Соғыстағыларға өз қаржысына азық пен ұшақ алып берген қазақтың бай азаматын білесіз бе? (фото)

Қытай қазақтарының арасында “Басбай” есімін естімеген қазақ жоқ. Себебі Қазақтан шыққан нар тұлға жайлы ол өлкеде аңызға бергісіз әңгімелер жетерлік. Ал өзге ұлт өкілдері, әсіресе Басбайдың замандастары оның жомарттығына қанық.

бай

Қазақтан шыққан жомарт әрі еңбекқор, байлықты өз қолымен жасап, оны мұқтаждар мен қажетті жеріне жұмсай білген адам- Басбай Шолақұлы.

Басбай Шолақұлы 1889 жылы қазіргі Қытай жеріндегі Тарбағатай аймағының Шағантоғай ауданында туған. Басбай байлығы тасыған дәулетті отбасыдан шықпаған. Бірақ ат жалын тартып мiнiп, азамат болған соң, әкесi еншiге берген 150 қой, бiр үйiр жылқының бабын тауып, күйіне көңіл бөліп өсіріп, ерінбей істеген еңбекқорлығымен байлығын еселей түседі.

Жылдар өте келе оның байлығы лықсып, атағы алысқа кетеді. Ендігі жерде дәулеті тасыған, мол байлықтың иесі ғана емес, қоғамның беделді, қадірлі азаматтарының біріне айналып, атымтай жомарттығымен жұрт көзіне түседі. Айналасындағы халықтың кем-кетігін бүтіндеп ғана қоймай, елдің, мемлекеттің ауыртпалығын жеңілдетуге атсалысатын ірі қайраткер тұлға дәрежесіне жетеді.

Басбай Шолақұлының жеке адамдарға жасаған жақсылықтары мен заттық көмектері күнделікті өмірде сан мәрте қайталанып жататын құбылыс іспетті еді. Сондықтан да, Біз Басбай байдың ел аттаған ірі істерге көмек қолын созған жомарттығын сөз етпекпіз.

бай3

1941 жылы ол шетелде тұрып-ақ, қазақ бауырлары қан кешіп жатқан Екінші дүниежүзілік соғыс майданына 500 атты ер-тұрманымен жібереді. Бұл туралы жазушы Зейнола Сәнік зерттеу мақаласында дәйекті деректер келтірген.

«Совет үкіметіне бес жүз атты ер-тұрманымен жеткізіп беруге жауапты болған Қалдыбай деген ақсақалмен жолықтым. Қалдекең: «Ей, Зейнолла! Ленинградтағы бір мұражайда Басбай туралы құжаттар бар. Соның суреттерін алдырсаңшы», – деп өтініш айтып еді…» – деп жазады жазушы ағамыз. Осы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, 1940 жылы Жапониямен соғысып жатқан Қытай армиясына да 200 атты көмекке атаған.

бай2

Басбай атамыздың мәрттігін әлемге әйгілеп, даңқын шығарған тағы бір оқиға жеке өзі ақша шығарып соғыс ұшағын сатып алуы еді. Кеңес одағы және Қытай елінің араласуымен Корея түбегінде тұтанған соғысқа (1950-1953) Қытайда бүкіл ел бойынша көмек атау науқаны басталады.

Атақты байға қол жая келген үкімет адамдарына асқан жомарттығын танытып соғыс ұшағын алып беруге уәдесін беріп қайтарады. Міне, сол 1951 жылы Солтүстік Кореяға көмекке атаған ұшаққа кеткен Басбай байдың малының тізімі сақталған. Оған 4 мың қой, 100 жылқы, 100 сиыр, 100 түйе, 100 сары алтын атаған екен.

Ырысы шалқыған байдың сол ұшақ сатып алуға кеткен шығынының орны үш жылдың ішінде қайта толыпты. Басбай Кореяға ұшақты сыйлайтын кезде, соғыс ұшағы деген нәрсені өзі көзімен көрмекші болып әуежайға келген соң: «Әттеген-ай, мынадай екенін білгенде екеуін сыйласам болғандай екен, қос аққудай бірге ұшып, бірге қонатын», – депті. Сол жолы миллиардтар елінен тек екі адам ғана ұшақ атаған. Бірі – қазақтың байы Басбай болса, екіншісі қытайлық бай кәспкер Чаң Шиаңю.

бай6

Бүгінгі күні қазақ байының осы ерлігін ұлағаттап, еске алып тұру үшін Басбайдың көмекке атаған соғыс ұшағына ұқсас типтегі ұшақты Шағантоғай ауданындағы алаңға көрмеге қойған. Ал Қытайдың Лияуның өлкесінің Кореямен шекаралас Гандұң деген қаласында да Басбайдың үлкен суреті қойылған. Суреттің аяқ жағына «Кореяға соғыс ұшағын сыйлаған қазақтың үлкен байы Башбай Шолақұлы» деп жазылған екен.

Басбай Шолақұлы өзінің ауыл-аймағының да қоғамға, халыққа аса зәрулік тудырып отырған әлеуметтік саласын үнемі қолдап отырды. 1936 жылы ол туған ауылына ағарту ісін дамыту үшін, мектеп салуға 500 қой атайды.

Дәл осы жылы Тарбағатай электр станциясын салуға 700 қой, 70 жылқы, 70 сиырдың қаржысын береді. 1941 жылы 5500 юань (он мың қойға тең) қаржы атап, Шәуешек-Шағантоғай тас жолындағы Емiл өзенiне көпiр салғызды. 1945 – 1947 жылдары ол Қытайдағы қазақтар тұратын үш аймақтағы азаттық төңкерiсiне 1000 қой, 100 сиыр, 250 ат атайды.

бай1

Басбай осыншама атақ, даңқы шыққанына қарамастан өмірде қарапайым, халықпен етене жақын жүретін, астамдығы жоқ, пейілі кең жан болған.

Сондықтан да Қытай билігі халық арасындағы зор беделі мен қоғамға сіңірген елеулі еңбегін ескеріп, Басбай Шолақұлына 1945- 1952 жылдар аралығындағы өтпелі кезеңдерде Тарбағатай аймағының (7 ауданы бар) әкімі, сот мекемесінің бастығы секілді жауапты қызметтерді ұсынады.

Басбай Шолақұлы 1953 жылы 4 қарашада Қытайдың ішкі қалаларын аралап жүріп тосын науқастан Хаңжу деген қалада қайтыс болған. Сүйегі арнаулы ұшақпен Шынжаңға жеткізіліп туған ауылына жерленеді. Өкінішке орай кейінгі жылдары Басбайдың артында қалған ұрпақтары бұл мол байлықтың ешбір игілігін көре алған жоқ.

1958 жылы Қытайда байлардың малын тәркілеу басталады. 1966-1976 жылдар аралығындағы «Мәдениет төңкерісі» деп аталған зор науқаншылдықта «байларды құрту» саясаты тіптен қатал жүргізілді. Осы кезде Басбай отбасы да қуғынға ұшырап көп жәбір тартады. Аштық пен панасыздық, қатаң бақылау астындағы ауыр еңбек діңкелеткен ұрпақтары кедейшіліктен күндерін әрең көреді. Тек, 1976 жылдардан кейін ғана Басбайдың жазықсыз жазаланған ұрпақтары ақталды.

бай5 бай4

Суретте: Басбай Шолақұлы Тарбағатай аймағының әкімі болып тұрған уақыттағы қолы қойылып, мөрі басылған бұйрық қағазы.

Басбай Шолақұлы – “үш аймақ” төңкерісі кезінде және жаңа Қытай құрылғаннан кейін 1952 жылға дейін Тарбағатай аймағының уалиі болды. «Басбай қойы» аталған төрт мүйізді шопан ата тұқымы да осы Басекең еңбегінің жемісі еді. Ел арасында жомарт жан қойларды арқармен шағылыстырып, асыл тұқым түлік алған деген әңгіме бар. Жалпы, Басбай атамыздың жомарттығы жайында айтылар әңгіме көп.

бай8

Қазақтың «Бай» деген сөзі байлықты ғана тура мағыналаған ұғым емес, сондықтан өзге халықтың «дәулетті» деген сөзімен де сәйкес келмейді. 1840 жылы қазақ тілін жақсы білетін Броневский деген генерал қазақ жерін зерттей отырып мынадай байлам жасаған.

«Қазақтың «бай» деген ұғымы орыстың «богатый» деген сөзінің баламасы емес. Бай болу үшін атағынан ат үркетін үлкен тұлға болу керек. Материалдық игіліктерге иелік етумен бірге, ақыл-ойы толысқан адам болуы керек», – дейді Броневский.

Қытайда 2006 жылы  жергілікті биліктің қамқорлығымен Шағантоғай ауданының орталығында «Басбай музейі» ашылған еді.

бай11

Қазір ол жерге өз заманында қазақтан шыққан белгілі бай Басбай Шолақұлы  туралы барлық мәліметтер қойылған. Оның туған және тұрған,басқарған  өлкесі, жасаған жомарттықтары, елдің, халықтың дамуы мен өсуіне қосқан үлесі жайлы мол мұра бар.  Басбай жайлы мұражайға қойылған  деректерге түрлі елдерден келген туристер қанық болуда. Онда Басбай Шолақұлы туралы белгілі жазушылар мен зерттеушілердің еңбектері де қойылған.

бай7

“Мұржайда  Зейнолла Сәніктің «Басбай» атты романы мен «Басбай туралы әңгіме – жырлар» кітабы, Серікқазы Мұстафинның «Басбай туралы деректі әңгімелер» жинағы, Елубай Әбілқасымұлының «Басбай» атты эссе кітабы көзімізге оттай басылды…”, – деп жазады Жарқын Нұрәбілдаұлы  Қытайда шығатын “Іле” басылымында шыққан  мақаласында.

Мұражайдың ортақ дәлізіне белгілі байдың мыстан құйылған алып бейнесі қойылған екен.

бай11

Бақытжол Кәкешұлы

Оқи отырыңыз:

Руслан Әбдіразақов “Алматы Барысы-2017” алтын белдігін жеңіп алды (фото)

Қанат Ислам не себепті қарсыласын нокаутқа жібермегенін түсіндірді (видео)

Қанат Ислам кәсіпқой рингтегі 24-кездесуінде жеңіске жетті

АҚШ-та өткен кездесуде Жанқош Тұраров мексикалық қарсыласын нокаутпен жеңді (видео)

Қуат Хамит: Шетелден келін әкелсем, бірінші әкем өлтіреді

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter © stan.kz

Источник: Stan.kz

Орташа айырбас бағамы
25.06.18
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар