Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ШҚО-да әйел он бес жыл бұрын күйеуін өлтіргенін мойындады

Он бес жыл бұрын күйеуін өлтірген әйел өз еркімен ішкі істер бөліміне келіп, қылмысын мойындады. Өмірлік серігін бақилыққа аттандырған әйел ар-ұжданының алдында азап шеккенін мәлімдеген.

vko jenwina

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының 61 жастағы тұрғыны полицияға келіп, кісі өлтіргенін мәлімдеген. Одан бір күн бұрын тәртіп сақшылары әйелдің үйіне келіп, оның он бес жыл бұрын хабар ошарсыз кетіп, сотпен ресми түрде өлді деп танылған күйеуі туралы сұрастырған, деп хабарлайды YK-news.kz. 

Риддерлік ҚІІБ тергеушісі Денис Симоновтың айтуынша, полиция қызметкерлері бұрынғы қылмыстарды ашумен айналысу барысында күдіктілердің бірі туралы білу үшін зейнеткерге жүгінген. Әйелдің күйеуі 2001 жылы із-түссіз жоғалып кетіп, төрт жылдан кейін өлді деп танылған. Полиция қызметкерлері кеткеннен кейін бірнеше сағат өте салып, әйел өзі ішкі істер бөлімшесіне келген. Кезекшіге кісі өлтіру айыбын мойындауға келгенін айтқан. Жоғалып кеткен күйеуі ауласында көмілген болып шықты. Күйеуі ішімдік ішіп, жиі соққыға жыққандықтан әйелі оны о дүниелік еткен.

Тергеу болжамы бойынша, 53 жастағы ер адам 2001 жылы 13 маусым күні кешке үйіне мас болып келген. Ол кезде жасы 46-да болған әйел ас үйде болған. Одан кейін күйеуі шу шығарып, балағат сөздер айтып, әйелін ұрып соға бастаған. Жәбірлеушіден қорғану үшін әйел қолына түскен  затты алған. “Әйел, өзінің мойындауы бойынша күйеуінің басынан жез келімен соққан. Одан ер адам одан сайын ашуға мінген. Сосын әйел ауыр жез келімен тағы екі рет күйеуінің басынан соққан. Ер адам жерге құлаған, ал әйел басқа бөлмеге кеткен”, — деді тергеуші.  Жиырма минуттан кейін ас үйге оралған әйел жұбайының өлгенін түсінген. Қорқып қалған әйел мүрдеден құтылу туралы шешім қабылдаған. Оны көрпеге орап, моншаның жанына көміп қойған. Бірнеше ай өткен соң полицияға күйеуінің  жоғалғандығы туралы арыз жазған. 2005 жылы сот арқылы күйеуінің өлгені туралы ресми куәлік алған.  Әйел кісі өлтіргенін мойындағаннан кейін,  яғни он бес жыл өткен соң, күйеуінің сүйектері айтылған жерде бір метрге жетпейтін тереңдіктен табылған.  Әйел үй қамауынан алынды. Іс тергеуі жалғасуда, әртүрлі сараптамалар жүргізілетін болады. Әйелді 1997 жылғы Қылмыстық кодекспен соттайды.

Талқылау