Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте көлік қағып қаза болған бүлдіршіннің денесі жер қойнына тапсырылды

Ал оның 9 жасар ағасы әлі хәл үстінде жатыр. Анасымен бірге жолдан өтпек болған оларды сенбі күні зымыраған жеңіл көлік қағып кеткен болатын. Жалпы ел арасында «ажал жолы» атанған күре жолдың бұл тұсында адам қағу оқиғалары соңғы уақытта тым жиілеген. Бұған бағдаршам мен жаяу жүргіншілер жолағының болмауы себеп деп ызаланған тұрғындар, енді оны мүлдем жауып тастаймыз деп отыр, деп хабарлады КТК арнасы.

норм

Жол апатынан көз жұмған Кириллді бүгін соңғы сапарына шығарып салды. Қайғыдан қан жұтқан анасын құлап қалмауы үшін жан-жақтан демеген жақындары бүлдіршіннің денесі салынған табытқа жақындаудан да қаймықты. Көлік астында қалған 4 жасар баланың сау-тамтығы қалмаған.

Қайғылы оқиға сенбі күні болған еді. 4 және 9 жасар ұлдарын жетектеп, бір жарым жасар ұлын қолына алған Дарьяна жолдан өте бергенде жүйткіп келген жеңіл көлік екі ұлды соғып өткен. Біреуі ауыр жарақат алса, екіншісі тіл тартпай кетті. Өзі жеңіл жәрдемде фельдшер болып істейтін көлік тізгініндегі жігіт еш көмек көрсете алмапты. Қазір бар кінәсін мойнына алған оны полицейлер тергеп жатыр. Ал қайғылы оқиға үшін жергілікті жұрт көлік жүргізушісін емес, шенеуніктерді айыптауда.

Ел арасында «ажал жолы» атанған бұл жерде жаяу жүргіншілер жолағы да, бағдаршам да болған. Тек мұның бәрін билік былтыр жол саламыз деген желеумен сыпырып алып тастапты. Содан бері жүргіншілерді қағу жәйттері мұнда еселеп артқан.

Халық тығыз орналасқан «Тассай» ықшамауданының бұл тұсында 3 балабақша, мектеп, колледж бен университет бар. Бірақ ағылған көліктерді тоқтатар бағдаршам да, арнайы белгі де жоқ.

«Құрметті Қаратау  әкімі сүйікті немереңізді осы жолдан өткізіп, өзіңіз қарап тұрыңызшы. Сіз көресіз қалай өтетінін. Бала-шағамыз көп емес, қойдай қыратын», – дейді Шымкент тұрғыны Сәуле Садықова.

Ал атқамінерлер қаймығатын емес. Бұл жолды әлі толық жөндеп бітпепті. Белгілер жол қабылданған соң ғана болады дейді. Оған дейін жұрт сауысқандай сақ болсын деп қана ескертуге жасап тұр.

«2017-ші жылдың жұмыс жоспарына сәйкес мамыр-шілде айларының аралығында бағдаршамдар орнатылатын болады. Жаяу жүргіншілер бағдаршамы және де үлкен жол-көлік автомобиль жолдарының да бағдаршамдары орнатылатын болады.  -Жүргіншілер жолағы да міндетті түрде болады», – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылбек Баймырзаев.

Бірақ баласына алаңдаулы жұрт көңілін жарты жылға жуық мерзім көншітер емес. «Ажал жолына» мал шалып құран оқытамыз дегендер билік тез арада шара қабылдамаса жолдың өзін жауып тастауға бекініп отыр.

Жіберіп алмаңыз:

 Депутат Жамалов ХҚКО-да қаза болған ер адамның туыстарынан кешірім сұрады

Есімі қате жазылып Қытайға қайта жаздаған қандасымыз күйеуінің қасында қалатын болды

Алматыдағы ардагерлер үйінде 6 ақсақал мен әже отау құрған

Алматы облысында жоғалып кеткен оқушы қыз жалдамалы пәтерден табылды

Талқылау