Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте асқазанынан сынап табылған сәби ауруханадан шығарылды

Шымкентте асқазанынан сынап табылған болы мүмкін делінген нәресте ауруханадан шығарылды. Дәрігерлер бөгде заттар баланың асқазан-ішек жолдарынан шығып кеткендіктен, өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ деген пікірде. Алайда 2 айлық Шәкәрімнің әжесі немересінің әлі де әлсіз екенін айтуда.

Шымкентте асқазанынан сынап табылған сәби ауруханадан шығарылды

Сурет: 31 арна/скриншот

Шымкенттік санитарлық дәрігерлер сәбидің асқазанынан табылған сынап па, жоқ па, оны әлі нақты айта алмай отыр. Оны бүгін баспасөз конференцияда толық айтып беруге уәде етті, деп хабарлайды 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz.

Полицейлер де қылмыстық іс қозғап, бапты анықтау үшін сараптаманың нәтижесін күтіп отыр. Себебі нәрестенің асқазанынан табылған зат шынымен де сынап болып шықса, «Кісі өлтіруге оқталу» бабы  бойынша іс қозғалуы мүмкін.

Кеше дәрігерлер нәрестені ауруханадан шығарды. Алайда әжесі немересінің әлі әлсіз екенін айтып отыр.

«Тексеруіне қарсы емеспіз. Тексерсін. Алайда құқық қорғау органдарымен бірге тексерілсін. Компания өкілдері СЭС-ке шағым түсірді. Нәрестенің жағдайы жақсарып қалды. Алайда әлі әлсіз», – дейді 2 айлық Шәкәрімнің әжесі Әлия Байжинова.

Сынаптан, тіпті оның буынан улану қауіпті. Алайда бұл жағдайда дәрігерлер Шәкәрімге еш зияны тимеуі керек деп отыр. Себебі бөгде заттардың бәрі баланың ағзасынан шығып кеткен.

Еске сала кетсек, Шымкентте 2 айлық сәби құрамында сынап бар жасанды сүттен уланып қалған еді. Дәрігерлер уақытша ана сүтін емізуге тыйым салғандықтан екі айлық баласына жасанды сүт берген соң, сәбидің іші өтіп, қан құса бастаған. Дер кезінде ауруханаға жатқызылған баланың үлкен дәретінен сынаптың қалдықтары шыққан. Осылайша баланың ата-анасы сынапты жасанды сүттің қорабынан шыққан болар деп болжаған еді. Алайда жүргізілген тексеріс нәтижесінде сүт қоспасынан сынап табылмады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау