Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 2017 жылға дейін бірде-бір базар болмайды

Шымкентте 2017 жылға дейін бірде-бір базар болмайды. Қаланың жаңа әкімі осылай деп ескерту жасады.

1111

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Алайда, әкімнің сөзін халықтың бәрі бірдей жақтай қоймады.  Жабайы сауда орындарының барлығы күреліп тасталса, әрине,  қала тазарар, бірақ мыңдаған халықтың жұмыссыз қалатын түрі бар. Саудагерлерді жаңа сауда орындарына көшірсе, ондағы жалға алу құны да арзан болмайтыны белгілі. Демек,  тауардың барлық түрінің жаппай қымбаттамайтынына кім кепіл?

Қызметіне келгелі 100 күннен асқан әкім Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлермен болған жиында «Шымкентте 2017 жылы базар атаулы болмайды» деп мәлімдеме жасады. Онда сауда жасайтындар қаланың сыртына тұрғызылатын жаңа сауда орындарына баруы тиіс деп бірақ кесті.

«Қазіргі заманға ол базарлар бәрбір сай емес. Он жетінші жылдан бастап базарлар қалаларда болмайды. Қалада мүмкін бір базар қалдырармыз», – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Айтылған сөздің артынша бірқатар БАҚ беттерінде қала ішіндегі базарлардың ахуалы жиі сөз етіле бастады. Олар негізінен ішкі тазалық, өрт қауіпсіздігі мен кәріз жүйелеріне қатысты пікірлер.

Бірінде кәріз жүйесі жоқ, енді бірі туберкулез ауруханасы тым жақын деген Шымкенттегі сауда орындарының өкілдері «бұл шындыққа жанаспайды» деп отыр. Прокуратура санэпидембақылау мен тұтынушылар құқын қорғау мамандарымен тексергенін, арыздарды қолдан «күйе жағушылар» жасап отыр дейді.

Шымкент базарларының бірінің заңгері Жанәбіл Сабаевтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты  құзырлы органдарды қатыстыра отырып тексеру жүргізген. Алайда аталған фактілер өз дәлелін таппады.

«Тазалық жоқ, базарлар көшу керек» дей беретіндер өздеріне халық шақыра алмай отырған үлкен сауда орындарының мүддесін ғана көздеушілер дейді бірқатар тұтынушылар. Нәпақасын осы базарлардан айырып отырғандарды ауқаттылардың түсінуі қиын дегенді айтады.

Алматы, Тараз бен Түркістанда өртенген базарлардан кейін, кәсіпкерлер кәдімгідей үрейленіп қалғаны бар. Ал шымкенттік базар қожайындары қала әкімінің мәлімдемесіне, көңіліне тиіп қаламыз ба дегендей, сақтықпен қарайтыны байқалады. 2016 жыл табалдырықтан аттағалы тұрса да, базарлар көшеді деген мәселенің бүгін-ертең күн тәртібінде тұрмағанын айтады ондағылар. Нақты жер беріліп, құрылыс та жоспарланбаған. Қайта, керісінше, қала ішіндегі базарлар ішінара қайта құрылып, замануи келбетке бет бұруға талпынып жатыр.

Талқылау