Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанда жұрт жер үшін кәсіпкермен жаға жыртыса жаздады

Солтүстік Қазақстанда тура егін егу науқаны қарсаңында жер дауы туындады. Айымжан ауылының алқабына ірі шаруашылық ауыз салып отыр. Бұл жерден тұрғындарының да таласы бар. Бірақ оларды қожалық егістіктің маңына да жолатпай қойған, – деп хабарлайды “КТК” арнасы.

18

Фото: kz.otyrar.kz

Айымжан ауылының тұрғындары биыл дәнді дақылсыз қалуы мүмкін. Өйткені жылда игеріп өнім алатын егістік алқаптарын, биыл өзге кәсіпкер қолдануда. Сөйтіп техника кіргізіп, көктемгі дала жұмыстарын бастап кеткен. Ал тұрғындарды маңына да жуытпай қойған. Мұндай жайсыз көрініске жұрт жағасын ұстап отыр.

“Басқа ауылдан біреу келіп бұл ауылды қамқор қылмайды. Өзіміздің ауылдың жігіті ғана көтереді, жаман болсын жақсы болсын”- дейді Айымжан ауылының тұрғыны Бүркіт Сергібаев.

Қараша оншақты жыл бұрын тұтас елді мекеннің жерін жергілікті кәсіпкерге пайдалануға берген екен. Алайда ол алқаптарды кепілге қойып, банктен милиондаған ақша алса керек. Сөйтіп оны қайтара алмай, ақыры банкрот болған. Ал жер телімдері мемлекет меншігіне өтіп кетіпті. Енді сол жерді игеруге жарияланған тендерді басқа бизнесмен ұтып алған. Мұндай былықтың болғанын енді естіген ауылдағы ағайын аң-таң.

“Бүгін ауылдың тұрғындары олардың пайларын 3 жыл бұрын алып қойғандарын білді. Оған дейін оған дейін ешкім айтқан жоқ”, – дейді Айымжан ауылының тұрғыны Мейрам Қанқожин.

Жер дауы туған соң аудан әкімі бастаған шенеуніктер тайлы-тұяғымен алып-ұшып осында келіпті. Бірақ шұғыл жеткен атқарушы билікті таласқа түскен жердің жайынан бұрын, оның бос жатуы алаңдататын тәрізді.

“Маған сөйлеуге мұрсат бермей жатырсыздар. Сотта жолығамыз дейсіздер, мақұл, ол өз еріктеріңіз. Оның бәрі болады, шешіледі. Бірақ уақыт өтіп барады ғой, жерге дән себу керек”, – дейді  Жамбыл ауданы әкімдігінің өкілі Қазыбек Мәмбетов.

Билік өкілдері қарашаның қараптан-қарап тақырға отырғанын түсінеді. Оларға тығырықтан шығудаң ең тиімді жолын ұсынуда. Яғни, тұрғындар жерді жалға алу құнын төлеулері тиіс. Онысы 161 млн. теңге. Ал мұндай қаржыны жұрттың қалтасы көтермейтіні айдан анық.

Талқылау