Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шұрық-тесік жолдардан мезі болған жүргізушілер ойық жерлерге гүл егуге көшті

Шұрық-тесік жолдардан мезі болған жүргізушілер ойық жерлерге гүл егуге көшті. Осылайша халық биліктің назарын өздеріне аудартпақ. Аталмыш акцияны еліміздің Қарағанды мен Қызылорда облыстары қолға алды.

^9AED7C97579D77D31DA47CD18CDC3FDE08B6FDB394A4FFB8F4^pimgpsh_fullsize_distr Сурет: bnews.kz

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қызылорда қаласындағы Құлтекенов көшесінің қариялары көшедегі асфальт ойықтарына гүл екті. Тұрғындар төрт жылдан бері жолдың ойылған жерлерінен көлік өте алмай, жол апаттары жиі болатынын айтады. Сондықтан ақыры бұл жол жөндеу көрмесе, шұрық-тесік жерлерді гүл егіп жамағанымыз дұрыс деп шешіпті.

«Осы ойлы-қырлы жолға талды өзіміздің қолымызбен егіп,мынау өз жыртығымызды өзіміз жамап жатқан жағдай бар. Ал енді бұдан жөнделмесе,тал егіп осылай көркейтіп отырамыз. Әлдеріңіз келмесе», – дейді тұрғын Зайда Қоңырбаева.

Ал жолдың тауқыметін жылда тартатын Теміртаудың белсенділері жасанды гүлдерді 30-дан астам ықшам ауданы бар қаланың әр шұңқырына екті. Өйтпесе, «жергілікті билік мұңымызға құлақ асар емес», – дейді. Ал ойдым-ойдым жолдардан тозатын көліктер жөндеу орталығынан шықпайтын болыпты.

«Жолдардың сапасы нашар. Көктем шықса болды, көліктеріміз жөндеу орталығынан шықпайды. Мына жолдар жылда жөнделеді, жұмыстарға қыруар ақша бөлінеді», – дейді белсенді Яшар Багиров.

Сурет 2сурет 3

Халықтың ашық түсті гүлдерді таңдауларының да өзіндік себебі бар. Осылайша олар, жүргізушілерге ойық жерлерден абай болуды ескертеді екен. Ал жөндеуге қыруар ақша бөлінеді дейтіндей жөні бар. Өйткені, былтыр ғана жөнделген жолдарға бюджеттен 200 миллион теңге бөлініпті. Тұрғындар асфальттың араға бір жыл салып, жарамсыз күйге айналғанын жөндеулердің жаңбырлы күндері жүргізілгенімен байланыстырады.

«Жөндеулерді жүргізетін уақытты дұрыс таңдау керек. Сонда сапасы да жақсы болады, жүргізушілердің көлігі де жиі сынбайды»,- дейді белсенді Алексей Галин.

Ал жылда жолдардың сапасын қадағалаймыз деуден шаршамайтын билік өкілдері жөндеуді биыл да өткізбек. Бірақ қаланың екі көшесіндегі жұмыстар мердігер компанияның әуелгі берген үш жылдық кепілдемесі аясында жүргізіледі дейді.

«Биыл да 123 миллион теңге ақша бөлінеді, бірақ екі көшенің жөнделуіне. Жұмыстар мамыр айының 20сы күндері басталуы тиіс», – дейді Теміртау қаласы ТКШ басшысы Татьяна Акулова.

Яғни, Теміртау қаласының өзге көшелері бүгін-ертең жөнделеді дегендердің қатарында жоқ. Әзірге ол туралы шенеуніктер ләм-мим демейді. Ал жолдың ойық жерлеріне гүлдерді егуді жалғастырамыз деген халық жуық арада жаппай құзырлы органға шағымдануды көздеп отыр.

Талқылау