Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте ұрлауға болмайтын велосипедтер пайда болады

Шымкентте веложолдар пайда болатын болды. Қалалық әкімдіктің жиынында «Shymkent bike» жобасының қашан іске қосылатыны да айтылды.

ььь

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Жобаны “Самұрық-Қазына” қоры мен Қазақстан велоспорт федерациясы бірігіп жүзеге асырмақ. Ал жобаға бюджеттен бір тиын да қарастырылмаған. Қазіргі таңда 140 велобайк рәсімделу үстінде. Жақын арада тағы да 60-сы әкелінбек.

“Барлық велосипедтер Францияда өндірілген. Әрқайсында GPS бар, оларды ұрлауға болмайды”, – деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Алғашқы кезеңде велосипед айдаушыларға 9 ірі көшемен жүруге ғана рұқсат етілмек. Сонымен қатар, 40 станция ашылады деп күтілуде. Жылдық абонемент алатындар 6 мың теңге төлесе, бір сағаттың құны 100 теңге. Алғашқы веложол Астана күні қарсаңында пайда болмақ. Әзірге қала жолдарының оған дайын еместігін, қала әкімінің өзі тексеріп шыққан.

“Мен демалыс күні қаланы велосипедке отырып аралап шықтым. Шынымды айтсам, жағдай қиын. Жолдар да, тротуар да бүтін емес. Жалпы бізде жол қозғалысы үшін жағдай дұрыс жасалмаған. Тек көліктердің жүруіне ғана ыңғайланған секілді. Шымкенттіктерде тек екі мүмкіндік бар: тек ұшып жүру немесе көлікпен жүру”, – дейді қала әкімі.

Енді шенеуніктер жағдай жасаумен белсенді түрде айналыспақ. Тротуарлар жөнге келтіріліп, жолдар реттелмек. Бизнес-нысандары үшін тротуарларды жаулап алған кәсіпкерлермен, әкімдік өздері есеп айырыспақ.

Ал облыс әкімі орталық көшелердің оң қапталын сенбі, жексенбі күндері велосипедшілерге беруге ұсыныс жасап отыр. Ондай жағдайда жылдамдық сағатына 40 шақырым етіп бекітілмек. Бұлар – үш жолақты Қонаев даңғылы, Бәйдібек би, Тәуке хан және тағы басқа көшелер.

Талқылау