Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да өзіне тиесілі емес несиені төлей алмаған екі әйел өзіне қол салған

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы төңірегінде шу шығып отыр. Шығыстағы шаруалар кәсібін дөңгелету үшін несие алғандарына өкініп отыр. Қарыз әлдеқашан өтеліп болса да, жауаптылар тағы төлеуің керек деп, жұртты қыспаққа алуда екен.

Соттан да әділдік таба алмай жүрміз дейді. Біреудің қарызын өтегендерден бөлек, қолына несие алмағандар да жауапқа тартылып жатыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Залға жиналғандарды мазалаған мәселе бір. Бірі бес, бірі төрт жыл бұрын ауылшаруашылығы саласындағы кәсіптерін дөңгелету үшін несие алған. Біразы борышын мерзімінен бұрын өтеп, жайбарақат жүрген. Араға уақыт салып, барлығына соттан қағаз келіпті. Онда өтеген сомадан бөлек тағы миллиондап қарыз қайтару керек делінген.

Шағымданушылардың айтқанынан түсінгеніміз осы. Айталық, бес адам топтасып несие алады. Бірақ, арасындағы екеуі төлеп, қалғаны жалтарып жүреді. Қарыз қайткенімен де қайтарылуы керек. Сонда берешек беруші ақшаны уақытылы төлеп жүргендерден талап етеді.

«Оның бәрін біз сотқа айтсақ, сот оған мән беріп отырған жоқ. Гарантияға қолдарың қойылса болды, солидарно жауап бересіңдер деп жатыр. Төлеп біткен адамдардың мойнына төлемеген адамдардың қарызын іліп жатыр. Көбі білмейді ондай гарантияны, бірінші рет, сотта көріп отырмыз. Гарантияға кезінде қол қойғанымызды. СПК “Ертістің” бар екендігін. Біз оның алдында солидарный жауапты екенімізді сотта ғана біліп жатырмыз. Түсіндірілмеген» – дейді Семей қаласының тұрғыны Алмагүл Төлеубекова.

Бағдарлама шеңберінде несиелік серіктестіктер құрылған екен. Облыс бойынша олардың саны – 100-ден асатын көрінеді. Әр серіктестікте бірнеше қожалық иесі бар. Бірі төлемесе, өзгесі өтеуі керектігін меңзеген кепілдік туралы келісімге қол қойыпты. Бірақ, шаруалар ол құжатты көрмедік деп, экспертизаға тексеруге жөнелтті қазір.

«Кепілдік туралы құжат әділет органдарында тіркелмеген. Ешқандай мерзім, сомасы көрсетілмеген. Қалай болса солай әзірленген құжат. Ол заң шеңберінде мүлде қарастырылмауы керек. Бірақ, уақытылы төлеп жүрген азаматтар дәл сол келісім бойынша тағы ақша шығындауы керек» – дейді заңгер Баян Фомелькова.

Бір қызығы, несие өтемегендердің қатарында қарыз екенін мүлде білмегендер де бар. Берешек алушылар тізіміне қосылғанын білмеген Әсия Аралованың барлық есепшоттары бұғатталған. Өзі көрмеген құжатқа сәйкес, оған 3 млн-нан астам теңге несие беріліпті. Өзге мүшелер төлемей жүргендіктен, 129 млн қайтару керек деген талап қойылғанда талып түсе жаздадым дейді.

«129 млн 624 мың теңге көлеміндегі қарызды өтеу керек деп келді. Мен оның бір тиынын да көрген жоқпын. Не істерімді білмеймін! Ешбір құжатқа қол қойған да емеспін. Әлдебір кепілдікке де мен үшін біреу қол қойыпты. Кредит таратқан серіктестік менің әпкем мен жездемнің атында екен» – дейді Семей қаласының тұрғыны Әсия Аралова.

Әсияға берілуі тиіс 3 млнның қайда кеткені мен оны тізімге кім қосқаны белгісіз күйде қалып отыр. Айтуынша, өзі сияқты жағдайдағы адамдар аз емес.

Облыс орталығы Өскеменде де ұқсас жиын. Мұндағы жағдай да мәз емес. Мәселен, «Бірлік- Зырян» деген атпен құрылған серіктестікте шарттың бассыздығына шыдамаған екі адам өзіне қол салған көрінеді. Оның төрайымы саналатын Әсия Ахметованың отбасы да, кәсібі де ойран болыпты. 3 баланың анасы әлдеқашан 3 млн теңгелік қарызын қайтарғанымен, оған тағы 57 млн берешексің деген.

«Ашу кернеп, өзіме қол салғым келді басында. Ана екі әйел сияқты бір жерден секіріп кетем бе деп ойладым. Бірақ, үш балам бар ғой деген ой тоқтатты. Солар үшін күн көруім керек. Менің бар мүлкіме шектеу қойылған қазір» – дейді «Бірлік-Зырян» несие серіктестігінің мүшесі Әсия Ахметова.

Шаруасын дөңгелетемін деп белшеден берешекке батқандар кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрай келіпті. Ондағылар Үкіметке ұсыныспен шығуға уәде берді.

«Бұл мәселе біздің арнайы реестрге тіркелді. Республикалық деңгейде қарастыратын боламыз. Біз Үкіметтен әр шаруа тек өз қарызы үшін жауапты болуы керек деп талап етеміз. Бұл бағдарламаның әуел баста көп кемшілігі болған еді» – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Жанар Асылханова.

Шарт шамына тиген шаруалар бағдарлама қолдау емес, қорлау үшін жасалды ма деп шамданады. Несие таратуға жауапты «СПК Ертіспен» хабарласып, түсінік алмақ болып едік. Басшылық дәл осы мәселемен айналысу үшін аудандарға атанып кетіпті. Ертең жауап беруге уәде берді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау