Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да жоқ студенттерге грант беріліп келгені анықталды

ШҚО-дағы колледжер жұмысында көптеген заңсыздық анықталды. Онда жоқ студенттерге грант беріліп келген екен, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап Stan.kz.

ШҚО-да жоқ студенттерге грант беріліп келгені анықталды

Облыстық прокуратура өңірдегі колледждердің жұмысын тексеріп, заңсыздықтарды анықтады. Белгілі болғандай, мемлекеттік тапсырыс, грант бөлу, жатақханамен қамту кезінде заңсыз әрекеттерге жол берілген. Сонымен қатар колледждердің дені оқу орнын бітірген студенттердің жұмысқа орналасқаны туралы жалған мәлімет беріп келіпті. Шын мәнісінде колледж басшылығы өз студенттерінің жұмысқа орналасуына еш ықпалы болмаған.

«Мемлекеттік тапсырыс конкурстарын өткізуде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Оқу гранттарын бөлуде де бассыздыққа жол берілген. Ал кейбір колледждер білім алушылардың санын қолдан көбейтіп, мемлекет қаржысын жымқырып отырған» – дейді ведомстводағылар.

Сонымен қатар Семей қаласындағы бизнес және сервис колледжі, Өскемен және Аягөз қалаларындағы политехникалық колледждерде басқа жақтан келіп білім алатын студенттерге жатақхана қарастырылмаған. Ал облыстық білім басқармасы осыған қармастан қосымша гранттар бөліп келген.

Сондай-ақ, Күршім ауданындағы колледжде оқытушылар аты-жөні қағазда бар, алайда өмірде жоқ 12 студентке күнделікті баға қойып, әр тоқсанның соңында емтихан «қабылдап» отырған екен. Осылайша, жалған студенттерге шәкіртақы беріліп келіп, мемлекет бюджетінен 8 миллион теңге жымқырған боп шықты.

Оған қоса оқу орнының аумағын жалға беріп, жеке табыс көзіне айналдырғаны да анықталды.

«Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің аумағынан ашылған ақылы көлік тұрағы прокуратураның ескертуінен кейін жұмысын тоқтатты», – дейді облыстық прокуратурадағылар.

Осындай жолмен жүзеге асып отырған заңсыздықтар салдарынан мемлекет бюджетіне 43 миллион теңге шығын келіпті. Қазіргі уақытта бұл соманың 36 миллион теңгесі мемлекетке қайтарылған.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау