Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айдар Тұрғанбек: әйелі ерінен үлкен болса да, оған «сіз» деп сөйлегені дұрыс

Қазіргі қоғамда ерлі-зайыптылардың сыйластығы, әйелінің еріне деген құрметі жиі талқыланады. Осы құрметті сыпайы сөздер арқылы жеткізіп жүрген келіншектер қаншама. Сол сыпайылықтың бірі – ерін «сіз» деп атағаны болар. Осы орайда Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі танымал және қарапайым қазақстандықтардың ішінде кімнің жұбайы бір-біріне «сіз» деп сөйлейтінін біліп көрді.

«Сіз»: бір-бірін ерекше құрметтейтін жұбайлар не үшін «сен» демейді?  

Айдар Тұрғанбек, «Жігіттер» квартетінің солисі:

«Негізі жас айырмашылыққа қарамастан кез келген әйел еріне «сіз» дегені дұрыс, тіпті ерінің жасы әйелінен кішкентай болған жағдайда да. Біздің дініміз бойынша ерінің разылығын алған келіншек Алланың да разылығына да ие болады. Жалпы әйелдің күйеуіне «сіз» деп сөйлеуі бүгінгі қоғамда өте қажет нәрсе. Яғни «сіз» деп сөйлеп, атын атамай, «қожайыным», «отағасы» деген кезде отбасының тұрақтылығы күшейеді. Атын атап, бетіне келіп, сөз қайтаратын әйелі бар отбасы ұзаққа бармайды. Сондықтан отбасын сақтап қалудың бірден-бір мәселесі жылы сөзге байланысты.

Ер адам әйелінің аузынан жылы сөздер естісе, оған деген құрметі артады. Әйелдің күйеуіне «сіз» дегені өзіне жақсылық жасағаны. Өйткені үнемі ерін сыйлап тұрған әйелге күйеуінің тарапынан екі есе жақсылық жасалады. Ерлі-зайыптылар арасындағы мұндай қарым-қатынас шаңырақты шайқалтпайды. Осы әрекет бала тәрбиесіне де зор үлесін қосады. Анасының әкесіне деген құрметін көріп өскен қыз баласы тұрмысқа шыққанда да соны істейді. Үлкен ғұламалардың айтуынша, куйеуін сыйламайтын отбасынан қыз алу өте қауіпті. Сондықтан өсер ұрпаққа өзіміздің жасаған жақсы әрекетіміз арқылы дұрыс тәрбие берген жөн.

Өзіме келер болсам, осы уақытқа дейін әйелім менің атымды атаған емес және «сен» деп те көрмеген. Ол мені «отағасы», «қожайыным» деп атайды».

Абай Бегей, әнші:

«Менің әйелім маған «сіз» деп сөйлейді. Ер азаматына негізі сыпайы түрде сөйлеп, оны құрметтеген дұрыс. Сонда ғана сыйластық болады. «Сен» деген мен үшін біртүрлі тіке айтқандай көрінеді. Отбасын сақтап қалуда әйелінің еріне деген құрметі басты рөлді ойнайды. Менің бұрыңғы жұбайым да маған «сіз» деп сөйлейтін».

Қазақстандықтардың арасында әйеліне де «сіз» деп қарым-қатынас білдіретін азаматтар бар екен. Солардың бірі атын жасыруды сұраған 34 жасарлық азамат болды. Ол былай дейді:

«Біз қыз бен жігіт болып жүрген кезден бастап бір-бірімізге «сіз» деп кеткенбіз. Бұны құптап бастаған жұбайым болатын, ол бірінші болып маған «сіз» дегеннен кейін, мен де оған «сіз» деп айтуды дұрыс деп санадым. Жұбайым өзімнен үш жас кіші. Менің әйелім тіпті «қазақ қыздарының 20 ғасырдағы бет бейнесі қандай болады» деген арнайы курстарынан өткен. Алғашында маған әйеліме «сіз» деу психологиялық тұрғыда өте қиын болды. Екі жылға дейін өзім де көндіге алмай жүрдім, бірақ ол мені өзі үйретті. Достарым біздің мұндай қарым-қатынасымызды көрген кезде мысқалдаған еді. Олар менің мазақ қылып, қалжыңдасқан сайын мен қысылатынмын. Бірақ уақыт өте бұның тек сыйластық пен құрметке әкелетінін байқадым. Әрі жұбайым өзінің төркінінің алдында да маған «сіз» деп деңгейімді жоғарылатып отырады. Әрі біздің осы тәрбиеміз балаларымызға беріледі».

Мейрамгүл Қашқымбек, Алматы қаласының тұрғыны: 

«Мен жұбайыммен танысқаннан бері «сіз» деп сөйледім. Кейіннен әдетке айналып кетті. Бұл күйеуіме деген құрметімнің белгісі. Әрі жолдасыма да солай атағаным ұнайды, өзіме де үйреншікті болып қалды. Осылайша оның да маған деген құрметі арта түседі. Айтады ғой «отбасын махаббат емес, сыйластық сақтап қалады» деп, сондықтан менің ойымша, жалпы жұбайлард бір-біріне құрмет көрсетіп, сыйлағандары дұрыс деп ойлаймын. Ері мен әйелі бір-біріне «сіз» деп сыйласып тұрған кезде отбасында татулық, береке арта түседі. Олар артқан сайын ерлі-зайыптылардың махаббаты да бекем бола түседі. Және «сіз» деп үстіртін ғана айтып қана қоймай, шын жүрекпен айтып сыйлап тұрса ажырасулар да аз болатын шығар».

Мөлдір Ерболатқызы, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

«Шаңырақ көтеріп, отбасын құрғанымызға биыл 14 жыл болды. Таныстығымыз «сізден» басталды, әлі де жалғасып келеді. Қасымыздағылар таң қалып, «сіз» деулеріңіз араларыңызды алшақтатпайды ма?» деп сұрап жатады. Менің ойымша, қайта үлкен жауапкершілік жүктейтін сияқты. Балаларының алдында ата-анасы бір-біріне «сіз» деп, сыпайы әрі салмақты сөйлеудің өзіндік артықшылығы бар. Бірімізді құрметтей отырып, айналамыздағыларға сыйлы болудың тиімді жолы деуге болады. Жалпы әулетімізде бір-біріне «сіз» деп сөйлейтін бізден бөлек қайын ағаларымызбен абысындарымыз, қайныларым мен келіндеріміз бар. Сондықтан бізге мұндай сыпайы қарым-қатынас еш қиындық тудырған жоқ».

Ақмарал Амантайқызы, Алматы қаласының тұрғыны:

«Біз отбасын құрмай жатып «сіз» деуді қалыптастырдық. Алғашында жұбайым өзі маған «сіз» дегендіктен ыңғайсызданып мен де оған «сіз» дейтін болдым. Отбасын құрғаннан кейін де сыйластықты сақтап сол қалпында қалсын деп шештік. Бәрі таң қалады, «сонда қалай ұрсысасыңдар?» деп сұрайды көбісі. Бірақ осы «сіздің» арқасында түсінеспеушіліктер болып жатқан кезде бір-бірімізді тиямыз».

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау