Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентке жаңа әкімі тағайындалды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қала активіне жаңа басшыны таныстырды. ҚР Президенті Әкімшілігі мен қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Шымкент қаласының әкімі болып Нұрлан Сауранбаев тағайындалды.

Бұл туралы Stan.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалған Нұрлан Ермекұлы Сауранбаевты қала активіне таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Шымкент қаласы Елбасының назарындағы экономикасы мен құрылысы қарқын алған еліміздегі үшінші қала екенін айтқан аймақ басшысы қала әкіміне жаңа жұмысында жүктелген міндеттерді абыроймен атқаратынына сенім білдіріп, бірқатар тапсырма жүктеді.

“Сіз кәсіби деңгейі жоғары, мемлекеттік қызметтің түрлі саласынан өткен тәжірибелі мамансыз, сондықтан да Нұрлан Ермекұлы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етіп отырған бірқатар мәселеге назар аударып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз етуді, қала бюджетінің кіріс бөлігін арттыруды, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында инвесторлар тартуды, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуды, қалаға жаңадан қосылған елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын”, – деді облыс әкімі.

Нұрлан Сауранбаев 1967 жылы 20 мамырда туған, білімі жоғары, мамандығы  – экономист. Еңбек жолын 1991 жылы “Еңбек” компаниясының бас директоры болып бастады. 1997-2002 жылдары Қазақстанның кәсіпкерлер конгрессінің атқарушы директоры, “Қазақстан темір жолы” республикалық мемлекеттік кәсіпорынның “Жолаушылар тасымалы” еншілес кәсіпорын директоры, “АНПЗ” ашық акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті қызметтерін атқарды.

2002-2016 жылдары “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ Инжинирингтік және сервистік қызметтер департаментінің директоры, Мұнайды тасымалдау жөніндегі басқарушы директоры, Сервистік жобалар жөніндегі басқарушы директоры, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2017 жылдың ақпан айынан бастап “ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесін әзірлеу және өткізу мәселелері жөніндегі штабтың ұйымдастыру комитетінің басшысы қызметін атқарды. “Құрмет” және “Парасат” ордендерімен, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл” мерекелік медалімен марапатталған.


Жіберіп алмаңыз:

Білім министрлігі Есеп комитетінің айыптауына жауап берді

Геннадий Шиповских: Қазақтың жерін басқан әр адам қазақ тілін білуі керек

Қанат Бозымбаев “18-рет” туралы сын айтқан депутатқа жауап берді

Әблязов Бельгияның азаматтығын алу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр

Талқылау