Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте көз жұмған 5 жасар бала: Өгей әкесі азанды дұрыс оқымағаны үшін ұлын соққыға жыққан

Шымкентте бес жасар бала жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ауыр халде ауруханаға түскен бүлдіршінді дәрігерлер өлімнен арашалап қала алмады. Өйткені оның бауыры езіліп, ішкі ағзасы қанға толып кеткен. Осы жағдайға байланысты, тәртіп сақшылары баланың өгей әкесін қамауға алды.

Алдын ала болжам бойынша, 22 жастағы жігіт кішкентай бүлдіршінді оңбай соққыға жыққан көрінеді. Бесіктен белі шықпай жатып, әкесінен осыншама таяқ жейтіндей балғын не істеп қойыпты? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қайтыс болған 5 жасар балақайдың қазір үйінде үш бауыры мен анасы және әжесі бар. Олардың барлығы қайғыдан қан жұтып отыр. Бірақ, оқиғаның қалай орын алғанын бізге тіс жарып ештеме айтпады, тіпті, сұхбат беруден де бас тартты.

Оқыс оқиға кешқұрым уақытта болған. Дінге бет бұрған 22 жастағы жігіт 5 жасар өгей ұлына құптан намазы кезінде азан шақыртыпты. Исламның амал шарттары түгілі, әлі ақылы толыса қоймаған балғын әкенің “тапсырмасын” ойдағыдай орындамаса керек. Сөйтіп, тепкінің астында қалған. Соққының ауыр болғаны соншалықты, бүлдіршіннің бауыры мен көкбауыры езіліп кетіпті.

«Келген кездегі жағдайы өте ауыр, жүрек соғысы анықталмады. Қан қысымы анықталмады, жүрек соғысын байқап көрген кезде әлсіз, қан қысымы жоқ. Есін білмейді. Алған жарақаттың және қан кетудің салдарынан науқас ота аяқталмай қайтыс болды» – дейді облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанболат Ділдәбеков.

Осы жағдай бойынша, баланың өгей әкесі ұсталды. Ол қазір, уақытша ұстау абақтысында отыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Қазіргі таңда, аталған жәйт бойынша, ҚР ҚК 106 бабының 3-ші тармағы бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, кінәлі адамға дәрменсіз күйде екенін көрінеу белгі адамға қатысты сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде» – дейді Шымкент полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Сәденова.

Әзірге белгілі болғаны, күдікті Атырау облысының тумасы екен. Жасы- 22-де. Осыдан екі жыл бұрын Шымкент медресесіне оқуға түсіп, бір жыл тәлім алған. Медресенің жатақханасында бір жылдай тұрыпты. Алайда, осы жылдың жазында төрт баласы бар жергілікті келіншекпен көңіл жарыстырып, соның шаңырағына кіріп алған.
«2017-2018 оқу жылының қыркүйек айларынан бастап сабаққа келуі өте нашарлады. Біраз баяулады, себебі, отбасылы болғанын білетін шығарсыздар. Жаз айында бір келіншекпен үйленіп, содан бері сабаққа келуі біраз саябырсыды» – дейді Шымкент медресе колледжі директорының орынбасары Бейбіт Өтебаев.

Қайтыс болған бүлдіршін әлгі әйелдің ең кенжесі екен. Ал, үлкені 8-ші сыныпта оқиды. Ұстаздардың сөзінше, күдікке ілінген шәкірті қой аузынан шөп алмайтын момын жігіт көрінеді. Бірақ, соңғы уақытта сабаққа қатысуын доғарыпты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау