Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соғыс кезінде қара қағаз таратқан әже азапты жылдарын баяндап берді (фото)

Күнгейдегі Мақтаарал ауданы, «Атамұра» ауылында тұратын Артық Битөреева есімді әжей биыл мерейлі 95 жасқа толды. Артық әжей қырғын соғыс жылдарын бастан өткерген тыл ардагері, ал оның жолдасы Тұрғанбаев Шүренбай ата – соғыс ардагері, социалистік Еңбек Ері, деп жазады Stan.kz.

20160501_134520

Артық Битөреева жоласымен бірге 45 жыл тату-тәтті өмір сүріп, 10 ұл-қыз дүниеге әкелді. Бүгінде 35 немере, 65 шөбере, 4 шөпшек сүйіп отыр.

20160501_134421

Шүренбай ата соғыстан аман-есен оралып, талай жыл колхоз басқарған. Жолдасы соғысқа аттанған жылдарды Артық әжей еске алады:

20160501_133923

«Енді-енді колхозшылардың әл-ауқаты түзеле бастаған шағында Германия фашистері Кеңес еліне қарсы соғыс өртін бұрқ еткізді. Ел халқының көңіл-күйі, шырқы бұзылды. Жарамды ер азаматтардың бәрі майданға жіберілді. Колхоз бастығы ретінде Шүренбайды «бронмен» бірнеше мәрте әскерге жібермей қойғанына қарамастан 1942 жылдың сәуір айында аудан басшыларына хабарламастан, военкоматқа барып, өз еркімен майданға аттанып кетті».

Атаның өмірден қайтқанына биыл 27 жыл толды. Жолдасынан көз жазып қалса да, Артық әженің қабырғасы қайысқан емес. Себебі ол сұрапыл соғыстың қиын-қыстауын бастан өткерген.

Артық әжей 1941 жылдың мамыр айынан 1947 жылға дейін Молотов колхозына селсовет хатшысы болып жұмыс істеген. Селсоветке майданнан келетін «қаралы хаттарды» тарату міндеті Артық апаның мойнында болса керек.

«Қызметіме сай, қаралы хатты үйме-үй таратып, сарбаздың мерт болғанын естіртетінмін. «Қаралы хат» алған үйлер шулап, жылап жататын. Кейде өзге шаруаларыммен бір үйлерге бара қалсам, отбасы адамдары суық хабар әкеле жатыр деп қорқып қарсы алатын. Әрбір суық хабарды естірту сәті жанымды мұздай бататын. Бірнеше рет әкімшілікке бұл жұмыстан шығам деп өтініш жаздым. Алайда, өтінішім қабылданбады. Оқта-текте соғыстан ер азаматтар қайтып келетін. Бірақ келгендерінің бірінің қолы немесе бірінің аяғы жоқ болып келетін…»

Артық апа жолдасын соғысқа аттандырып, өзі де ауылдағы әйелдермен бірге тылда қызмет етті. Ауылдың тартқан азабын айтсам, адам нанбайды дейді.

«Ауылды екінші фронт деп атадық. Күні бойы егістік басында талмай еңбек етіп, түнімен шұлық тоқыдық. Оларды майданға жіберетінбіз. Жоқшылықтың азабын тарттық. Мұның бәрі бүгінгі ұрпақтың азат өмір сүруі үшін. Енді ешқашан соғыс болмай, тек бейбітшілік заман болсын деп тіледім. Ұрпақтарымыз өссін, өнсін, еліміз өркендей берсін», – дейді Артық әже.

DSC_0030

«Атамұра» ауылында Артық әжейді еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Қашан да ширақ, бейнетсүйгіш. Жасы жүзге беттесе де, сол қалпынан таймаған. Ел анасына айналған апаны дүйім жұрт ерекше жақсы көреді. Әжей мұнда өтетін әрбір жиынның төрінен табылады. Әр отбасы оған келіннің бетін аштыруға, баласының тұсауын кестіруге асығады.

DSC_0115

Бүгінде әжей қара шаңырақта, үлкен ұлы Батыр Тұрғанбаевтың қолынды тұрады. Ұлының айтуынша, Артық апа салауатты өмір салтын ұстанады.

DSC_0136

«Әр таңды дене жаттығуынан бастайды. Бұрындары күбі пісіп, ауыл апаларымен бірге киіз басатын. Қазір үйде мақта түтеді, тігінін де тастамайды».

DSC_0191

Бала-шаға, немере-шөбере, шөпшектері мерекелерде үлкен ененің үйіне жиналады.

Тағы да оқыңыз:

45 жастағы қыз: Ең қиыны әрі қорқыныштысы жалғыз қалу екен

Белгілі модель Шымкентке келін болған азапты жылдары жайлы ашық айтты (фото)

Қызылордада білім мекемелері жанынан ашылған сауналарда жезөкшелер еркін жүр (фото,видео)

Талқылау