Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шұңқырға түсіп кеттім деген. Ақтөбеде жоғалған ер адамды таба алмай жүр

Ақтөбеде 54 жастағы Кенжебай Алдашев 9 қарашадан бері іздестірілуде. Бірақ, із-түссіз жоғалып кеткен азаматтың қайда екенін ешкім анықтай алмады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі aktobetimes.kz-ке сілтеме жасап.

«Шұңқырға түсіп кеттім» деген. Ақтөбеде жоғалған ер адамды таба алмай жүр

Ол өзі Ақтөбедегі Заречный-2 ауылында тұрады. Ал Родниковка жақта құс ұстайтын шағын фермасы бар. Сол күні ол фермада болған, сосын нан сатып алуға шығып, көршілеріне де кіріп шығыпты. Бірақ, қалың киімдерін кимей, жеңіл шығап кеткен екен. Жақындары соған қарағанда ол біреуге еріп, көлікпен кеткен деп болжайды.

Қызының айтуынша, Алдашев туған-туыстарымен таңғы сағат 5-те байланысқа шыққан. Ол бауырына хабарласып, шұңғырға түсіп кеткенін айтыпты.

«Аяғымның бәрі балшық. Бұтақтан ұстап тұрмын», – деген ер адам телефонмен сөйлескенде.

«Әкем көліктердің дүрілдегенін естіп, жақын жерден көлік шамдарын көріп тұрғанын айтқан. Содан ағайым бірден төтенше жағдайлар қызметіне телефон шалды. Құтқарушылар да әкеммен хабарласа алды. Әкем оларға бәрін түсіндірді, ал кешкі 6-дан бастап онымен байланыс үзілді. Содан бері әкемді барлық туыстар мен достары, құтқарушылар іздеп жатыр. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Геолокацияға сәйкес, бір сим-карта оны Ақжарда, ал екіншісі Ақшатта деп көрсетіп тұр»,- деп жылайды қызы Айжан.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жоғалған ер адамды «Заречный» полиция бөлімшесінің 15 қызметкері және 6655 әскери бөлімінен 36 адам іздестіруде.

Сондай-ақ, іздеуге 32 адамнан тұратын құтқарушылар мен еріктілер, кинологтар және арнайы техника жұмылдырылды. Олар барлық құмды шұңқырлар мен кәріз құбырын тексеріп, зерттеп жатыр.

Іздеудегі Алдашевтің орналасқан жері немесе ол туралы кез-келген ақпарат белгілі болса 102, (87132) 99-69-25, 99-68-02 телефондары арқылы Ақтөбе қаласы Заречный аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне және Ақтөбе ішкі істер департаментінің 98-45-44 телефонына хабарласа алады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау