Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да дәмханаларда аспаз болған жас жігіт өзінің жеке тамақтану орындарын ашты

Кәсіпкер Әшімовтің Күршім ауылының дәл орталығынан орын тепкен ғимаратында біраз адамның тірлік жасап, нәсіп тауып жатқанынан тұрғындар хабардар.

1484623480_dscn3157-kz

Бұл туралы Дидар газеті хабарлайды.

Ал осы ғимаратта қазақ үшін таңсықтау тағам – пицца ұсынатын дәмхананың ашылғанын әзірше көп жұрт біле бермейді. Тың жаңалықты құлағымыз шалған сәтте өзіміз де таңырқап, мән-жайға жете қанығу үшін аталған дәмханаға әдейілеп бас сұққан едік.

Бізді осы кәсіпке тәуекел етіп, тың тірлікке тұңғыш қадам жасаған жас кулинар Азамат Сейілхановтың өзі қарсы алды. Меймандостық салтымен алдымызға қойған пиццасынан ауыз тиіп, коктейлінен дәм таттық. Таттық та, риясыз көңілімізбен мақтау айттық. Тағам, шынында да, мінсіз даярланған екен. Осыдан кейін Азаматтың өзін бірер ауыз сөзге тарттық.

“Күршім гимназиясынан тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң, Өскемен қаласындағы Құмаш Нұрғалиев атындағы колледжге оқуға түстім”, – дейді сөзге жоқ Азамат ұяң ғана тіл қатып. – “Осы колледждің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» факультетін тәмамдағаннан кейін, қаладағы «Регистан» дәмханасында, соңынан Тайынты маңындағы «Көктау» демалыс лагерінде аспаз болып жұмыс істедім. Әсіресе, кішкентай балалар демалатын лагерьдегі жауапкершілік аса зор болды”.

Күршімге оралған соң, осындағы «Көкжал» мейрамханасында бір жыл бойы еңбектеніп, әжептәуір тәжірибе жинақтадым. Жұмыс істеген жерімде тәлімгер болған аға-апайлардың барлығынан мақтау алып жүргенім де рас. Біртіндеп «неге жеке кәсіп ашып, бағымды сынап көрмеске?» деген ой келе бастады. Ақыры, тәуекелге бел будым. Көрші тұратын Мүбәрак ағайдың екі бөлмелі шағын дәмханасын жалға алып, осы шаруаға кірістім. Келушілер баршылық, өніміміздің дәмін татқан жұрттың пікірі жаман емес.

Сейілханов бүгінде екі жұмыс орнын ашып, осы саладан хабары бар қос бойжеткенді жұмысқа алыпты. Олар келушілерге қазірдің өзінде пиццаның 13 түрін, сонымен бірге газды су, шырын, шай, коктейль сияқты сусындар ұсынуда. Пицца бағасы 800 бен 1600 теңгенің аралығында. Ал осы 20 орындық дәмхана таңертеңгі сағат 10-нан кешкі 11.00-ге дейін ашық.

“Ешқандай несие алған жоқпын, – дейді Азамат Аманкелдіұлы. – Өзімнің еңбегіммен тапқан азын-аулақ қаражатымды пайдаланудамын. Төккен терім ақталар деген сенімім бар. Бүгінгі басты мақсатым – аянбай, бар өнерімді, білімімді жұмсап еңбек ету. Нәтижесін уақыт көрсетер.

Жіберіп алмаңыз:

ШҚО-да анасына хабарласып өзінің адасып кеткенін айтқан мүгедек жігіт сол күйі табылмаған

ШҚО-да әйел барби қуыршақтарына киім тігіп күн көріп отыр

ШҚО-да 64 келі гір тасын еркін көтеретін ақсақал үйінен спорт залын ашқан

Талқылау