бізді үйіңізге жіберді”- депті. Осылайша сеніміме кірген соң, 350 мың теңгемді жалған ақшаға ауыстырып алып кетті дейді.

«Айналымға жаңа ақша енгендіктен, сізге жаңасын береміз, ескілерін тапсырамыз деп айтты. Мен көршілеріме көрсетпекші болдым. Алайда мені тонап кетуі мүмкін екенін айтып, ешкімге тіс жармауды сұрады. Ал ақшалардың жалған болғанын кешке ұлым жұмыстан келгенде айтты»,- дейді жәбірленуші Анна Поротикова.

Тура осыған ұқсас жағдайда, белгісіз ібреулер тағы бір кейуананы жиып отырған ақшасынан айырған. Мұнда да дәлме-дәл алғашқысындағыдай тәсіл арқылы 140 мың теңгені жалған ақшаға айырбастап тайып тұрыпты. Ал құқық қорғаушылар барлығы қаржысынан айырылған 11 зейнеткерден шағым келіп түскенін айтады. Алайда қарияларды алдағандарды қолға түсіру оңайға соқпай тұр дейді.

«Облыс тұрғындарын өте сақ болуға шақырамыз. Әсіресе, жақындары үйіндегі қарт адамдардың бөгде біреулерге сенбеуін айтып түсіндіргендері жөн. Өйткені алаяқтардың арбауына оп-оңай түсіп кетуге болады. Олар тіпті, жалған құжаттармен келуі мүмкін»,- дейді СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Сағындық Жантеміров.

Құқық қорғаушылар, зейнеткерлерді алдаған адамдардың өздерін кәсіби түрде, еркін ұстағандарын айтады. Сондықтан бұрындары да алаяқтығы үшін істі болған күдіктілер бірінші кезекте іздестіріліп, тергеліп жатыр дейді.

Талқылау