Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шұбат пен түйе сүтінен қатерлі ісік тудыратын токсиндер анықталды

«Маңғыстау түйелерінің сүті мен шұбаты қатерлі ісік ауруына шалдықтырады» деген шетелдіктер пікірі мұнайлы түбек жұртын уайымдатып отыр.

image

Мыңдаған жылдардан бері дертке дауа, бойға қуат болған шұбат шынымен денсаулыққа зиян ба? Маңғыстаулық экологтар чехиялық сарапшылармен бірлесіп, шұбаттың құрамынан адам денсаулығына зиянды токсиндер анықтағанын айтады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Маңғыстау облысында үш жыл қатарынан «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы Қарағанды облыстық экологиялық музейі және Чех Республикасының «Арника» экологиялық ұйымымен бірлесіп, «Экологиялық таза технологияны ендіру» бағдарламасы бойынша зерттеулер жүргізген. Аталған ҮЕҰ жетекшісі Кирилл Осин сол бағдарламаның бір бағыты экологияның Маңғыстау облысындағы тағам өндірісіне, ет пен сүтке әсерін зерттеу болғанын жеткізді.

«Біз Маңғыстау жұрты кеңінен тұтынатын шұбат пен түйе сүтін зерттеуді қолға алдық. 2015-2016 жылдар аралығында Шетпе, Жармыш, Басқұдық, Ақтау, Құрық, Ақшұқыр, Таушық, Қызыл-төбе сынды елді мекендердегі түйе сүті мен шұбаттан сынамалар алып, зерттеуге жібердік. Зерттеуге бір ғана емес, 200-ге жуық түйеден сүт алынды. Сынама Чех республикасына жолданып, қосымша Нидерландыдағы зертханаға жіберілді. Екі зертхана қорытындысы бойынша, түйе сүті мен шұбаттан мырыш құрамының артық екені анықталды. Ол ағзаға әсер етіп, қаназдық ауруына шалдықтырады. Сонымен қатар, полихлорланған дифенилдер де табылды. Бұл элемент адам ағзасында көп жиналатын болса, қатерлі ісік ауруына шалдықтырады», – дейді Кирилл Осин.
20

Аталған зерттеуге қатысты жергілікті «Қазақстан-Ақтау» телеарнасы облыс тұрғындарынан сауалнама алған. Онда адамдардың барлығы дерлік аталған зерттеу пікірімен келіспейтінін айтады. Солардың бірі, маңғыстаулық Интернет-белсендісі Берік Дәуенов. Блогер «Эко Маңғыстау» ұйымы Маңғыстаудың экологиясы бұзылғанын айта алмай, оны түйеден көріп отырғанын және бұл себеппен емес, салдарымен күресу екенін айтты.

«Эко Маңғыстау» ҮЕҰ төрағасы Кирилл Осин шұбат онкологиялық ауруларға ұшыратады деп, «айды аспанға шығарды». Алдыңғы жылы: «Ойбай, аққуларға нан беруге болмайды, асқазаны қорытпайды екен…», деп шықты. Халық оған сенді. Енді бүгін шұбатты денсаулыққа зиян депті. Ертең етке тиіспей тұрғанда тиісті жауап беруіміз керек. «Ұлттық тағам», «ұлттық сусын» деген болады. Оны тұтынатын ұлттың, халықтың ағзасы сол асқа бейімделеді. Мәселен, «адай жылқысы» деген төзімділігімен белгілі тұқым бар. Ол –  теңіздің тұзды суын да іше беретін жалғыз жануар. Өйткені, осы шөл даланың табиғатына әбден бейімделген.

Сол сияқты қазақтың да асқазаны, ағзасы ет пен сүт өнімдерін қалап, іздеп, талап етіп тұрады. Керісінше, қазақ шұбат ішпегеннен ауырады! Чех ғалымдарына шұбат зиян екен, онда ішпесін! Ай мен Күннің аманында «күмән» мен «күдік» туғызып жүрген үкіметтік емес ұйымға үкімет тапсырыс бермесін! Қадағаласын! Бақыласын! «Эко Маңғыстау» ұйымы Маңғыстаудың экологиясы бұзылғанын айта алмай, оны түйеден көріп отыр. Бұл  себеппен емес, салдармен күресу. Маңғыстау облыстық экология және табиғи ресурстарды қорғау басқармасы мемлекеттік гранттарын «Эко Маңғыстау» ұйымына бергенімен, олардың немен айналысып жатқанын, қалай жұмыс істеп жүргенін қадағаламайтын сияқты. Немесе сол тапсырыс ақшасы арқылы олардың «ауызын жауып отыр» деп күмәндануға мәжбүрміз. К.Осин экологиялық аймақта жайылған мал өнімдері денсаулыққа зиян екенінен бұрын сол территорияларда орналасқан өндіріс орындарының экологияға қаншалықты зардабын тигізіп жатқанын зерттесін! Солармен күрессін!», – дейді Интернет-қолданушы Берік Дәуенов.

11895260_814441048676032_6392390559253355243_o

Алайда, Маңғыстау экологтары бұл мәселеге қатысты шу шығарып, даурығудың қажеті жоқ екенін айтады. Халықты зерттеу қорытындысын дұрыс түсінуге шақырады.

«Бүкіл шұбат пен түйе сүті зиян деуден аулақпыз. Аталған токсиндер адам ағзасына бірден жиналмайды. Біз бір кесе шұбат ішкеннен қатерлі ісікке ұшырамаймыз, бұл ұзақ жылдарда шығады. Токсиндері бар шұбатты 10 жыл ішсек, адам ағзасына әсер етіп, тұқым қуалауы да мүмкін. Біздің мақсатымыз – елдің назарын тамаққа емес, түйе жайылып жүрген жерлердің экологиялық аухалына көңіл аударту. Біз осы жағдайды фермерлерге, мемлекеттік органдарға түсіндіргіміз келеді. Түйелердің мұнай өндірісі ошақтарында, мұнай қалдықтары, уран өндірісі болған жерлерде, Қошқар ата сынды ластанған аумақтарда жайылып жүргенін көруге болады. Бұл жерлер қоршалмағанын ескертеміз», – дейді «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ жетекшісі Кирилл Осин.

Бұл мәселеге қатысты Республикалық Қазақ тағамтану академиясы МОФ жетекшісі Әлімжан Сағынбаев өз пікірін білдірді.

«Шұбат адам ағзасын емдемесе, зиянын тигізбейді. Жалпы шұбат атауының мұнда жазығы жоқ. Осыны ұмытпау керек. Бірақ, «Эко Маңғыстау» зерттеуі түйлердің ластанған аумақтарда жайылғанын, соның кесірінен шұбат пен сүт құрамында токсиндер бары анықталғанын айтып отыр. Мен ол зерттеумен таныс емеспін. Бірақ, айтарым, экологияның ластануы, тұщы су қорының аздығы, жайылымды жерлердің тозуы түйе сүтіне әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан, бірінші кезекте, экологиялық мәселеге тезірек көңіл аудару керек. Ал шұбатпен талай ауруды жазуға болатынын білесіздер. Сондықтан, ұлттық сусынымыз бен түйені жазғырудың қажеті жоқ. Аллергияға қарсы ем осы түйе сүті екені қазір дәлелденіп жатыр», –  деді Ә.Сағынбаев.

20160921145855 (1)

20160921145833 (1)

Жіберіп алмаңыз: 

Қазақ ақсақалы қымыз жасайтын құрылғы ойлап тапты (видео)

Германияда қымыз күні аталып өтті

Нұрлан Ноғаев: Атыраулық оқушылар жергілікті шұбат, қымызды ішулері керек

Павлодарлық студенттер қымыздан балмұздақ жасамақ

Талқылау