Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте апаттан көз ашпаған жұрт жолды кесе-көлденең жауып тұрып алды

Шымкентте жол апаттарынан зәрезеп болған жұрт бүгін қалааралық жолды жауып тастады. Халықтың ашу-ызасына бағдаршам мен жаяу жүргіншілер жолағының алынып тасталғаны себеп. Ал жарты жыл ішінде бұл жерде жол кесіп өткен бірталай адам жарақат алып, бірнеше оқушы көз жұмыпты. Бұл туралы КТК хабарлайды.

вмвм

Адам өліміне әкелген апаттың соңғысы бір апта бұрын болған. Жолдан өтпек болған әйелді 3 баласымен бірге көлік қағып, 4 жасар бүлдіршін сол жерде өлген еді. Наразы жұрт енді биліктен жол белгілері туралы мәселені шұғыл шешуді талап етуде.

Шымкент-Тараз тас жолын жауып, көліктерді кесе көлденең жібермей тұрғандар – Тассай ықшамауданының тұрғындары. Жол апаттарынан әбден қорқып қалған ел мұнда апаттың жиілегенін билікке сан мәрте ескерткен. Нәтиже шықпаған соң соңғы шара ретінде жол жабуға бекініпті.

“Бала қырылып жатыр. Күнде қағады біреуін. Бағдаршам қойып жаяу жүргіншілер жолсын салсын”, – дейді тұрғындар.

Жолды жапқандар мен көлігін өткізуді талап еткендер ақыры ерегесіп тынды. Полицейлер болса, қай жағына шығарын білмей дал. Тұрғындар өмірі көрмейміз деген погондылар жұрт ашуға мінген соң ғана ысқырықпен тоқтатып, балаларды өткізіп жанталасып-ақ жатыр. Ал даудың басы болған жол белгілерін алып тастауға жөндеу жұмыстары себеп болыпты.

Бұл жерде бағдаршам да, жаяу жүргіншілер жолағы да болған. Тек билік жарты жыл бұрын жолды жөндейміз деп бұларды алып тастапты. Ал үйреншікті жерімен жолды кесіп өтетін адам қарасы да қалың. Себебі, тура жол іргесінде университет, колледж бен бірге мектеп және бірнеше балабақша бар. Сондықтан, бала-шаға жетектеген жұрт бұл жерден жанын шүберекке түйіп өтуге мәжбүр.

Бағдаршам мен жүргіншілер жолағы жоғалғалы бері мұнда адамдар қойдай қырылып жатыр деген ел бір жеті бұрынғы жағдайдан кейін шыдамы таусылған. Ол кезде автобустан түсіп, үш баласымен жолдан өтпекші болған келіншекті көлік қаққан. 4 жасар ұл тіл татрпай кетсе, 9 жасар тағы біреуі әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Ал баласына алаңдаған ел биліктің шарасыздығына ашулы.

“Оқушы да студен те көп. Мына жерде 500 студент бар. Бақша да осы жерде. Халықтың 80 пайызы осы жерден өтеді”, – деді Шымкент қаласының тұрғыны Пернебек Ақжолов.

Наразы жұрт бір жарым сағат қала мен аудан әкімін күткен. Бірақ тайлы-таяғы қалмай келген шенділердің арасынан қала басшылары көрінбеді. Орнына келген бөлім қызметкерлері ғана мәселені бүгіннен қалдырмай шешеміз деп уәдені үйіп-төгуде.

“Жылдамдықты шектеу жол белгілері екі беттен де қосымша орнатылатын болады. Және де тегіс емес жол белгілері орнатылатын болады. Осы аталған жұмыстардың барлығы бір тәуліктің ішінде толық атқарылатын болады”, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Асылбек Баймырзаев.

Ал бағдаршам жол жөндеу жұмыстары толық бітіп тапсырылғанша, яғни шілдеге дейін болмайды деген атқамінерлер оған дейін қалааралық жолды толық қадағалаймыз дейді. Бүгіннен бастап бағдаршам орнағанша мұнда күндіз-түні полицейлер күзетіп, қосымша жылдамдық өлшеуіш құралдары да қойылатын болады.

Оқи отырыңыз:

Министр қытайлықтарға қанша қазақ қызының тұрмысқа шыққанын жариялады

Онсыз да сабағы көп оқушыларға тағы бір жаңа пән қосылмақ

Сатушы менеджер дәретханаға барған клиент қызды жасырын бейнетаспаға түсіріп алған

Мұғалім қазақстандық мектептерді тозаққа теңеп, ондағы былықтарды ашық баяндады

Талқылау