Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда ежелгі қорғандардан табылған қазыналар аспан астындағы музейге айналды

Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданында Қазақстан бойынша аналогы жоқ аспан астындағы музей таныстырылды.

20160909155605

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Келушілер 8,5 метр тереңдікке түсіп, аса құнды археологиялық қазынаны тамашалай алады. Шығыс Қазақстандағы археология саласындағы ғылыми-зерттеу өңірлік жоспары аясында патшалар мекеніндегі қорғандарды қазу жұмыстары жүргізілді. Бұл атақты мекенде ғалымдар адам сүйектері мен жеті жылқының сүйектерін тапқан. Олар б.з.д. IV ғасырға тиесілі екен.

Барлық жануарлар скиф өрнектері стилінде безендірілген. Ежелгі көшпенділер мәдениетінде өте сирек ұшырасатын қораз бейнесі де осы әшекейлерге қолданылыпты. Сондай-ақ, қорғаннан балшық құмыралар да табылды.

20160909155609

Көмілген шыны тас табыттарды келушілер жерасты шұңқырына түсіп, жақыннан көре алады. Бұл құрылыс бір жарым ай бұрын облыс әкімі Даниял Ахметовтың тапсырмасымен салынған екен. Әйнекпен қоршалған күмбез аумағы 90 шаршы метр. Ал биікті 8,5 метрге жетеді.

“Аспан астында музей тұрғызу – біздің облысымыздағы ерекше мәдени жаңалық. Және бұл оқиға еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығымен де тұспа-тұс келіп отыр. Бұл құндылықтардың сонау төртінші ғасырларға тиесілі екендігі де біздің ұлттық байлығымыз бен шежіреміздің тым тереңде екенін көрсетеді. Әркез өткенді еске алып, тарихқа үңіліп отыруымыз керек. Археолог Зейнолла Самашевқа үлкен алғыс білдіремін,” – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар нысанның таныстырылым рәсімінде.

20160909155614

Ерекше кешенмен шетелдік ғалымдар да танысып шықты. Қонақтардың бірі Санкт-Петербург мәдениет институты профессоры Николай Боковенко Қазақстандағы қазба жұмыстарына ұқсас шаруалардың Тува мен Хакасияда да жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ол осыншама қысқа уақыт ішінде мынадай ерекше музей жасау нағыз ерлік дейді.

Еске сала кетсек, ертең 10 қыркүйек күні ШҚО-да “Алтай – түрік мәдениетінің алтын бесігі”атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі. Шара барысында Шығыс Қазақстандағы ерекше археологиялық мұралар таныстырылады. Конференция жұмысына Франция, Корея, Ресей, Моңғолия, Түркия, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Польшы және Қытайдан келетін мамандар, түрколог ғалымдар мен археологтар қатыспақ.

Талқылау