Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда әз-Наурыз 10 күн тойланады

Ұлыстың ұлы күнін биыл шығысқазақстандықтар ерекше тойламақ. Наурыздың 13-інде мерекеге орай жарияланған онкүндік аясында ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған арнайы күндер белгіленіп, ай көлемінде 600-ге жуық іс-шара өтпек.

img_3010_1548

Сурет mks.gov.kz

Бұл туралы Дидар басылымы хабарлайды.

Наурыздың 13-і күні «Ырыс күні» атауымен басталған  арнайы күн «Дәстүр күні», «Жаңғыру күні», «Көктем шуағы», «Қамқорлық күні», «Жаңару күні», «Жарасым күні», «Қуаныш күні», «Шаттық күні», «Ұлыс күні» секілді мерекелік күндерге ұласпақ.

«Ырыс күнінде» жұртшылық ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін аралап, қаланың әр жерінде ұйымдастырылған түрлі  концерттік бағдарламалардың куәсі болса, «Дәстүр күні» негізінен ұлттық қолөнер бұйымдарын насихаттауға арналды.

Ал 15 наурызда өтетін «Жаңғыру күнінде» аймақ перзентханаларында салтанатты түрде туу туралы куәліктер табысталатын болса, «Көктем шуағы» күні жасөспірімдердің қатысуымен түрлі флешмобтар мен концерттер өтпек.

Ал наурыздың 17-сінде өтетін «Қамқорлық күнінде» жастар қауымы тыл, еңбек  және соғыс ардагерлерін мерекемен құттықтаса, «Жаңару күнінде» қала тұрғындары сенбілікке шығады. Сондай-ақ, «Жарасым күнінде» білім ордалары мен кітапханаларда Наурыз мерекесінің тарихын баяндайтын түрлі әдеби кештер өтетін болса, «Шаттық күнінде» ән, би байқаулары өтіп, түрлі шығармашылық қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылады.

Ал Наурызға арналған негізгі мерекелік шаралар «Ұлыс күніне» жоспарланған. Көкпар, қыз қуу, күрес сынды ұлттық ойындар да осы күні еді.

«Наурыз мерекесінің өту барысы өзге шаралардай еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр. Мерекені атап өтудегі басты мақсат – елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Жоспар бойынша ай көлемінде аймақта дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтауға және нығайтуға арналған 600-ге жуық шара өтеді», – дейді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Талқылау