Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Ресейдің жанында орналасқан: шетелдіктер еліміз туралы не біледі?

Сингапурда “Банк және Қаржы” мамандығы бойынша білім алып жатқан Динара Тоқтарбаева Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне ол жақта оқу туралы шешімді не үшін қабылдағанын, сингапурлықтардың  Қазақстанға деген көзқарасын, білім жүйесіндегі ерекшеліктерін айтып берді

Неліктен шетелде оқимын деп шештіңіз?

Қазір маған магистратураның дипломы қажет. Шетелде басқа ұлт өкілдерімен оқып, олармен араласқан соң, басқаша ойлай бастайсыз, көзқарасыңыз өзгереді, ой-өрісіңіз кеңейеді. Ағылшын тіліңіз де жақсарады.

Мемлекеттік бағдарламамен тапсырдыңыз ба?

Шетелдік оқу орындарымен жұмыс істейтін агенттіктер бар. Солардың біріне барып, құжат тапсырып, оқуға түстім. Мемлекеттен көмек алмаймын, ақылы оқимын.

Сингапурлықтардың Қазақстан жайлы пікірі қандай?

Сингапурда қанша қазақстандықтың бар екенін нақты білмеймін. Бұл елдің тұрғындары мемлекетіміз туралы біле бермейді. Қазақстанды Ресейдің жанында орналасқан, кезінде КСРО-ға мүше болған ел деп айтамыз. Алайда олар шетелден келген азаматтарды кемсітпейді, шеттетпейді.

 

Білім беру жүйесінде қандай ерекшеліктер бар?

Білім беру жүйесі жақсы. Мұндағы оқу орнында, мысалы, Англиядағы университеттің бағдарламасымен оқып, соның дипломын алсаң болады. Біздікіндей үш ай демалу, қысқы демалысқа шығу деген жоқ. Қысы-жазы оқи бересің. Бір бағдарламаны бітіріп алғаннан кейін демаласың.

Сингапурлықтардың қазақ халқымен ұқсастығын сезесіз бе?

Олар шетелден келген азаматтарға жақсы қарайды. Қазақтарға қатты ұқсайды деп айта алмаймын. Сингапурлықтар кішкене тұйықтау, көп сөйлесіп, араласа бермейді. Біздікілер секілді үйлеріне шақырып күту сынды дүниелер  жоқ.

Менің іні-сіңлілерім де осында оқиды. Сондықтан Сингапурға бірден үйреніп кеттім. Бірақ үйімнің тамағын сағынамын. ТМД-дан келген студенттермен араласамыз. Үйден жырақта жүргендіктен, сағынғандықтан, олар бізге жақын адамыңдай болып көрінеді. Барымызбен бөлісіп, бір-бірімізбен көмектесуге тырысамыз.

 

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау