Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 400 оқушыға арналған мектепте 1600 бала білім алуда

Шымкент қаласындағы № 69- қазақ орта мектебі оқушылардың білім алуына жасалған жағдайдан қараң қалған. 400 балаға есептелген білім ұясында оқушы саны төрт есе көп. Үш ауысыммен оқитын балалар бір партаға үш адамнан отыруға әбден үйренген. Білім ұясындағы бұл қиындықтарды жергілікті атқамінерлер жақсы біледі. Бірақ жағдайды өзгертуге қауқарсыз.

P1120315

Бұл Достық мөлтек ауданында орналасқан жалғыз мектеп. Ғимарат әу баста әскери казарма үшін салынған екен. Кейіннен жаңадан бой көтерген шағын ауданның білім ұясына айналған. Сондықтан мектептің бөлмелері тым тар. Сыныпқа сай емес. Тар сыныпқа сыйып отырудың жаңа тәсілін ойлап табуға мәжбүр болған оқушылар, енді екі партаны қосып, 5-6 баладан отыратын болған.

P1120435

Мектепте мәжіліс залы мүлдем жоқ. Мектеп директорының кабинеті де дәріс алу сыныбына айналған. Бір бөлме бұйырмаған ұстаздар қауымы дәлізде отыруға мәжбүр. Дәл осы жерде мектептің барлық іс-шаралары мен жиналыстары өтеді.

P1120299

Дәліздің өзі кішірейтіліп, бірнеше бөлме қолдан қосылған. Асхананың орнына шағын буфет. Спорт залы атымен жоқ. Күн жылы кезде дене шынықтыру пәні далада өтсе, суықта балалар бос жүреді.

Аядай ғана бөлмеде ауа жоқ. Желдеткіш орнату тек арман ғана. 20 бала зорға сиятын тар бөлмелерде отыздан аса оқушы отырады. Шатырдан аққан жаңбыр суынан мектеп қабырғалары әбден мүжіліп кеткен. Жылыту жүйесі де ескірген. Дәл осындай жан ауыртарлық жағдайда 1562 бала үш ауысыммен білім алуда.

Сабақ таңғы сағат 8-ден басталып, кешкі 7 жарымға дейін созылады. Келер ауысымның балаларына сыныпты босату үшін дәрістердің асығыс түрде өтетіні айтпаса да түсінікті. Амалсыздан балаларын осы жерге оқытатын ата-аналардың арманы бір.

«Үш балам да осында оқиды. Биыл кенжеміз дайындық сыныбына келді. Сыныптар тар. Бір партаға үш оқушыдан отырады. Жаңбыр жауса төбеден сорғалап су ағады. Жаңа жылға дайындықты да айнала алмайтын сол сыныпта өткіздік. Қалаға оқыту ыңғайсыз. Екі рет автобус ауыстырып жету керек. Бір кездері көрші ауылға автобус қатынаған еді. Кейін қайта тоқтап қалды. Жағдайымыз өте ауыр», – дейді Ләйла Аңдасова.

«Сыныптар суық. Киіммен отырады балалар. Жиі ауырамыз. Дәретхана тек далада. Қызым кішкентай. Дайындық сыныбында. Сабағы біткенше күтіп отырамын. Жаяу үйге жетудің өзі алыс. Қорқынышты да. Жаңа мектеп ауадай қажет бізге. Қаншама жылдан бері сұрап келеміз. Өзгеріс жоқ. Мұғалімдер қолдарынан келгенше жағдай жасайды. Басқа не келеді қолдарынан? Көрдіңіздер, өздері коридорда отыр»,-дейді Достық мөлтек ауданының тұрғыны Әсел Көтеева.

Мектептің қиындықтары шаш етектен. Онымен білім ұясының ұжымы әзірге өздері күресіп әлек. Соңғы үш жылдың өзінде бірнеше рет жергілікті әкімдік пен қалалық білім бөліміне шағым жазыпты. Айтуларынша, әзірге басқа мектептерге қатынауға автобус жоқ. Ең болмаса осы мәселе шешілсе де бала санын азайтуға болар еді.

«Министрдің өзі келіп көрді. Уәдесін берді. Жағдай алдағы жылы өзгереді деп үміттенеміз. 2017-жылы жаңа мектеп соғылады дейді. Соған үміттіміз. Әрине қиын. Мектеп тар. Бала сыймайды. Көрші «Асар» мөлтек ауданына барып оқуға болады. Бірақ автобус қатынамайды. Ол жағы да шешілмей тұр»,- дейді №69-мектеп директорының орынбасары Алтынай Құсайынова.

P1120300 P1120309

P1120313

P1120398 P1120416 P1120440 P1120450

P1120348 P1120378

Талқылау