Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаным қайнап тұр: Шымкент әкімі білім бөлімінің басшысын жұмыстан босатты

Бүгін Шымкент қаласының басшысы Ғабидолла Әбдірахымов жол қауіпсіздігіне қатысты шұғыл жиналыс ашып, сұсты кейіпте шенділерді үстел басына жинады.

IMG_2880

Сурет saigez.kz

Бұл туралы otyrar.kz хабарлайды.

“Мен бүгін ауруханаға барып, кешегі жол апатынан зардап шеккен балалардың жағдайымен танысып қайттым. Қаным қайнап тұр!” деп бастады сөзін қала әкімі. Тура осы сөзден соң “білім бөлімі дұрыс жұмыс жүргізіп отырған жоқ” деген әкім бірден қалалық білім бөлімінің басшысы Ынтымақ Мәдиевті қызметінен босатты.

Сондай-ақ, қала әкімі жиын барысында “жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Қуатжан Жұматаевқа және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жетекшісі Нұрлан Бектұрсыновқа қатаң сөгіс жариялады. Сонымен қатар Ғабидолла Әбдірахымов жолаушылар транспорты бөліміне жолаушы тасымалдаушылардан келісімді міндеттемені сақтауды талап етуге бұйрық берді.

“Автобустар құдды “Формула-1″ де жүргендей құйғытады” – деп кейістік білдірді.

Қала көшелеріндегі автобустардың сайысына жолаушылар да бірнеше мәрте шағым жасаған еді. Ақыры бұл жанайқай да әкім құлағына жеткен секілді. Бұл мәселені реттеуге қала әкімі бір апта уақыт беріп отыр.

Жыл басынан бері облыс орталығында 321 жол апаты орын алып, 22 адам қайтыс болған. Олардың 12-сі балалар.

Еске сала кетсек, Арғынбеков жасаған жол апаты кезінде балалар аналарының қолынан ұстап жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан. Бір күн бұрын дәл сол жолақта тоғыз жасар баланы көлік қағып кеткен еді. Ал 19 мамыр күні болған жол апаты кезінде көлік жүргізушісі аялдамада тұрған 7 бала мен 2 әйелді қағып өткен.

Білім бөлімінің оқу жылы аяқталар тұста басшысыз қалуы бірінші рет кездесіп отырған жоқ.

Талқылау