Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік кеден қызметкерлері жарылып кетуі мүмкін болған көліктен адамдарды құтқарған

Шымкенттік кеден қызметкерлері, Ержан Белесов пен Ғани Ағатаев, құлыпталғаннан ашылмай жанып жатқан көлік ішінен адамдарды сыртқа шығарған. Көлік кез келген сәтте жарылып кетуі мүмкін болатын.

image44849

Сурет auto.caravan.kz сайтынан алынды

Бұл туралы otyrar.kz хабарлайды.

Көлік ішінде адамдар болғандықтан екі жігіт еш ойланбастан басын қатерге тігіп, оларға көмектескен. Олардың бұл ергілігі жайлы әлеуметтік желіде жарияланбағанда ешкім білмес те еді.

25 қаңтарда Ержан мен Ғани жұмыстан үйлеріне қайтып келе жатып, көшеде «Нексия» көлігінің жанып жатқанын көреді. Көлік құлыпталып қалғандықтан ішіндегі екі адам сыртқа шыға алмаған. Оқиға орнына адамдар көп жиналғанымен олардың ешбірі батылы жетіп, көлікті ашуға ұмтыла қоймаған.

Ержан бірден көмекке ұмтылып, қолымен терезені шаққан. Сөйтіп, әріптесімен бірге ішіндегі адамдарды тысқа шығара бастайды. Оның бірі ол кезде ес-түссіз жатыр екен. Дәл сол сәтте жедел-жәрдем қызметкерлері келіп, оларды ауруханаға алып кеткен.

Ержанның өзі бұл оқиғаға қатысты пікір айтудан бас тартқан. Оның айтуынша, бұл ешқандай да ерлік емес. Ал, кеден қызметкерлері әріптестерінің ерлігін марапаттау үшін ресми түрде сұраным жіберген.

Жәбірленушілер, Сарыағаш тұрғындары, қазір үйлеріне жеткізілген. Олардың денсаулықтарына ешқандай зақым келмеген. Көлік жүргізуші сол күні Сарыағаштан Шымкентке шықпақшы болғанын, алайда жолда көлікті басқара алмағанын айтады. Сөйтіп, аяқ-астынан өрт шыққан екен.

«Көлігіміз күтпеген жерден өртене бастады. Көліктен қалай шығуды ойлай бастадым. Бірақ, еш амалын таппадым. Кейін есімді жисам, ауруханада жатыр екем. Бізді құтқарған жігіттерге алғысымызды айтқымыз келеді. Олар бізбен кездескісі келмейді. Бірақ, біз олардың үйіне барып, арнайы рахметімізді айтсақ па дейміз», – дейді қайғылы оқиғаны еске ала отырып Мұхаммед Мүбараков.

Облыстық мемлекеттік кіріс департаменті кеден қызметкерлерінің ерлігі жайлы хабардар. Оларды марапаттауға да келісім берген.

Талқылау