Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Кореяда тұтқында өткен 40 жыл: Америкалық қашқынның оқиғасы (фото)

Вьетнамда соғыспас үшін Солтүстік Кореяға қашып, Пхеньянда 40 жыл бойы тұтқында болған америкалық әскери қызметкер қайтыс болды, деп хабарлайды ВВС басылымына сілтеп Stan.kz.

2004 жылы тұтқыннан босталығна 77 жастағы Чарльз Дженкинс отбасымен бірге Жапонияға көшіп келген.

Ол басқа да 4 жауынгермен бірге Оңтүстік Кореядан ҚХДР-ға қашқан. Қашқындар насихат бағытындағы фильмге түскеннен кейін, танымал болған. Алайда жауынгерлердің ішінен тек Дженкинс тұтқыннан босай алыпты.

Қалған жауынгерлер Солтүстік Кореяда қайтыс болған екен. Олардың қатарында 2016 жылы жүрек талмасынан көз жұмған Джеймс Дреснок бар.

Чарльз Дженкинс 11 желтоқсанда Садо аралында қайтыс болған. Ол жерде әйелі Хитоми Согамен бірге тұрған екен.

Жапониялық БАҚ хабарлауынша, ер адам өз үйінің маңында құлап қалып, ауруханаға жеткізілген. Дженкинс жүрек жетіспеушілігі салдарынан ауруханада қайтыс болды.

Дженкинстің жесірі ол үшін күйеуінің өлімі күтпеген жайт болғанын айтқан. Ол қазір өзіне келе алмай жүр екен.

Құрдымға кеткен жоспар

Дженкинстің Солтүстік Кореядағы өмірі өте ауыр болған. Ол өзінің өмірі туралы мемуарлары мен көптеген сұхбаттарында айтып берді.

1965 жылы АҚШ әскерінің сержанты Оңтүстік Кореяның қарусыздандырылған аумағында әскери борышын өтеп жүрген. Ол өзін Вьетнамдағы соғысқа жібереді не өлтіреді деп қауіптенгендіктен, әскери бөлімшені тастап, шекара арқылы қашуды ұйғарады.

Ол ҚХДР-дағы кеңес елшілігі өз панасына алады деп үміттенген. Ал тұтқындалғандарды алмастыру кезінде Америкаға оралмақ болыпты.

Қаңтар айының кешінде Дженкинс бірнеше құты сыра ішіп, қарусыздандырылған аумақтан қашып кеткен. Ол шекарадан өтіп, солтүстік кореялық әскерге беріліпті. Ол кезде Дженкинс 24 жаста болған екен.

Алайда кеңес елшілігі Дженкинс пен басқа да америкалық қашқындарды өз панасына алудан бас тартыпты. Оның орнына жауынгерлер Солтүстік Корея тұтқынына түскен.

«Ол шешімді есіме алсам, өзімнің ақымақ болғанымды ғана айта аламын. Көктегі Құдай мені осы сынақтардан өткізді», – дейді Дженкинс 2005 жылы Си-би-эс телерадио желісіне берген сұхбатында.

Тұтқындағы жауынгерлерді Ким Ир Сеннің ілімін оқуға, аударма жұмысымен айналысып, ағылышын тілінен сабақ беруге мәжбүрлеген. Сонымен қатар солтүстік кореялық насихат фильмдерінде Батыстық залымдардың рөлін ойнап, жергілікті халық ішінде танымалдыққа ие болған.

Дженкинстің өзі түрмеде отырмаған екен. Оның Пхеньянда өз пәтер болыпты. Бірақ оған Солтүстік Корея аумағынан шығуға тыйым салынған.

Дженкинс тұтқында болған кезінде өзін ұрып-соғып, ауыр медициналық процедуралар жасағанын айтқан. Мысалы, америкалық татуировканы анестезиясыз жойған екен. Дженкинстің сөзінше, ол тозақпен тең болыпты.

Тұтқындағы жауынгердің өміріндегі жарық сәуле Хитоми Сога болған. Солтүстік Кореядағы жансыздарды жапон тіліне үйрету үшін, жас қызды Жапониядан ұрлап кеткен екен.

1980 жылы оны Дженкинстің жанынан ауыстырған. Ал екі аптадан соң оларды мәжбүрлі түрде үйлендіріпті. Десе де екі ұлттың өкілін дұшпанына деген өшпенділік ортақтастырды. Осы себепті уақыт өте келе бірін-бір жақсы көріп кеткен екен.

«Мен былай айтар едім: бірде оған қарадым да, кеудемдегі кекті ұмыта бастадым», – дейді Дженкинс Си-би-эс телерадио желісіне берген сұхбатында.

Дженкинс өз мемуарларында күн сайын ұйқыға жатар алдында Хитомиге «оясуми», яғни жапон тілінде «қайырлы түн» тілейтінін еске алған. Ал әйелі үнемі ағылшын тілінде жауап беріпті.

«Өзіміздің кім екенімізді  және қайдан келгенімізді ұмытып қалмас үшін осылай жасадық», – дейді Дженкинс.

Ерлі-зайыптылардың Мика және Бринда есімді екі қызы дүниеге келген. Дженкинстің сөзінше, қарапайым тұтқындарға қарағанда, шетелдік тұтқындарға жақсы қараған екен. Тіпті 1990 жылы Солтүстік Кореяда аштық болғанда, олар үнемі тамақпен қамтамасыз етіліп отырыпты.

2002 жылы жапониялық билікпен келіссөз жүргізгеннен кейін Хитоми еліне оралған. Екі жылдан кейін Пхеньян Дженкинс пен оның екі қызын босатыпты.

Отбасының қосылуы Жапония БАҚ-ның бақылауында болған. Ол жерде бұрынғы тұтқындарға ерекше сүйіспеншілікпен қараған екен.

Жапонияда Дженкинс америкалық әскерилерге беріледі. Әскерден қашқан 40 жылдан кейін ол АҚШ сотына тапсырылады.

Дженкинске 30 күндік бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сонымен қатар барлық құқықтары мен дәрежесінен айырылған.

Отбасы Хитомидің туған жері Садо аралына көшіп барған. Ол жақта Дженкинс жұмыс тауып, ойын-сауық саябағында туристерді күтіп алумен айналысқан.

Алайда Дженкинске бостандықтағы өмірге, заманауи тіршілікке дағдылану қиынға соғыпты.

Дженкинс Си-би-эс телерадио желісіне берген сұхбатында айтқандай, ол ешқашан компьютермен жұмыс жасап көрмеген екен. Сонымен қатар оны әскерде көптеген әйел қызмет ететіні, қара нәсілді адамдарды полицияға қызметке алатыны қатты таңдандырыпты.

Тұтқында болған кезінде жаслаған медициналық проедуралар Дженкинстің денсаулығына зиян келтірген. Соның салдарынан ол бостандыққа шыққаннан кейін бірден ауруханаға түсіпті. Ол туралы Дженкинс тамыз айында берген соңғы сұхбатында айтқан еді.

Дженкинс бостандыққа шыққан күннің өзінде өзін және отбасын өлтіріп тастайды деп қорқумен болған.

«Солтүстік Корея менің өлгенімді қалайды», – деді ол тілшілерге.

Оқи отырыңыз:

Мысық кір жуғыш машинада киімдермен бірге 40 минут бойы жуылып кеткен

Ресейде аюға ұқсайтын ерекше төбет табылды (фото)

Америкалық досының қайтыс болуына сеп болған трюкті қайталады (видео)

Әлемдегі ең кәрі адам 113 жасқа толған туған күнін атап өтті

Талқылау