Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел соғыс ортасында 4 бірдей перзентін дүниеге әкелген

Жақында Оралдық келіншектің Шешенстан арқылы Сириядан елге оралғаны хабарланды. Оның 4 баласы бар, кенжесі 3 айлық… Айтуынша, кезінде шетелдік азаматқа күйеуге тиіп, ақыры Сириядан бір-ақ шыққан. Күйеуі ДАИШ террорлық ұйымының құрамында болған сияқты. Келіншек, «жұмақ» іздеген өмірінің тозақ болғанын баяндайды.

Бұл туралы “Астана” арнасының “Біздің уақыт” бағдарламасында айтылды.

Соғыс сойқанын көзбен көрген келіншек аты-жөнін айтудан, бет жүзін көрсетуден бас тартты. Бірақ әдепкі ұстанымынан бас тартпаған: басынан орамалын тастамай, мәзхабы бөлек болса да, намазын қаза қылмайды. Айтуынша, 2011-жылы дағыстандық, ұлты авар жігітпен ғаламтор арқылы танысады. Ол сері «Пәкістанға келсең, мен саған үйленемін», – депті. Сезімге шекара бөгет болған ба? Түркиядан Иранға, одан Пәкістандағы Уәзірстанға жеткен қыз «ғашығына» тұрмысқа шығады.

“Ол жақта жағдай қиын. Көрсеткен видеоларында бәрі жақсы, күшті, бомбаламайды деген. Барғанда бәрі олай емес. Ауруханада бәрі лас, антисанитария. Дәрігерлер жоқ. Олардың мамандықтары да жоқ, надан адамдар. Бүгін олар еден жуушы, ал ертең дәрігер боп отырады. Ақша үшін жүргендер”, – деп еске алады Сириядан оралған әйел.

Осылайша әйел затын адамға санамайтын, өркениеттен жұрдай қышлақта 1 жылдай тұрады. Төбеден жауған бомбаның астында тұңғышын өмірге әкеледі. Кейін Сирияда халифат жарияланғанда сеніп, сонда аттанады. Бірақ ол сенімінің де быт-шыты шығады. Күйеуінен айрылып қала жаздап, балаларымен қатты тарығады. Қазір де күйеуінен хабар жоқ. Ол Ресей азаматы болғасын, біздегі органдар «бас ауырта» қоймаған.

“Ер адамдарды бірден соғысқа жібереді. Келгеніне бір-екі ай болғанда әскери дайындықтан өтеді. Сосын әскери аймаққа жібереді. Содан кейін ер адам жоқ. Өліп қалды деген хабар келеді. Ештеңе етпес, әлі талайы келеді деп отырады. Мұндағы Халифат дұрыс екен деп айтпасаң, олар сені түбі өлтіріп тастайды, түрмеде. Оны ешкім білмейді. Өздері жертөледі өлтіре салады”, – дейді әйел.

Келіншек 3 жылдай содырлардың қол астында болған. Оның бастан өткерген оқиғасы естіген жанның өзін шошытады.

“Күйеуің болмаса да қиын. Күйеуі өлген келіншектерді бір үйге бәрін қамайды. Кішкентай бір бөлмеде балаларымен 15 адамға дейін тұруы мүмкін. Күйеуге шықпасаң, артынан ешкім қарамайды да, келмейді. Күйеуге шық, күйеуге шық деп есіңді тандырады. Сондықтан келіншектер амалсыздан күйеуге шығады. Күйеулері қайтып әкеліп тастайды, содан төрт ай күтіп қайта шығады, амалсыздан”, – дейді Сириядан оралған отандасымыз.

Отандасымыз қылмыстық жазаға тартылмайды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оның қарулы қақтығысқа қатыспағанын анықтап, теріс ағымның құрбаны деп шешкен. Алты жылдан бері көрмеген ата-анасымен қауышқан келіншек қазір жат жерде дүниеге келген балаларының құжаттарын реттеп жатыр. Төрт «жиеннің» кенжесі осыдан үш ай бұрын өмірге келіпті.

“Бұл оқиға шынымен де діни сауатсыздықтың бар екенін көрсетіп отыр. Екіншіден, саяси сауаттылықтың да жетіспейтінін айту керек. ИГИЛ сияқты террористік ұйымдар, оның қатарында жүрген псевдосалафиттік ұйымдар діни сауатсыздықты толық пайдаланып отыр”, – дейді БҚО дін істері басқармасының басшысы Саялбек Ғиззатов.

Оқи отырыңыз:

Желтоқсан оқиғасының куәгері: Алаңнан қашқандар қазір басшылық қызметте жүр

Шымкенттік әйел: Күйеуім Ақтөбеге вахталық жұмысқа тұрып, ақыры басқа әйелге үйленіп кетті

Қазақстан ең кедей мемлекеттердің ондығына кірді

Жүрсін Ерман: Теріс ағымдағылар айтыскерлерді өз мақсатында пайдалануға көшті

Талқылау