Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент тұрғыны көршісін әжетхана үшін сотқа бермек

Шымкенттің «Қазығұрт» ықшамауданының тұрғындарының арасында әжетхана үшін туындаған дау бірнеше айдан бері шешімін табар емес.

Шымкент тұрғыны көршісін әжетхана үшін сотқа бермек

Шымкент тұрғыны ауласының көршісінің үйіне жақын тұсына әжетхана салып алған. Осының салдарынан көршілердің арасында дау туындаған, деп хабарлайды «Замана» газетіне сілтеме жасап Stan.kz.

«Диляра деген көршім ауласының біздің үйге тым жақын тұсынан әжетхана сал­ған еді. Оны басқа жерден  салуын өтініп те айттым, жалынып та айттым, тыңдамады. Мен өзім 3-топтағы мүгедекпін. Аулаға бір мезгіл демалатын орындықтар қойғызған едім, сәкіміз де (тапшан) сол маңда, көршімнің әжетхана салған жеріне жақын тұста. Айтқанды тыңдамағасын құзырлы мекемелерге шағымдандым, олар келіп, тек­серіп, Диляраға сал­ған әжетханасы санитарлық нормаға сай келмейтінін, оның орталық кәріз жүйесі болмаған жағдайда үйден 12 – 25 метр қашықта салынуы тиістігін түсіндірген болатын. Сонда Диляра әжетхананы басқа жерге көшіремін деп қолхат та берген еді. Бірақ уәдесінде тұрмады», – дейді Рахима Әлжанова.

Артынша әкімдік адамдар мен техника бөліп, Диляра есімді тұрғынның үйінің ауласының басқа жерінен жер қазып берген. Алайда дау мұнымен шешілмепті.

«Қазылған шұңқырдың төңірегін тиісінше бетондап та берді. Әкімнің орынбасары Диляра біздің үйге жақын тұрғызған әжетханасын он күннің ішінде жаңадан да­йындалған жерге көшіреді деген, бірақ  олай болмады. Бас маман Ахметов те әу баста Диляраның әжетханасын басқа жерге көшіртетінін айтып еді, бірақ ештеңе де істемеді.

Осыдан кейін аудан әкімі Пармановқа да шағымдандым, өзі келіп, жағдайды көріп кетті. Бірақ ол кісіден де осы күнге дейін жауап жоқ. Сосын мен қала әкімі Әбдірахымовқа  арыздандым», – дейді Әлжанова.

Мұнан кейін Әлжанованың көршісі әкімдіктегілерге әжетхана тұрғызатын материалдық жағдайы жоқ екенін айтыпты. Осы себепті әкімдік Рахима Әлжановаға тиісті органдарға шағымдануға құқылы екенін жеткізген.

Ал Әлжанова әкімдік қызметкерлерінің көршісі Диляраға неліктен тісі батпай жүргенін түсіне алмай отыр. Айтуынша, мемлекет қаржысынан жер қазылып, құрылыс материалдары жеткізіліп берсе де, көршісі түрлі сылтау айтып, уақыт созып жүрген көрінеді.

Әжетхана дауы үшін бірнеше ай бойы басы қатқан Рахима Әлжанова ендігі мәселе шешілмесе, сотқа шағымдануға мәжбүр болатынын айтты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау