Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте су қоймада батып өлген жылқыларды иелері үйлеріне алып кеткен

Шымкенттің Текесу су қоймасына батып өлген малдың жартысынан көбі жерге көмілмеген. Мал дәрігерлері тек төртеуін ғана арнайы шұңқырға тасталғанын айтып отыр. Ал жауапты мамандар судан денесі өлі шығарылған жеті бас жылқы мен екі сиырды, иелерінің үйлеріне тасып әкетуіне жол берген. Бұл шешімге көпшілік таң қалып білдірді. «Сонда оның етін қайда өткізбек?» – дейді жергілікті жұрт.

жылқы

Бұл туралы 31 арна жазды.

Түс кезінде түнерген бұлт лезде жауын әкеліп, артынша бұршақ жауған. Бақыт Асанбаев қатты үріккен жылқылардың түгелдей көлге бас салғанын айтады. Сөзінше, суға кеткен 23 бас жылқыдан 17-і ғана сыртқа шығарылыпты. Қалған тай-құлындар батпаққа батты деп отыр.

«Бір метрге дейін жер көрінбей қалды ғой. Аппақ болып, бұршақ пен жаңбыр ұрды. Бір метрге шейін көрінбеді. Біз малды игере алмадық»,-дейді жылқышы бақыт Асанбаев.

Ал мал дәрігерлері арам қатқан малдың тек төртеуі ғана арнайы шұқырға көмілгенін айтады. Ал қалған жеті бас жылқы мен екі сиырды қожайындарының үйлеріне алып кеткенін жеткізді. Бұл шешімге көпшілік таңданысын білдірді. «Сонда оның етін қайда өткізбек?» – дейді алаңдаушылық білдіргендер.

«Ал жеті бас басқа жақтан келген олар. Басқа ауылдан, басқа елдіменнен келгендіктен, иелері келіп өздері алып кетті оны»,-дейді мал дәрігері қасымбек Қалтаев.

Осылайша, мал дәрігерлері «біз келгенге дейін алып кеткен, сондықтан иелерінің кімдер екенін білмейміз» деп жайбарақаттыққа салынып отыр. Ал төтеншеліктер арнайы комиссияның құрылғанын жеткізіп, материалдық шығын мөлшерін анықтап, «кімнің кінәлі екендігіне қорытынды береміз» – деді.

«Малдың, жаңағы судан алып шыққан малды жерлеу бойынша ветеринарлық қызмет толық айналысады. Ал қазір комиссия жұмыс жасап жатыр»,-дейді ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің шұғыл кезекшісі Арман Әсібеков

Мал дәрігерінің айтуынша, сол күнгі күннің күркіреуі мен найзағай жарқылынан Текесудан бөлек Қарабұлақта да мал қырылыпты. Мамандар ауа-райының қолайсыздығынан өңірде өлген малдардың жалпы саны 215-ке жетті деп отыр. Ал «малдың заңды құжаты болса ғана, шығын өтеледі» деген әкімдіктің уәдесіне тұрғындар күмәнмен қарап, төрт түлігін түгендеуге кірісіп кетті.

Талқылау